1049 астаналық мемлекеттік білім грантының иегерлері атанды

Жалпы, 2015 жылы 32 168 грант бөлінген: 2500 орын жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне бөлінген және 29 668 грант бірінші курсқа қабылдауға арналған. Күндізгі бөлімде оқуға арналған грант - 29 168, сырттай оқуға - 500. Білім грантын тағайындау құқығына 60 жоғары оқу орны ие болды.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметтеріне сәйкес, Астана бойынша білім грантына 2782 өтініш берілген. Олардың ішінде мемлекеттік грантқа 1049 түлек ие болды. Қазақ тілінде - 670, орыс тілінде - 379 адам, деп жазады astana.kz .
Атап өтейік, Астанада ҰБТ тапсырған түлектер саны 3398. Олардың ішінде 1885-і қазақ тілінде, 1513-і - орыс тілінде тест тапсырды.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің композитті индексі бойынша 2015 жылы Астана Қазақстанның аймақтары арасында бірінші орында.
ҚР Білім министрлігінің хабарлауынша, қатысу коэфициенті бойынша елорда басқа қалалардың ішінде көшбасшы болып, ең жоғарғы көрсеткіш - 81 балл жинады.