11 қаңтар. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 11 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Бүкіләлемдік «Рахмет» күні
11 қаңтар – жылдың ең «әдепті» күні. Ол бүкіләлемдік рахмет күні ретінде аталып өтеді. БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның бастамасымен пайда болған атаулы күннің өзіндік мағынасы мол, өйткені бұл күнді азаматтығына, ұлтына, діни сеніміне қарамастан бүкіл әлем болып атап өте алады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2006 жылы «Ақорда» резиденциясында «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні ретінде алғаш рет орындалды.
2011 жылы режиссер Болат Шәріповтің қазақтың тұңғыш кәсіби дипломаты Нәзір Төреқұловқа арналған «Өкілетті елші» деректі фильмі түсірілді. Нәзір Төреқұлов КСРО-ның мұсылман әлемі елдеріндегі алғашқы елшісі болды.
2013 жылы Астана циркінің гимнасшылары Дария Әбдіхасова мен Дана Рыспекова халық арасында «Цирктегі Оскар» деп аталатын сыйлық – «Алтын клоун» фестивалінің гран-приін жеңіп алды. Голландияның Енхед қаласында өткен фестивальда қыздар әлемнің үздік цирк әртістерінің арасынан топ жарды.
2013 жылы Қазақстан жас кинематографистерінің қатысуымен «ABAI 45» аудиокітабы шығарылды. Бұл – Абайдың «Қара сөздерінің» орыс тіліндегі аудионұсқасы.
2016 жылы ҚР Қарулы Күштерінде жаңа қызмет – гидрометеорологиялық қызмет пайда болды. Гидрометеоролог әскери қызметшілер Қарулы күштердің гидрометеорологиялық бөлімшелерінің жасақталуын бақылайды, метеорологиялық мәліметті жинайды, талдайды және әскерлерге таратады. Авиациялық оқиғаларды, теңізде жүзу және кеме қатынасының қақтығыстары мен қауіпсіздігін тергеп-тексеруге қатысады, сондай-ақ ҚР ҚК-нің гидрометеорологиялық бөлімшелерінде ғылыми-әдістемелік және өнертапқыш жұмысты жүргізеді.
2017 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы жетекшілік ететін билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына ҚР Парламентінің, Үкіметінің, Жоғарғы соттың, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ заң және ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері кірді.
2017 жылы Қазақстан маусымдық тұмауға қарсы екпе жасап шығарды.
2017 жылы Шығыс Қазақстан облысынан шыққан шахматшы Александр Кочергин жүз торкөзді шахматты ойлап тапты. Ол ойынға жаңа фигураларды: ханзада мен ханшаны енгізіп, ойын ережесін күрделі ете түсті.
2019 жылы Жансая Әбдімәлік шахматтың барлық түрінен 20 жасқа дейінгілер арасында әлем рейтингінде көш бастады. Қазақстандық шахматшы классикадағы ЭЛО, рапид және блиц бойынша алдыңғы орында.
Бұған дейін бір де бір қазақстандық шахматшы бір уақытта ойынның үш түрінен әлемдік рейтингті бағындыра алмаған.
2025 жылы абайтанушы және филолог Мекемтас Мырзахметұлы 94 жасында қайтыс болды. Мекемтас Мырзахметұлы – белгілі тұлға, әдебиеттанушы , филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты. Ғылыми еңбектері абайтану, филология, мұхтартану, ясауитану және Абай поэзиясына арналған танымал қазақ ғалымы өмір бойы қазақтың ұлы тұлғаларының мұрасын жинаумен айналысты.