1000 мектепте бейіндік сыныптар ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бүкіл өңірлерде «Жаңа кәсіптер атласы» әзірленетінін айтты.

Ғани Бейсенбаев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

- Жоспар аясында елімізде кәсіптік бағдар берудің жаңа тұжырымдамасы іске қосылады. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі дамыту үшін аймақтардағы кадрға қажеттілік ескеріле отырып, барлық өңірлерде «Жаңа кәсіптер атласы» әзірленеді.

Кәсіптік бағдар берудің жаңа тәсілдері оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді, - деді ол.

Ғани Бейсембаев мектептерде кәсіби бағдарлау қызметі күшейтілетінін мәлім етті.

- Осы арқылы оқушылар толығымен кәсіби диагностикамен қамтылады. Кәсіпорындар колледждермен бірлесіп 1000 мектепте бейіндік сыныптар ашады.

Жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізіледі, - деді министр.

Бұған дейін Президент Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланғаны еді.