11 мамыр. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 11 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік әділ сауда күні

Бұл күн Дүниежүзілік әділ сауда ұйымының жетекшілігімен жыл сайын мамырдың екінші сенбісінде өткізіледі. Мерекенің басты миссиясы — халықаралық ережелерге сәйкес әділ сауда және адал бизнес қағидаттарын насихаттау.

Дүниежүзілік қоныс аударушы құстар күні

Жыл сайын мамырдың екінші сенбісінде және екінші жексенбісінде тойланады. Бұл күннің белгіленуі 1906 жылы Құстарды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға қол қою алдында болды.

Іс-шараның мақсаты — қоныс аударатын құстар, олардың мекендейтін жерлері мен қозғалу жолдары туралы білімдерін кеңейту.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1996 жылы Қазақстан мен Иран Ислам Республикасының президенттері екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету туралы бірлескен декларацияға, Каспий теңізінің мәселелері бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

1998 жылы Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары жүйесінде «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі құрылды.

2007 жылы Мұхтар Әуезовтің мұражай үйінде халықаралық құқықтанушы Рейн Мюллерсонның «Орталық Азия» атты кітабының таныстырылымы өтті. Кітапта автордың Орталық Азиядағы БҰҰ-ның аймақтық кеңесшісі ретінде қызмет еткен кездегі аймақтың танымал саясаткерлерімен жеке кездесулері туралы материалдар және қарапайым халықтың тіршілігі жөніндегі көзқарасы жиналған. Р.Мюллерсон — Лондон университетінің Король колледжінің профессоры, халықаралық және әлем қауіпсіздігі бағдарламасының директоры. 80-жылдардың аяғында Эстонияның сыртқы істер министрінің орынбасары болып қызмет атқарған. СССР Президенті Михаил Горбачевтің кеңесшісі болған. Халықаралық құқық және саясат бойынша 9 кітаптың және 200-дей мақаланың авторы.

2010 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Әзербайжанның бұрынғы президенті Гейдар Алиев атындағы кабинет ашылды.

2011 жылы Қостанай қаласы сағат тура 12-де әлемнің ірі қалаларында басталған «Әрекеттер онжылдығы» атты бүкіләлемдік акцияға қосылды. БҰҰ Бас Ассамблеясы жария еткен атауы бірдей жоба аясындағы насихаттық әрекеттер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

2013 жылы Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Президенті «Болашақ стансасы (Қазақстан Республикасы) — Серхетяка стансасы (Түрікменстан)» өткелі арқылы елдер арасындағы тікелей теміржол қатынасын ашуға қатысты. «Болашақ-Серхетяка» учаскесі — Қазақстан, Түрікменстан және Иран арасын жалғастыратын трансұлттық дәліздің бөлігі.

2015 жылы Дубайда «Ұрпақпен асыл байланыс» қазақ ұлттық бұйымдарының бірегей көрмесі ашылды. Көрмеде дәстүрлі қазақ киімдері мен ұлттық стильдегі заманауи киімдер, зергерлік бұйымдар ұсынылды.

2017 жылы Астанадағы барлық ғимараттарға жеке QR-код берілді. Бұл жаңалық жедел қызмет, такси жүргізушілері, курьерлер мен пошта қызметкерлерінің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.

2017 жылы Қазақ ұлттық университеті мен БҰҰ Өркениеттер альянсы (UNAOC) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

2018 жылы Ташкентте Халықаралық Түркі академиясы Мағжан Жұмабаевтың өзбек тіліндегі шығармалар жинағын таныстырды. Жинақты Музаффар Ахмад аударып шықты.

2019 жылы Майндағы Франкфурт қаласында көзі көрмейтін қазақстандық Абылай Мұстафин менталды арифметикадан өткен «Seven Continents Cup-2019» атты халықаралық олимпиаданың гранд-чемпионы атанды. Олимпиадаға бүкіл әлем бойынша менталды арифметика мектептерінің 500-ден астам оқушысы қатысқан.

2019 жылы Венециядағы Палаццо Дона Дель Розе сарайында Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының «Қазақ даласының ырғағы» атты көрме ашылды. Ол «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бадарламасының аясында ұйымдастырылып, Венецияға өнер сүюші қауым көп келетін атақты Венеция биенналесі кезінде өтті. Экспозиция ХХ ғасырдың екінші жартысындағы танымал қазақстандық суретшілер: Евгений Сидоркин, Салихитдин Айтбаев, Альберт Гурьев, Исатай Исабаев, Қадырбек Қаметов, Мақұм Қисамединов және Борис Пактың 20 графикалық туындысынан құралды.

2020 жылы Жапонияның Хоккайдо аралында Қазақстан астанасының құрметіне «Нұр-Сұлтан» деп аталатын сакураның (өрік ағашының) жаңа сұрпы гүлдеді. Жаңа сұрыпты Хоккайдо префектурасының Орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты шығарды.

2021 жылы Түркістанда Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу рәсімі өтті, оның бас рельефінде қазақ билерінің, ойшылдарының нақыл сөздері жазылған. Сондай-ақ онда 21 қазақ ханының есімі және олардың билік еткен жылдары белгіленген. Кешен 0,85 га аумақта орналасқан.

2023 жылы «ПО Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорны, Қарағанды ​​облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, «Зоология институты» және «Халықаралық жек құсын қорғау қоры» қызметкерлері Қарағанды ​​облысында 52 сұңқарды табиғи ортасына ұшырды. Ұшырылған 23 дара — лашын, 29 дарасы — ителгі.

2024 жылы Қазақстанның делдалдығымен Алматыда Армения мен Әзербайжан Сыртқы істер министрлері арасында елдер арасында бейбіт келісімге келуге бағытталған келіссөз өтті.

Соңғы жаңалықтар