11 ақпан. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 11 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

30 маусым. Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық ғылымдағы әйелдер мен қыздар күні

БҰҰ шешімімен 2016 жылдың 11 ақпанынан бастап Халықаралық Ғылымдағы әйелдер мен қыздар күні (International Day of Women and Girls in Science) ретінде атап өтіледі. Басты мақсаты — ғылым мен білім саласындағы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту.

Дүниежүзілік науқастар күні

Алғаш рет 1993 жылы атап өтілді. Бұл ерекше күнді белгілеу бастамасы Рим папасы Иоанн Павел Екіншіге тиесілі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Мәскеуде Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративті Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы ноталар алмасу рәсімі өтті.

1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Кеңес Одағының Маршалы И.С Конев атындағы Алматыдағы жоғары әскери училищесі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери академиясы болып өзгертілді.

2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих факультетінде академик Манаш Қозыбаев атындағы дәрісхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. М.Қозыбаев (1931-2002) — сан ғасырлық мұрағат құжаттарын көп зерттеп, Кеңес заманында бұрмаланып келген қазақ тарихын дамытуға елеулі үлес қосқан ғалым. Ол саяси қуғын-сүргін кезінде құрбан болған қазақ зиялыларын ақтау туралы бірінші болып мәселе көтеріп, Парламенттегі ақтау комиссиясын басқарды. Көрнекті ғалымның мыңнан астам зерттеу еңбектерінің біразы Қытай, АҚШ, Түркия, Корея, Иран елдерінде аударылып, кітап болып шықты. ҚР Үкіметінің қаулысымен еліміздегі бірқатар білім ордаларына ғалымның есімі берілді.

2009 жылы «Самұрық-Қазына»Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ құрылымында республикалық бюджет есебінен медициналық техникаларды сатып алуды ұйымдастыратын «СҚ-Фармация» компаниясы құрылды.

2011 жылы қазақстандық БАҚ саласында Үйлестіру кеңесі құрылды. Ол қоғамдық қатынастар мен БАҚ заңнамасын жетілдірумен айналысады, БАҚ үшін сараптамалық-ұсынымдық ұсыныстар мен тұжырымдар әзірлейді, ұлттық ақпараттық кеңістіктің жай-күйін зерттейді.

2015 жылы Алматыда бастапқы медициналық-санитарлық көмек бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемдегі алғашқы кеңсесі салтанатты түрде ашылды.

2016 жылы Қазақстанда баланың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру және БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы Конвенциясына қатысушы ретінде Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындау мақсатында Қазақстандағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен институты құрылды. Оның негізгі мақсаты — балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен бірлесіп, олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру.

2016 жылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шығатын «Орталық Азия өнертану журналының» алғашқы нөмірі жарыққа шықты. Басылым Қазақстанға ғана емес, ТМД және шет елдерге таралады. Журналдың негізгі мақсаты — өнер саласындағы қазақстандық ғалымдарды еуропалық деңгейге шығару, олардың жұмыстарына сілтеме санын көбейтіп, рейтингтерін арттыру.

2016 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Еуропалық Университеттер Қауымдастығының (EUA) мүшесі болды. Бұл — халықаралық білім беру кеңістігіне кірігудің жаңа әрі маңызды қадамы. «Еуропаға жол» университеттерге халықаралық конференцияларға, тренингтік семинарларға қатысу үшін қосымша мүмкіндіктер, түрлі қызметтерді алуға көмек береді.

2017 жылы Қазақстанда «Тұмар» Ұлттық телевизиялық сыйлығы тағайындалды. «Тұмар» Ұлттық телевизиялық сыйлығын ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі еліміздің ең сапалы және өзекті өнімін анықтау арқылы қазақстандық сапалы телевидениені дамыту, ілгері жылжыту, телевизиялық өнім жасаушы талантты кәсіби мамандарды қолдау мақсатында бекіткен еді.

2020 жылы Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының конституциялық негіздерінің қалыптасуы мен дамуына, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарын көтермелеу мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын атап өту құрметіне «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалі тағайындалды. Мерекелік медальмен Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етуге, елдің тәуелсіздігін, Қазақстан қоғамындағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, конституционализмнің идеялары мен принциптерін қалыптастыру мен дамытуға елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары және шетел азаматтары марапатталды.

2021 жылы Қазақстанда кітап оқудың мәртебесін, оқырман белсенділігін арттыру, кітап оқудың жоғары мәдениетін қалыптастыру, балалар мен жастар арасында кітап оқу сауаттылығын дамыту мақсатында «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жарияланды.

2021 жылы Дир-Вэллиде (АҚШ) фристайл-могулдан FIS Open халықаралық турнирі өтті. Юлия Галышева әйелдер арасындағы бәсекеде үздік нәтиже көрсетіп, жарыстың алтын медалін жеңіп алды.

2022 жылы Татарстан Президенті Рустам Минниханов Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, екі халық арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «Дуслык» орденімен марапаттады.

2023 жылы Астанада жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Х Азия чемпионаты басталды. Астанаға 31 елден 360 спортшы келді. Қазақстан атынан 24 спорт түрінен 69 спортшы қатысты. Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар екі жүлдеге ие болды. 3000 метрге жүгіруден Каролин Чепкоеч Кипкируиге тең келер ешкім болмады, 60 метрге жүгіруден Ольга Сафронова күміс медальді иеленді.

Соңғы жаңалықтар