«101» қызметі: Маңғыстау облысында өрттен 8 адам құтқарылды

Өрт және оның тұтану оқиғалары облыстың барлық дерлік аудандарында тіркелді. Мәселен, 12 ақпан күні Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында электр желісінің қысқа тұйықталуынан «Шетпе-тас» ЖШС-нің моншасы өртенді. Зардап шеккендер жоқ, өрттің себебі мен шығынын кезекші тергеуші анықтауда. Сондай-ақ 13 ақпан күні Мұнайлы ауданының Маңғыстау стансысында «Мазда-626» көлігі толық жанып кетті.
«14 ақпан күні Ақтау қаласының 12-ші шағынауданында үш бөлмелі пәтердің балконы, ас даярлау және қонақ күту бөлмелері өртенді. Жалын 25 шаршы метрден астам аумақты шарпыды. Өртке оранған пәтерден екі бала және алты ересек адам құтқарылды. Сол сияқты 14 ақпанда екі монша өртенді: біреуі Түпқараған ауданының Баутино кентінде және екіншісі - Мұнайлы ауданының Маңғыстау-3 ауылында», - деп атап өтті облыстық ТЖД «Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары қызметі» ММ-нің бас маманы Рукья Сычева.