1,1 миллион гектар аумақ шегіртке зиянкестеріне қарсы өңделді

1,1 млн гектар аумақ шегірткеге қарсы өңделді
Фото: АШМ

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Қостанай облысында барды. 13 маусымда басқарма басшысы аталған аймақтағы жағдаймен жеке танысып, аумақтардағы химиялық өңдеу жұмыстарының барысы мен сапасын тексеру үшін өңірлерді аралап жүр. 

Айта кетейік, Қостанай облысы Ақтөбе және Түркістан облыстарымен бірге биыл шегірткенің ең көп таралуы болжанатын өңірлердің қатарына енген. Жалпы, мұнда 775,6 мың гектар аумақта жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 57 арнайы техниканың көмегімен 120 мың гектардан астам алқап өңделді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Арқалық қаласында, Амангелді, Жангелді, Қамысты және Науырзым аудандарында кешкі және таңғы уақытта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 500-ге жуық адам, оның ішінде фитосанитарлық диагностика орталығының 129 сарапшысы қамтылған мониторингтік іс-шаралар жалғасуда. Мамандар 339 мың гектар жерді зерттеді.

АШМ
Фото: АШМ

Министр Амангелді ауданы, Арқалық қаласындағы бірнеше шаруа қожалықтарын, егіс жұмыстары жалғасып жатқан алқаптарды аралап көрді, шаруа қожалықтарының басшыларымен және мердігерлермен кездесті.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен шегіртке зиянкестерімен күрес белсенді жалғасып жатыр. Бұл мәселе Премьер-Министрдің ерекше бақылауында. Біздің алдымызда шегіртке зиянкестерімен күресті тиімді ұйымдастыру міндеті тұр. Қажетті көлемде дәрі-дәрмек сатып алу және жұмысты бастау бойынша дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде жоспарланған 2,5 миллион гектар залалсыздандыру алаңының 1,1 миллион гектардан астамы өңделді. Техника жеткілікті, өңірлер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Барлық өңдеу жұмысы жоспарға сай жүргізілуде», — деді Айдарбек Сапаров.

АШМ
Фото: АШМ
АШМ
Фото: АШМ

Бұған дейін хабарланғанындай, Ақтөбеде шегірткенің жаппай көбеюі тіркелді. Арысты да шегіртке басып жатыр. Бұл жәндік Түркістан облысының шаруаларын әбігерге салды. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин елге шегіртке қаптатып алғанымызды жасырмайтынымызды айтты.

«Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Гарифулла Жолаевтың айтуынша, шегірткенің шығуы 10-12 жыл сайын қайталанып тұрады. 2023 жылдан бастап көтеріліп, биыл шарықтау шегіне келіп жетті. Оның алдында 2013-2014 жылдары тіркелген.

«Италиялық прус жәндігінің отаны — Ырғыз, Шалқар, Әйтеке би аудандарындағы құмақтар. Шалқардың Ұлы Борсық құмы, Кіші Борсық құмы, Ырғыздың Айырқызыл құмы, Әйтеке би ауданының Мамыт құмынан ұшып шығып, тарайды. Ал бізде құмға кіріп, мониторинг жасаудың мүмкіндігі жоқ. Құм ішінде біздің техника жүрмейді. Әрі құмды аумақтың ауданы үлкен, бірнеше шақырымға созылып жатыр. Өкінішке қарай қаншалықты ұшып өткенін, қаншалықты көп жұмыртқа салғанын біле алмаймыз. Жылда осы мәселені, құмның ішін бақылау жайын көтереміз. Қазір дронмен улауға да мүмкіндік бар екен. Егер сол іске асып, оң жолға қойылса, осыны пайдалануға болады. Әзірге жоба ғана. Дронның өзі 8 шақырымға ғана ұша алады, ал құмның аумағы бірнеше шақырымға созылған. Егер дер кезінде шара қолданбасақ, ұшып шығады. Қазір бар мүмкіндікті пайдаланып, улау жұмысын жүргізіп жатыр», — дейді маман. 

Соңғы жаңалықтар