11 МАМЫР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2012 жылдың 11 мамырына арналған күнтізбені ұсынады.
None
None

11 мамыр, ЖҰМА

Беларусь Республикасының Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Туы күні. 1995 жылдан бастап мамыр айының екінші жексенбісінде атап өтіледі.

Францияда Жанна Д'Аркті еске алу күні. Мамыр айының екінші жексенбісінде атап өтіледі.

Тайландта алғашқы жер жырту мерекесі. Санам Луангте жыл сайынғы жер жырту рәсімі мамыр айында өтеді. Бұл ертеден келе жатқан рәсім жаңа ауыл шаруашылық маусымның басталуына арналған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

16 жыл бұрын (1996) Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасының Президенттері екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету туралы бірлескен декларацияға, Каспий теңізінің мәселелері бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

11 жыл бұрын (2001) Астана қаласында Кенесары ханның ескерткіші ашылды. Ескерткіш авторы мүсінші Нұрлан Далбай.

6 жыл бұрын (2006) К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының Ержан Дәуітов жетекшілік ететін камералық хоры мамырдың 11-і мен 14-і аралығында Польшаның Белосток қаласында өткен Шіркеу музыкасының XXV халықаралық фестивалінде бірінші орын алды.

5 жыл бұрын (2007) Мұхтар Әуезовтың мұражай үйінде халықаралық құқықтанушы Рейн Мюллерсонның «Орталық Азия» атты кітабының таныстырылымы болып өтті. Кітапта автордың Орталық Азиядағы БҰҰ-ның аймақтық кеңесшісі ретінде қызмет еткен кездегі Ортаазиялық танымал саясаткерлерімен жеке кездесулері туралы материалдар және қарапайым халықтың тіршіліктері жөніндегі көзқарастары жиналған.

Р.Мюллерсон - Лондон университетінің Король колледжінің профессоры, халықаралық және әлем қауіпсіздігі бағдарламасының директоры. 80-шы жылдардың аяғында Эстонияның сыртқы істер министрлігінің орынбасары болып қызмет атқарған. КСРО Президенті Михаил Горбачевтің кеңесшісі болған. Халықаралық құқық және саясат бойынша 9 кітаптың және 200-дей мақаланың авторы.

Кітабындағы басты орындарының бірінде - қарапайым қырғыз Мысырқұл, автор онымен Ыстық көлге барған кезінде достасқан.

5 жыл бұрын (2007) Алматы қаласының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру департаментінің басшысы Бауыржан Ысқақов Ресейдің 2-ші дәрежелі «Қасиетті князь Александр Невский» орденімен марапатталды.

Бауыржан Бейсенұлына бұл орден өз ісіне мінсіз қызметі, адал еңбегі және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін шешудің үлгісі мен әдістемелерін жетілдіруге қосқан жеке үлесі үшін беріліп отыр. Мәртебелі награданы оған Ресей ұлттық қауіпсіздік академиясының өкілдері Алматыда табыс етті.

5 жыл бұрын (2007) Алматы облысындағы Балпық би кентінде керамзит кiрпiштерi мен блоктарды шығаратын республикадағы бірінші зауыттың ашылу рәсімі өтті.

ЕСІМДЕР

99 жыл бұрын (1913-1978) жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері РАЙЫМҚҰЛОВ Рахметолла дүниеге келді.

Өзбекстанның Ташкент облысында туған. Алматыдағы Қазақстан Коммунистік Журналистер институтын бітірген. Еңбек жолын «Сталин жолы» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналында жауапты хатшы болып бастаған. 1941 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне ауысады. Сол жылы майданға кетіп, 1946 жылдың қаңтарына дейін әскер қатарында болды. Соғыстан оралысымен Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде очерк және фельетон жанрларынан семинар сабағын жүргізді. 1949-1953 жылдары Полиграфия және баспасөз қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің төрағасы болып екі рет сайланды. 1953-1961 жылдары «Жұлдыз» журналында проза бөлімінің меңгерушісі болды. 1971 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросы директорының орынбасары болып істеді. Аударма саласында С.Айнидің «Бұқара» трилогиясының екі кітабын қазақшалаған. Біраз туындысы орыс тіліне аударылған. Жазушының «Уәде» әңгімесі, «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам» повестері, «Қара жорға» романы, 2003 жылы 3 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

Бірнеше орден, медальдармен марапатталған.

59 жыл бұрын (1953) футболшы, КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының және Шешенстан (Ичкерия) Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы ТАЛГАЕВ Ваит Абдухамитұлы дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. Тараз педагогикалық институтын бітірген. 1971-1981 жылдары Тараз қаласындағы «Алатау», «Химия», Алматы қаласындағы «Қайрат», Грозный қаласындағы «Терек» футбол командалары құрамында ойнаған. 1986-1999 жылдары «Фосфор», «Терек», «Тараз», Павлодардың «Ертіс», Қызылорданың «Қайсар-Харрикейн», Шымкентттің «Синтез» футбол командаларының бас жаттықтырушысы болды. 1999 жылдан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама футбол командасының бас бапкері болды.

108 жыл бұрын (1904-1985) ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, шығыстанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы, филология ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Бүкілодақтық география қоғамының толық мүшесі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты МАРҒҰЛАН Әлкей Хақанұлы дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Бастапқы білімді ауыл мектебінен алған. Семей педагогикалық техникумын, Ленинградтағы шығыстану институтын және Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасын бітірген. 1921-1925 жылдары «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетінің редакцияларында қызмет атқарады. Осы жылдары ол М.Әуезовпен, М.Жұмабаевпен танысады. 1926-1927 жылдары КСРО Ғылым академиясының академигі А.Ферсман мен профессор С.Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археологиялық және этнографиялық экспедицияларының жұмысына қатысады. Экспедиция кезінде Ә.Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесіп қызмет істейді. 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданады. 1929 жылы Абай шығармалары туралы дипломдық жұмыс қорғап, орыс география қоғамы мұрағатындағы Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негізінде ғылыми дәйекті тұжырымдар жасайды. 1930 жылдан Терминологиялық комиссияның ғалым хатшысы, Шығыстану институтының оқытушысы, Мәскеудегі материалдық мәдениет тарихы институтының ізденушісі және ғылыми қызметкері болады. Осы жылдары ол Шығыс Түркістан археологиясы мен өнері бойынша маманданып, бірнеше археологиялық экспедицияларға қатысады. 1939-1941 жылдары КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Тарих институтының аға ғылыми қызметкері болады. Осы жылдары оның «Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы түркі эпосы», «Декабристер және Қазақстан», «Әлішер Науаи және қазақ мәдениеті», «Мұхаммед Хайдар - тарихшы», «Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы», «Суворов», «Жамбыл Жабаев» атты еңбектері жарық көреді. 1941 жылы КСРО Ғылым Академиясы қазақ бөлімшесінің тарих бөлімін басқарды. Осы қызметте жүріп «Хандар жарлығының тарихи маңызы» деген тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясында көне қыпшақ тарихына байланысты құнды зерттеулер жасайды. 1958-1976 жылдары Сырдария, Шу, Талас өзендері бойында және Отырар, Сауран, Сығанақ қалалары орнында қазба жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде «Көне қазақ жерінің қалалары мен құрылыс өнерінің тарихы» аталатын монографиясын жариялайды. Қ.Ақышев, М.Қадырбаев, М.Оразбаевтармен бірге Орталық Қазақстанда жүргізген археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысы саналатын «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» атты ғылыми-зерттеу еңбегін жазып, кітаптың редакциясын басқарады.

Ғалым «Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерінің шеберлері» атты еңбегінде қазақ халқының эпикалық жыр дәстүрін дамытқан ақындарға, шебер орындаушыларға, сал-серілерге тоқталып, олардың сөз өнеріндегі орнын айқындады. Еңбектегі ғылыми тұжырымдар танымдық тереңдігімен ерекшеленеді, онда көне ойшылдардан бастап Жанақ, Шөже, Арыстанбай, Марабай, Сүйінбай, Жамбыл, Нұрпейіс, Иса секілді ақындар шығармалары талданады. «Тамғалы тас жазуы» атты зерттеуінде әдеби-тарихи һәм мәдени деректер молынан кездеседі.

Ғалым сонымен қатар қырғыз халқының «Манас» эпосы туралы ғылыми-зерттеу ісінің дамуына үлес қосты. Қырғыз эпосын дүние жүзіне алғаш таныстырған Ш.Уәлиханов, кеңес заманында бастапқы зерттеулерді жүргізген Әуезов болса, кейіннен осы дәстүр Марғұланның «Шоқан және Манас» атты монографиясында жалғасты. Ол эпостағы өмір шындығы, жырдың шығу тегі, дәуірі, кейіпкерлері мен көркемдік кестесі және манасшылардың жырды жетілдірудегі қызметі, т.б. жөнінде ғылыми маңызы жоғары пікірлер айтты. 1957-1967 жылдары Уәлихановтың ғылыми мұраларын жинайтын топқа (Әуезов, С.Бәйішев, С.Мұқанов, Қ.Сәтбаев, А.Нүсіпбековпен бірге) басшылық етіп, оның таңдамалы және 5 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарды. Оның ынта-жігері мен ұсынысы бойынша қазақ даласының ең шалғай аудандарында бірнеше археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылды. Ол өзіне дейінгі Қазақстанды зерттеуші орыс ғалымдарының қазақ даласы тек көшпелілер мекені болды деген тұжырымдарының шындыққа сай келмейтіндігін дәлелдеді. Ғалым 40-шы жылдардың аяғында бірнеше рет саяси қудалауға ұшырады, кейін де ұдайы саяси бақылауда болды, ғылыми ортаның кейбір қисынсыз сындарына ұшырады. Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер (қолданбалы және сәулет өнері) және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмыстар, 100-ден астам энциклопедиялық мақалалар жазды, сонымен қатар қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бірнеше буынын даярлады. Оның ғылыми еңбектерінің бірқатары шет ел тілдеріне аударылды.

Академик тапқан тарихи құндылықтардың 243-і бүгінгі таңда Ресей мұражайларында сақтаулы. Аталмыш құндылықтардың көпшілігі қазақ энциклопедиясында аталып өтіледі. Қазақстандық ғалым бірнеше мәрте құндылықтарды қайтаруға талаптанғанымен сәтсіздікке ұшыраған. Тек 1989 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 1399 жылы Қарнақ қаласында Әбділәзиз Шарафутдинұлы Тебризи құйған «Тайқазан» қайтарылған. Қазан кеңес жылдары Ленинградқа әкетіліп, ұзақ уақыт сонда болған. Тайқазанның елге оралуына қазақстандық ғалымдардың, оның ішінде Әлкей Марғұланның  көп еңбегі сіңген.

1991 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтындағы археологиялық орталықтың негізінде Марғұлан атындағы Археология институты құрылды. Астана, Павлодар, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысында, Баянауыл, Екібастұз аудандарында бірнеше көшелер, мектептер Марғұлан есімімен аталады. Павлодар қаласында мүсіні орнатылған, сондай-ақ С.Торайғыров атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Марғұлан атында стипендия тағайындалып, мұражай ашылған. 2004 жылы 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті.

«Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Ленин» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

163 жыл бұрын (1849-1909) шығыстанушы, этнограф, орыс географы ПАНТУСОВ Николай Николаевич дүниеге келді.

Ресейде туған. Санкт-Петербор университетінің шығыс тілдері факультетін бітірген. 1871-1908 жылдары Түркістан өлкесінде Жетісу облыстық әскери губернаторының кеңсе меңгерушісі, Жетісу облысы мен Құлжа ауданы бойынша оқу мекемелерінің меңгерушісі, Түркістан генерал-губернаторының айрықша тапсырмалар жөніндегі шенеунігі, тағы басқа да қызметтер атқара жүріп, Қоқан жорығына қатысты. Ол әкімшілік қызметін ғылыми жұмыстармен сабақтастыра жүргізіп, қазақ, өзбек, тараншы (ұйғыр), тағы басқа шығыс тілдерін үйренумен тыңғылықты шұғылданды.

Ол Түркістан өлкесінен көне мұраларды жинап, Ресей мен Түркістан, Жетісу облыстық мұражайларына өткізіп тұрды. Жетісу өлкесінен сирия-түрік жазуларын тауып, оқыды. Қоқан хандарының мұрағатын алғашқылардың бірі болып зерттеді. Н.Пантусов басқа да көптеген ғылыми еңбектер жариялаумен бірге Жетісу облысы халықтарының тарихы, археологиясы, этнографиясы, тілі, нумизматикасы жөнінде бірнеше еңбектер жариялады. Оның қазақ тілі мен фольклорына байланысты 1899-1909 жылдары жазған «Материалы к изучению казак-киргизского наречия» және «Обрацы киргизской литературы» еңбектерінің құндылығы жоғары.

108 жыл бұрын (1904-1989) испан суретшісі, кескіндемеші, сюрреализмнің аса көрнекті өкілі ДАЛИ Сальвадор дүниеге келді.

Испанияның Каталония қаласында туған. 1921-1926 жылдары Мадридтегі Сан-Фернандо сурет академиясында оқыған. Ол 1928 жылы түбегейлі сюрреализм ағымына бет бұрды. Дали картиналары өткір шындық пен турашылдықты, дәлдікті, заттар мен құбылыстардың қалыптан тыс, қисынсыз көрінетін бейнелері, қорқынышты көріністер, нәрселердің оғаш, мағынасыз қалып-күйлері арқылы баяндайды. 1941 жылдан бастап  суретші діни тақырыптарға суреттер салды. Олардағы эксцентрлік фантастика, ыждағатты жазу мәнері классикалық композиция тәсілдерінің қолданысымен ұштасып жатыр. Сюрреалшыл кескіндемешілер қатарындағы аса ірі, ең танымал суретшілердің бірі Дали шығармалары - ХХ ғасырдағы өнердің барлық дерлік салаларына елеулі ықпал еткен көркемдік құбылыс болып табылады. Далидің «Рафаэльдің мойнымен жалғасқан автопортрет», «Терезеден қарап тұрған қыздың арқа жағынан қарағандағы көрінісі», «Азамат соғысының салқыны», «Carne de gallina Rinocerontica», «Балық аулау», тағы басқа белгілі туындылары бар.

52 жыл бұрын (1960) экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары МАҚАЖАНОВ Нығмеджан Қойшыбайұлы дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Павлодар индустриалдық институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, АҚШ-тағы Йель университетінде саясаттану курсын бітірген.

Павлодар қаласындағы Энергетика ғылыми-зерттеу жобалау институтының инженері, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінің төраға орынбасары, төрағасы, «КЕGOK» АҚ-ның вице-президенті қызметтерін атқарды. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың 6 наурызынан.

«Қазақстан Республикасы Парламентіне 10-жыл» мерейтойлық медалімен марапатталаған.

52 жыл бұрын (1960) аға әділет кеңесшісі, Жамбыл облысының прокуроры ДОСАНОВ Есенжан Қайыржанұлы дұниеге келді.

Атырау қаласында туған. Д.И.Курск атындағы Саратов заң институтын бітірген.

Жамбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың 3 қыркүйегінен.

101 жыл бұрын (1911-1984) биология ғылымының докторы АППАСОВ Расим Низамиұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Қапал ауданында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын бітірген. 1949 жылдан Қазақстан ҒА Зоология институтының ғылыми қызметкері болған. оның 40-қа жуық ғылыми еңбегі бар. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстандағы жабайы жануарлар мен малдың қанында, ішегінде кездесетін паразиттер және солар арқылы таралатын ауруларды зерттеуге арналған.

76 жыл бұрын (1936) КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, Ақтөбе қаласының құрметті азаматшасы ЕЛАМАНОВА Сара Иманбайқызы дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында туған. Темір аудандық совхоз-техникумын, қазіргі Абай атындағы Алматы ұлттық педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. 1958-1967 жылдары - Қарабұтақ орта мектебінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, директоры, аудандық оқу бөлімі педагогика кабинетінің меңгерушісі. 1967-1975 жылдары - сол ауданның атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1975-1982 жылдары - Ақтөбе облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі. 1982-1992 жылдары - Ақтөбе облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1992 жылдан Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау республикалық қоғамы филиалының директоры. Ол Қарабұтақта музыка мектебін ұйымдастырған. Мысыр мен Германияда өткен халықаралық фольклор көркемөнері фестивальдарында Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің «Әлия гүлі» халық ансамблін бастап барған.

Екі рет «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен, Бейбітшілік қорының алтын медалімен марапатталған.

47 жыл бұрын (1965 жылы) «ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасының Геология және перспективалық жобалар жөніндегі орынбасары - Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ Орынғалиұлы дүниеге келді. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетін «тау инженер-геологы» мамандығы бойынша аяқтады. «Ембімұнай» ӨБ-де жұмыс істеді, «Ембімұнайгаз» ААҚ-да, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-да басқарушы лауазымдарды атқарды.

Соңғы жаңалықтар