11 қыркүйек. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 11 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1883 жылы Семей аймақтық мұражайы ашылды. Мұражайды кезінде орыс патшалығының саяси қуғынына ұшыраған адамдар өздері жиған археологиялық және зоологиялық қазбалар негізінде ұйымдастырды. Мұндай шараны ұйымдастыруға, музейдің қалыптасуына Абай, Шәкәрім және Мұхтар Әуезовтер де атсалысқан. Мәселен, Абай бұл мұражайға барлық жасауымен киіз үй сыйға тартқан.
1931 жылы Қарағанды облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газет 1935 жылға дейін «Большевистская кочегарка», ал 1935-1963 жылдары «Социалистическая Караганда» деген атаумен шығып тұрды. 1965 жылдан бастап қазіргі атымен шығады. Газет аптасына екі рет жарық көреді.
1991 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ғарыштық зерттеулер агенттігі мен Жер мәселелері және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы құрылды.
2007 жылы «Шоқан Уәлиханов» атты желкенді кеме Ақтау қаласынан дүниежүзілік саяхатқа аттанды. Қазақстандық тұңғыш экспедицияның дүниежүзілік теңіз саяхатына жолдаманы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев беріп, экипаж мүшелеріне Қазақстан туын табыс етті.
Бұдан кейін Қазақстанның Гимні орындалып, кемеде мемлекетіміздің туы көтерілді. Мемлекет басшысы дүниежүзілік саяхатқа шыққан экипаж мүшелеріне сәт сапар тіледі.
2007 жылы Шалдай орманында күшті өрт болды. Өрт сөндіру кезінде орман шаруашылығының төрт қызметкері қаза тапты. Төрт ай өткен соң ормандағы өртті сөндіру кезінде тағы да екі адам өмірімен қоштасты. Шалдай ауылының орталығында өрт сөндіру кезінде қаза болған «Ертіс орманы» табиғи резерват қызметкерлерінің құрметіне ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің мәрмәр тасында орман шаруашылығы инспекторларының суреттері мен есімдері қашалып жазылған.
2010 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентіндегі № 250 мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысы Айжан Қыдырбек Италияның Римини қаласында болып өткен «Римини фест» фестивалінде гран-при жеңіп алды.
Бұл ән фестиваліне 9-25 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Қазақ, орыс және итальян тілдерінде ән шырқаған Айжанға тең келер ешкім болмады.
2013 жылы қазақ ғалымдары Қытайдан 283 томдық бірегей мұрағат құжаттарын әкелді. Онда қазақ хандары мен қытай билеушілерінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғаны көрсетілген. Оның арасында Абылай хан мен Қытай императоры Цяньлунның жазысқан хаттарының көшірмелері де бар болып шықты.
2014 жылы Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 148 шақырым қашықтықта «Союз ТМА-12М» кемесінің құрылғысы қонды. Ол Жерге Халықаралық ғарыш стансасынан қырқыншы экспедицияны жеткізді.
2015 жылы Батуми қаласында (Грузия) Еуропалық конституциялық соттар конференциясы (Еуропалық қауымдастық) төрағалары тобының отырысы өтті. Онда Қазақстанның конституциялық кеңесін Еуропалық қауымдастық құрамына оның бақылаушысы ретінде қабылдау туралы мәселе қаралды.
2018 жылы Минскіде өткен Ғарыштық ұшуларға қатысушылар қауымдастығының 31-ші Халықаралық конгресінің жұмысына қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов қатысты. Беларусь астанасына әлемнің дәстүрлі ғарышкерлер форумына 17 елден 80-нен астам ғарышкер келді.
Қазақстандық ғарышкер, «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ вице-президенті Айдын Айымбетов ғарыш конгресі аясында түрлі елдерден келген әріптестерімен, сондай-ақ Беларусь Ұлттық Ғылым академиясының өкілдерімен ынтымақтастық бойынша бірқатар іскерлік кездесулер өткізді.
2019 жылы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева «Алтын Мангуст» орденінің кавалері атанды.
Мұндай жоғары марапат — «спорттық Оскардың» бір түрі, дәстүрлі түрде спорттың дамуына және салауатты ұрпақ тәрбиесіне ерекше үлес қосқан меценаттарға, кәсіпкерлер мен саясаткерлерге, сондай-ақ үздік спортшыларға, көрнекті спорт ардагерлеріне беріледі.
2019 жылы «Жібек Жолы — диалог жолы» атты халықаралық экспедиция өз сапарын аяқтады. Экспедиция құрамы келесі бағыт бойынша жүріп өтті: Алматы қаласы — ҮАК — Есік — Шарын — Көлсай — Қарақол — Кәжі-Сай — Токмок — Суусамыр — Талас — Тараз — Ақмешіт үңгірі — Сауран — Түркістан — Арыстанбаб — Отырар — Шымкент — Ташкент — Самарқан — Қазығұрт — Мерке — Таңбалы — Алматы қаласы. Сапардың нәтижесі бойынша еліміздің табиғи нысандарынан жаңа туристік бағыттар, сапалы фото және видеобанктер құрылды. Олардың қазіргі жағдайы туралы өзекті ақпарат алынып, иллюстрацияланған жолнұсқа жасалды.
2020 жылы Бухаресте Абай мүсінінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл — Қазақстан мен Румыния халқының өзара сыйластығының, екі ел тарихын танып өсетін жаңа ұрпақтың тәрбиеленуінің жарқын үлгісі. Еуропа мәдениетіне қосылу қазақ мәдениетінің реформаторы Абай ұмтылыстарының бірі болды. Оның ұлы мұрасы Шығыс пен Батыс мәдениеттерін синтездей алды.
2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында қазақ-неміс орталығының салтанатты ашылуы өтті. Нұр-Сұлтанда осындай орталықты құру туралы келісім Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы желтоқсанда Германияға алғашқы ресми сапары кезінде Берлинде жасалды.
2021 жылы Бухарестте «Қазақстан» атты саябақ ашылды, ал Нұр-Сұлтанда «Бухарест» скверінде румын ақыны Михай Эминескудің бюсті орнатылды.
2021 жылы режиссер Фархат Шәріповтың «18 килогерц» фильмі ХVII Қазан халықаралық мұсылман киносы кинофестивалінің бас жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ, картина операторлық жұмысы үшін марапатқа ие болды (Александр Плотников).
2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданды қабылдады. Мемлекет басшысы Хакан Фиданды Түркияның Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалуымен құттықтап, оның қазақ-түрік қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға зор үлес қосатынына сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың маңызды тарихи дата — Түрік Республикасының жарияланғанына 100 жыл толатынын атап өтті. Ол Түркияның жүз жылдық мерейтойына орай Астана көшелерінің біріне «Анадолы» атауын беруді бұйырды.
2024 жылы Халықаралық Түркі академиясы мен Түркі тілі институты ұйымдастырған Түркі әлемінің ортақ әліпбиі жөніндегі комиссияның үшінші отырысы Бакуде тарихи маңызды қадаммен аяқталды. Қатысушылар латын әліпбиіне негізделген түркі тілдерінің біртұтас әліпбиін құру жобасын талқылады. Талқылау түркі тілдеріндегі бірегей дыбыстарды танытатын 34 әріптен тұратын жаңа әліпби туралы келісіммен аяқталды.
2024 жылы Астанада өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының төртінші күнінде қазақстандық спортшы Батыр Бексауыт жамбы ату сайысында күміс медаль жеңіп алды.