101 күндік күрес: Алматылық дәрігерлер 900 грамм болып туған нәрестені аман алып қалды
АЛМАТЫ.KAZINFORM - Алматыдағы №2 қалалық перинаталдық орталықтың медицина мамандары шақалақты аман алып қалды. Нәресте жансақтау бөлімінде 75 күн, өкпені жасанды желдету аппаратында 56 тәулік, СИПАП терапиясында 15 күн жатты.
№2 қалалық перинаталдық орталықтың мәлімдеуінше, жүкті әйел ауыр преэклампсия жағдайында шұғыл түрде орталыққа жеткізілді. Ана мен баланың өмірін сақтап қалу мақсатында дәрігерлер дереу кесарь тілігі отасын жасады.
Қыз бала жүктіліктің 31-аптасында, құрсақішілік дамуының тежелуімен дүниеге келді. Салмағы 990 грамм, бойы 31 сантиметр болды.
Сәби өмірге келген алғашқы минуттан бастап қарқынды емді қажет етті. Ол 75 күн бойы жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінде жатты. Оның 56 тәулігін өкпені жасанды желдету аппаратында, 15 күнін СИПАП терапиясында өткізді.
- Нәрестенің кеуде қуысына сұйықтық жиналып, неонаталдық хирургпен бірлесіп қосымша ем жүргізуге тура келді. Сонымен қатар қыз бала бронхөкпе дисплазиясына байланысты ем қабылдады. Дәрігерлер мен медбикелер сәбидің өмірін сақтап қалу үшін тәулік бойы күресті. Медицина мамандарының кәсібилігі мен үйлесімді жұмысының арқасында оның жағдайы біртіндеп жақсарды, - делінген хабарламада.
Өмірінің 101-күні сәбидің салмағы 2523 грамға жетті. Енді анасы мен қызы көптен күткен үйге шығуға дайындалып жатыр.
Ана орталық басшылығына, дәрігерлерге, мейіргерлерге және барлық медицина қызметкерлеріне олардың өмірін сақтап қалғаны, көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Еске салайық, алматылық дәрігерлер салмағы 1500 грамнан төмен 75 сәбидің өмірін сақтап қалғанын жазғанбыз.