11 қараша. Жылнама

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

Kazinform оқырман назарына 11 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда энергия үнемдеу күні

Бұл маңызды дата Қазақстанда 2019 жылдың 28 наурызында Үкіметтің «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына енгізілген өзгерістерге орай шығарған қаулысына сәйкес пайда болды. Аталған заңға «11 қараша – Энергия үнемдеу күні» деген тармақша қосылған болатын.

Қазақстандағы энергия үнемдеу күнінің негізгі міндеті – қоғамның, биліктің назарын энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануға аудару, энергияның жаңартылатын балама көздерін дамыту.

Дүниежүзілік шопинг күні

Бұл мереке 2009 жылы пайда болды. Ол күні қытайлық «Alibaba Group» интернет-алаңы өз ресурстарында (AliExpress.com интернет-дүкенінде) тауарларға 50% жеңілдік жасап, «Дүниежүзілік шопинг күні» деген маркетингтік науқан жүргізген болатын.

Халықаралық энергия үнемдеу күні

Бұл мереке 2008 жылғы сәуірде Қазақстанда SPARE халықаралық үйлестірушілер мәжілісінде қабылданды. 2008 жылғы қарашада әлем халқы алғашқы Энергия үнемдеу күнін атап өтті.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1996 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты құрылды.

2006 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында көрнекті энциклопедияшы ғалым, ағартушы және әдебиетші Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесі ашылды. Кешенді кесене сары алтын түсті кірпіштен тұрғызылған, кесененің өзіне 73 баспалдақпен көтеріледі - Мәшһүр Жүсіп осынша жыл өмір сүрген. Ғимараттың ішінде мұсылман діни ұстанымдары негізінде екі бөлме - зиратхана мен гүрхана бар. Біріншісі намаз оқып, келушілердің еркін әңгімелесуіне арналса, гүрханада сандықтас орналасқан. Ол қордайлық граниттен көне түркілік үлгіде, адам өмірінің кезеңдеріне сәйкес, үш деңгейде жасалған. Алтынмен апталған кіреберіс есікті көркем өрнектеп, әсем әшекейлеген ең үздік қазақстандық зергерлердің бірі – Қырым Алтынбеков. 14 метрлік екі күмбезге Алланың 99 аты жазылған. Көрікті кешеннің авторлары – Бек Ыбыраев пен Сәдуақас Ағытаев.

2010 жылы Ұлттық Банк VII Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің өтініші бойынша үш түрлі бірегей монеталарды шығарды: номиналы 5000 теңге болатын 225 дана күміс монета, номиналы 100 теңгелік 899 дана 999 алтын монета және номиналы 500 теңгелік 13 мың күміс монета.

2011 жылы Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті саябағында «Қазақстан» монументалдық-скульптуралық композициясы ашылды. Оның дәл ортасына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні орнатылған. Ел жетістігін бейнелейтін композиция қола, гранит, мәрмәр тастарынан қыран құстың қанаты сұлбасында жасалған. Монументтің авторы – мүсінші Шоқан Төлеш.

2014 жылы Қазақстан, Ресей және Украина бірлесіп түсірген қазақтың батыр ұлы Қасым Қайсенов жайлы 4 сериялы көркем фильм халықаралық деңгейдегі зор марапатқа ие болды. Фильм Ресейдің бас наградаларының бірі «Почетный орден Кузбасса» орденімен марапатталды. Туындыдағы басты рөлді Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актеры Қуандық Қыстықбаев сомдады.

2015 жылы «Қазақ хандығының 550 жылдығы» атты 10 бөлімнен тұратын деректі фильмнің түсірілімі аяқталды. Деректі фильмге еліміздің және шетелдің бетке ұстар ғалымдары, ақындар, режиссерлер атсалысқан. Фильмнің алғашқы бөлімі қыпшақ және армян мәдениеттерінің өзара тығыз қарым-қатынасының тарихына арналған. Фильм 1465 жылы Қазақ хандығының құрылуынан бастап Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі қазақ халқы шежіресіндегі айшықты кезеңдер туралы баяндайды.

2015 жылы елордада Еуразиялық ықпалдастықтың негізгі мәселелеріне арналған Астана клубының I отырысы өтті. Астана клубының алғашқы отырысында АҚШ, Ресей, Еуропалық Кеңес, Қытай, Түркия, Иран және өзге де елдерден 50-ден астам экономика, саясат, халықаралық қатынастар саласындағы жетекші сарапшылар бас қосты.

2018 жылы «Филоксения» туристік көрмесі аясында Грекияның Салоники қаласында «Қазақстанға саяхат» стенді ашылды. Қазақстан туралы баяндайтын экспозиция Жерорта теңізі аймағындағы осындай ірі көрмеге алғаш рет қойылды.

2019 жылы Афина қаласындағы (Грекия) Эпиграфиялық музейінде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашыды. Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру.

2021 жылы 81 жастағы велошабандоз Кеңесбек Сейдімбек 65 жыл саяхатында өзіне серік болған велосипедін Түркістан облысындағы спорт мұражайына сыйға тартты. Қария бұған дейін Өзбекстан, Ауғанстан, Ресей, Сауд Арабиясына велосипедпен жетіп, Мекке мен Мединада болған.

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде түркі мемлекеттері ұйымының рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Айтуынша, Қазақстан – түркі әлемінің бесігі, сондықтан біздің еліміз Түркі мемлекеттерінің ұйымы аясында жан-жақты өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән береді. Қазақстан басшысы түркі елдерінің өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар бастама көтерді.

2023 жылы Қостанайда KIA автокөліктерін шығаратын толық циклді зауыттың құрылысы басталды. Жұмыстың ресми ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Осындай ірі өнеркәсіптік нысанның құрылысының басталуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен оңтүстіккореялық компания басшылығы арасындағы келісімдердің нәтижесі болды.

2023 жылы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде каратэден 1-ші ашық Азия чемпионаты өтті. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 8 алтын, 8 күміс және 14 қола медаль жинап, 1-ші орынды иеленді. Татами қожайындары командалық есепте Иран құрамасынан алда болды (3 алтын, 2 күміс және 3 қола). Үздік үштікті жоғары стандарттағы екі медальмен Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері түйіндеді.

2023 жылы Брайтон қаласында (Англия) өткен бокс кешінде Сұлтан Зауырбек пен аргентиналық Серхио Мартин Соса арасындағы жекпе-жек қазақстандық боксшының жеңісімен аяқталды. Жеңіліс көрмеген қазақ боксшысы Сұлтан Зәуірбек алтыншы раундта аргентиналық боксшыны техникалық нокаутпен жеңді.

Соңғы жаңалықтар
telegram