11 кен орны мұнай өндіруді ұлғайтатын жаңа технологияларды сынау үшін таңдалды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қолдауымен Мұнай бергіштігін арттыру әдістері (МБА) жөніндегі Қазақстан форумы өз жұмысын бастады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Іс-шара мемлекеттік органдардың, мұнай-газ компанияларының, ғылыми және сервистік ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ халықаралық сарапшыларды біріктірді. Форумға KAZENERGY, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС, NCOC, Теңізшевройл, КПО, жетекші шетелдік компаниялар мен университеттердің өкілдері қатысты.
Форум Қазақстанда мұнай бергіштігін арттыру әдістерін енгізу бойынша практикалық шешімдер әзірлеуге бағытталған. Бұл міндет игерудің соңғы кезеңіндегі ірі кен орындары үшін айрықша өзекті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Көмірсутек кен орындарын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссиясының 30 жылдығы ерекше мән беріп отыр. Комиссия жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалануды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
— Бұл талқылаулардың нәтижесі тек пікірлер мен ұсынымдармен шектелмей, кейіннен нақты жобаларды бағалау және дайындау кезінде қолдануға болатын сала үшін неғұрлым түсінікті әрі бірыңғай тәсілдерге ұласуы маңызды, — деп атап өтті форумның алғашқы жұмыс күнін ашқан ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров.
Форум жұмысы сегіз стратегиялық сессиядан басталды. Қатысушылар МБА технологияларын бағалау, модельдеу, зертханалық зерттеулер, кәсіпшілік мониторинг, ынталандыру шаралары, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жабдықтар мен химиялық реагенттер өндірісін оқшаулау мәселелерін талқылауда.
Талқылаулардың практикалық жалғасы МБА бойынша Хакатон болмақ. Сарапшылар 11 кен орны мысалында технологияларға экспресс-скрининг жүргізіп, 2027–2030 жылдары одан әрі ғылыми-инженерлік пысықтау және тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар өткізу үшін басым шешімдерді айқындайды.
Келесі күндері мұнай бергіштігін арттырудың газдық, химиялық, термиялық және аралас әдістеріне, полимерлік суландыруға, цифрлық модельдеуге және қиын өндірілетін қорларды игеруге арналған панельдік, пленарлық және техникалық сессиялар өтеді.
Энергетика министрлігінің дөңгелек үстелі аясында Астана декларациясының жобасы және 2027–2030 жылдарға арналған мұнай бергіштігін арттыру әдістерін дамыту және енгізу жөніндегі Жол картасы таныстырылады. Форум қорытындысы бойынша Қазақстан кен орындарында басым технологиялар мен оларды практикалық қолдану шараларын айқындайтын құжаттарға қол қою жоспарланған.
Еске сала кетейік, жақында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан мұнай өнімдерінің экспортын екі есе арттыратынын мәлімдеді.