11 айда балық өнімдерінің нарығы 76,8 мың тоннаға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы балық өнімдері нарығының көлемі 76,8 мың тоннаға жетіп, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ға өсті. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі мәлім етті.

11 айда балық өнімдерінің нарығы 76,8 мың тоннаға жетті
Фото: ҚР АШМ

Биыл 38,5 мың тонна балық ауланып, 20,9 мың тонна тауарлық балық өсірілді. Аулану көлемінің 10%-ды, ал аквашаруашылық бойынша өсім көлемі 22%-ды құрап, саланың қарқынды дамуын көрсетіп отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда халықаралық және республикалық маңызы бар 20 су айдыны бар, олар 366 балық шаруашылығы учаскесіне бөлінген.

11 айда балық өнімдерінің нарығы 76,8 мың тоннаға жетті
Фото: ҚР АШМ

— Балықты өңдеумен жылдық өндірістік қуаты шамамен 120 мың тоннаны құрайтын 72 кәсіпорын айналысады. Оның ішінде 20 кәсіпорын Еуропалық одақ елдеріне өнім экспорттауға құқылы. Қазақстандық балық өнімдері Германия, Нидерланды, Ресей және Қытайды қоса алғанда, әлемнің 21 еліне жеткізіледі. 2025 жылдың 11 айында шамамен 59,4 мың тонна дайын балық өнімі өндірілді. Өңдеу көлемін одан әрі арттыру үшін қосылған құн салығын 70%-ға төмендету, жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеу сияқты мемлекеттік қолдау шаралары көзделген, — делінген хабарламада.

Биоалуантүрлілікті сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылы Каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында аумағы 108,6 мың гектарды құрайтын «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Сондай-ақ Атырау бекіре балық өсіру зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, бұл бекіре тұқымдас балық шабақтарын шығару көлемін жылына 5 миллионнан 7,5 миллионға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

11 айда балық өнімдерінің нарығы 76,8 мың тоннаға жетті
Фото: ҚР АШМ

Саладағы инвестициялық белсенділік те оң көрсеткіш көрсетіп отыр. 2021–2024 жылдар аралығында аквашаруашылық саласында жалпы сомасы 21,4 млрд теңгені құрайтын 87 жоба іске асырылды. 2025 жылдың 11 айында балық шаруашылығын дамытуға 4,6 млрд теңге инвестиция салынды.

2025 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында бағалы балық түрлерінің 21,92 миллион шабақ өсіріліп, су айдындарына жіберілді. Мемлекеттік балық питомниктерін жаңғырту нәтижесінде олардың өндірістік қуатын жылына 18,4 миллионнан 80,5 миллионға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

— Қабылданып жатқан шаралар кешені Қазақстанның балық шаруашылығы белсенді әрі тұрақты даму кезеңіне өткенін айқын көрсетеді. Мемлекеттік қолдаудың күшеюі, саланы цифрландыру, инвестициялардың тартылуы және инфрақұрылымды жаңғырту өндіріс пен өңдеуді арттыруға, су экожүйелерін сақтауға және халықты сапалы балық өнімдерімен қамтамасыз етуге берік негіз қалыптастырады, — делінген ведомство хабарлмасында.

Балық шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі салаларының бірі және экономикалық өсімнің, жұмыспен қамтудың әрі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды сала. 2021–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті балық өсіру көлемін арттыруға, ішкі тұтынуды ұлғайтуға және су биоресурстарының табиғи популяцияларын қалпына келтіруге бағытталған кешенді шараларды іске асырып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстауда Орталық Азиядағы алғашқы теңіз аквашаруашылық жобасы басталды.

Соңғы жаңалықтар