11 айда 16,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің 19 өңірінде құрылыс жұмыстарының өсімі байқалды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

«Наурыз» бағдарламасы: Қазақстандықтарға қолжетімді тұрғын үй
Фото: Отбасы банк

Министрдің дерегінше, биыл 11 айда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 5,9 пайызға өсті. Өсім 17 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсім Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды. Өндірістің төмендеуі Шығыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау облыстарында тіркелді.

- Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу көлік жасау өндірісінің 11,6 пайызға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 15,2 және электр жабдықтарын жасаудың 16,7 пайызға өсімі есебінен қамтамасыз етілді. Тамақ өнімдерін өндіру – 8,7, сусындар өндіру – 9,2, химия өнеркәсібі – 8,1, мұнай өңдеу өнімдері – 6,5, металл бұйымдары – 12,8, құрылыс материалдары 7,1 пайызға ұлғайды. Салалардағы инвестициялар мен өндіріс өсуінің негізгі факторларының бірі - «Бәйтерек» холдингі тарапынан басым бағыттарды қаржылық қолдаумен қамтамасыз ету, - деді ол.

Серік Жұманғаринның айтуынша, осы жылдың 11 айында холдинг желісі бойынша басым салаларды қаржыландыру көлемі 8 трлн теңгеден асты.

- Тау-кен өнеркәсібі 9,7 пайызға ұлғайып, әлі де жоғары өсу қарқынын сақтап отыр. Бұл мұнай өндірудің - 14,1, табиғи газ өндірудің - 16,7 және көмір өндірудің 9,7 пайыз артуымен байланысты. Бұл ретте металл кендерін өндіру 0,6 пайызға қысқарды, - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, құрылыста өсу қарқыны баяулады. Құрылыс жұмыстары көлемінің өсімі 14,7 пайызды құрады.

- Құрылыстың өсімі 19 өңірде тіркелді. Бұл ретте ең жоғары өсу Алматы, Астана қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында байқалды. Атырау облысында құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеді. 16,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,9 пайызға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Жетісу, Қарағанды, Алматы, Қызылорда және Ұлытау облыстарында байқалады, - деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, Үкімет елдің 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын қарап жатыр.

Соңғы жаңалықтар