100 жасқа толған соғыс ардагері ҚР Президентіне алғыс білдіріп, хат жолдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жуырда 100 жылдық мерейтойын атап өткен соғыс ардагері Қайырлы Жонқабаев Жеңіс сарбаздарына көрсетіліп жатқан құрмет үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдап, батасын берді. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли қарт майдангердің хатымен Facebook-тегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен Жонқабаев Қайырлы Уатайұлы – Ұлы Отан соғысының ардагерімін. Сізге екінші рет хат жолдап отырмын. Алдыңғы хатыма өзіңізден жауап алып, риза болдым.

Мен жақында 100 жасқа келіп, ғасыр тойыма жеттім.

Менің Сізге деген алғысым шексіз. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Сіздің менің ғасыр тойыма арнап жолдаған құттықтауыңызды жеткізді, сән-салтанатпен табыс етті.

Одан соң Алматыда тұрып жатқан үйімнің ауласына Ұлттық ұлан сарбаздары құттықтап келіп, әскери оркестр ойнап, ерекше ілтипат, құрмет көрсетті. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан сый-сияпат берді. «Ғасыр жасаған панфиловшы» деп БАҚ жарыса жариялады. Маған көрсеткен осындай құрметтеріңізге қарт майдангердің атынан үлкен алғысымды білдіріп, ақ батамды беремін.

Осылай, Жеңіс сарбаздарына көрсетіп жатқан құрметіңіз, соғыстан қайтпаған, майдан даласында және кейін қаза болған боздақтардың рухына тағзым ету деп түсінемін. Олардың аруақтары разы болғай!

Еліміз үшін атқарып жатқан оң істеріңіз табысты болсын. Сіз басқарып отырған Қазақ елі гүлдене берсін!», - деп жазды Алматы қаласының тұрғыны, қарт майдангер Қ.Жонқабаев өз хатында.



Еске салсақ, 10 қыркүйек күні Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының Қайырлы Жонқабаевты жүз жылдық мерейтойымен құттықтаған хатын жеткізіп, «Еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.

Қ.Тоқаевтың құттықтауында Қ.Жонқабаев сұрапыл жылдары Ұлы Отан соғысына аттанып, Кеңес Одағының батыры Иван Панфилов басқарған әйгілі 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болғаны, Мәскеуді қорғаудан басталған майдан жорығында Беларусь, Польша, Эстония жерлерін жаудан азат етуге қатысып, Ржевтегі қанды ұрыста ерен ерліктің үлгісін көрсеткені атап өтілген.

«Батырлықтың белгісіндей болып «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері және «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдары кеудеңізде жарқырап тұр.

Бейбіт кезеңде еселі еңбек етіп, елімізді өркендетуге мол үлес қостыңыз. Ғасырлық ғұмырыңызда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына да куә болып отырсыз. «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген. Әрдайым өскелең ұрпаққа ақыл-кеңесіңізді айтып, тағылым беру өмірлік қағидатыңызға айналды.

100 жылдық торқалы тойыңызға орай Сізге зор денсаулық және әулетіңізге амандық пен құт-береке тілеймін», - деген Мемлекет басшысы өз хатында.

1941 жылы соғысқа аттанған Қ.Жонқабаев небәрі 20 жаста болған. Бүгінде қарт жауынгер 5 баладан 7 немере, 14 шөбере сүйіп отыр.



Соңғы жаңалықтар