11 қаңтардан бастап көрермендер «Қазақстан дауысы» жеңімпазын анықтай алады
Осы кезеңнен бастап қазақстандықтар тікелей эфирде смспен дауыс беру арқылы жобаның жеңімпазын анықтауға мүмкіндік алады.
Ал әзірше "Шайқас" кезеңі шарықтау шегіне жетіп қалды. Алдағы жексенбіде «Қазақстан» телеарнасында кезеңнің соңғы саны эфирге шығады.
Естеріңізде болса, алғаш болып сахнаға көтерілген Ернұр Қабылдаев мен Нұрсұлтан Есенқұлдың үздігін таңдау Мадинаға қиын болды. Кеңесшісі Гауһардың көмегімен тәлімгер Ернұрды жобада қалдырды. Сондай-ақ Мадинаның тобындағы екінші жұп Азамат Жұмағалиев пен Сана Мұқанованың арасынан Сана үздік шықты.
Ал тәлімгер Нұрланның тобынан Әділхан Макин мен Нұрман Арыстанов, Ербота Ұзақбаев пен Дәстүр Асылхан өнер көрсетті. Былтыр алғашқы маусымдағы үміткер Әділхан Макин бұл жолы тағы да сүрінді. Ал қарсыласынан жеңілген Дәстүр Асылханды Алмас Кішкенбаев өз тобына қосып алды.
Медеу Арынбаевтың тобынан Жандос Райымбеков пен Фариза Жоламанова келесі кезеңге өтті. Ал олардың қарсыластары Сағын Түсіпов пен Зарина Әмірханованың жолы болмады.
Алмас Кішкенбаевтың тобынан бір ғана жұп - Әсем Махамбетова мен Айнұр Әбдиева өнер көрсетті. Нәтижесінде Алмас Айнұр Әбдиеваға сенім артты .
"Қазақстан дауысының" екінші кезеңі үміткерлердің бағын сынап, тәлімгерлердің жүйкесін жұқартты. Олар "Көрмей тыңдау" кезеңінде таңдаған әншілерін өз қалауымен жобадан шығарып жатыр - шарт солай. Себебі, тек таңдаулылар ғана ақтық сынға жол тартады.
Ұйымдастырушылардың берген мәліметіне сәйкес, көршілес Өзбекстаннан келген жас әнші Шахло Ахметова Александр Зацепиннің « Ищу тебя» әнін Абылай Әбдірайымовпен бірге орындап шықты. Медеу Арынбаевтың жасаған таңдауына сәйкес, Шахло «Шайқас» кезеңінен өтіп, соңғы 3 кезеңге жолдама алды.
Бұл жоба The Voice of Holland (Нидерланды) немесе «Голос» түпнұсқалық форматының қазақстандық нұсқасы 2013 жылдың жазында басталды. «Қазақстан дауысы» жобасының алғашқы маусымының жеңімпазы - Қостанай облысының тумасы 27 жастағы Шахаризат Сейдахмет. Орындаушының тәлімгері - Нұрлан Албан. Байқау жеңімпазы әлемге әйгілі «Universal» дыбыс жазу студиясымен бір жылға келісімшартқа отыру мүмкіндігіне қол жеткізіп, 5 миллион теңге қаржылай сыйақыға ие болды.
«Қазақстан дауысы» 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - барлық қатысушыларды тыңдау арқылы әділқазылардың әрқайсысы төрт топ құрады. Екінші кезеңде әр түрлі топтардың мүшелерінен құралған жұптық сайыс өткізіледі. Үшінші кезеңде жеңімпаздарды халық SMS-дауыс беру арқылы анықтайтын болады.