11 қарашада еліміздегі қандай жолдар жабық
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы қолайсыз ауа райына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардағы қазіргі қозғалыс шектеулері мен жылдамдық режиміндегі өзгерістер туралы хабарлады.
2025 жылғы 11 қараша сағат 08:00–дегі жағдай бойынша Қызылорда облысында қолайсыз ауа райына байланысты түнгі уақытта енгізілген уақытша шектеулер алынып тасталды. Республикалық маңызы бар «РФ шекарасы — Мәртөк — Ақтөбе — Қарабұтақ — Қызылорда — Шымкент — Тараз — Қордай — Алматы — Қорғас — ҚХР шекарасы» автожолының 1699-1912-шақырымында (Жалағаш — Байгеқұм ауылдары аралығы) қозғалыс қайта ашылды.
Дегенмен ауа райының нашарлауына байланысты Шығыс Қазақстан облысында 5 қарашадан бастап тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы — Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады.
Бұл шара таулы жерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып, қыс маусымы аяқталғанға дейін күшінде болады.
Сондай-ақ кейбір жолдарда қолайсыз ауа райына байланысты жылдамдық режиміне шектеулер енгізілді.
Қарағанды облысы:
• 2025 жылғы 8 қарашадан бастап республикалық маңызы бар «KAZ 01 Астана — Қарағанды — Алматы» автожолының 92-164-шақырымында (Анар стансасынан Теміртау қаласына дейінгі аралықта) барлық көлік түріне жылдамдық шектеуі 110-нан 60 шақ/сағ-қа дейін азайтылды.
Ақмола облысы:
• 8 қарашадан бастап «Астана — Қарағанды — Алматы» автожолының 30-92-шақырымында (Жібек жолы кенті — Анар стансасы) жылдамдық шектеуі 110-нан 60 шақ/сағ-қа дейін төмендетілді;
• 7 қарашадан бастап «Астана — Көкшетау — Петропавл — РФ шекарасы» автожолының 19-231-шақырымында (Астана — Щучинск қалалары аралығы) барлық көлік түріне жылдамдық шектеуі 110-нан 80 шақ/сағ-қа дейін азайтылды.
Ауа райы
2025 жылғы 11 қарашада Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау және Павлодар облыстарында қар аралас жаңбыр мен қар жауады.
Сол себепті жүргізушілер жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескергені жөн.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысы жолдарында қысқы қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін хабарлағанбыз.
11 қарашада елдің 15 өңірінде және Астанада ауа райына байланысты ескерту жарияланды.