11 наурыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 11 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
79 жыл бұрын (1947) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Қызыл Жарты Ай қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Еркебек Қамбарұлы АРҒЫМБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданы Самсы ауылында туған. 1971 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша, 1987 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
1971-1977 жылдары Алматы облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің дәрігер-интерні, Жамбыл аудандық туберкулез ауруханасында дәрігер-фтизиатр, Жамбыл аудандық емдеу бірлестігінің Дегерес бөлімшелік ауруханасының бас дәрігері, 1977-1983 жылдары ҚазКСР Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу-профилактикалық жұмысы Бас басқармасының дәрігер-инспекторы, коллегия хатшысы, кадр бөлімінің бастығы, 1983-1987 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК-нің Ғылым және оқу орындары бөлімінің нұсқаушысы, 1987-1992 жылдары Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, 1992-1994 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 1994-1996 жылдары ҚР Қызыл Крест және Қызыл Ай Қоғамының (2002 жылдан бастап ҚР Ұлттық Қызыл Ай қоғамы) бас директоры, 1996 жылдан бастап президенті қызметін атқарады.
«Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері».
2002 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
61 жыл бұрын (1965) Еуразиялық экономикалық одақ сотының судьясы Ербол Жұқатұлы ИСМАИЛОВ дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. 1989 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1982 жылы Торғай облыстық мемлекеттік еңбек жинақ кассасы басқармасында сигнализация бойынша инженер болып бастаған. 1989-1991 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік аграрлық өнеркәсіп комитеті Арқалық ет комбинатында заңгер-кеңесші, 1991 жылы Торғай облыстық әділет басқармасының кеңесшісі, 1991-1994 жылдары Арқалық қалалық прокурорының аға көмекшісі, 1994-1995 жылдары Торғай облыстық прокуратурасының прокуроры, 1995-1997 жылдары Торғай облыстық сотының судьясы, 1997-1998 жылдары Ақмола облыстық сотының судьясы, 1998-2002 жылдары Астана қалалық сотының судьясы болған.
2024 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.
52 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аппарат басшысы Айдос Қақашаұлы РЫСБАЕВ дүниеге келді.

Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Қорғалжын ауылында туған. 1996 жылы Ақмола университетін, 2005 жылы ҚР ІІМ Қарағанды заң институтын бітірген.
Ішкі істер органдарындағы қызметін 1998 жылдан бастап Ақмола қаласы ІІБ Шығыс полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі бөлімшесінің инспекторы лауазымынан бастаған. 1998-2016 жылдары ішкі істер органдарында әртүрлі орта және аға басшылық құрам лауазымдарында қызмет атқарған. 2016-2019 жылдары Астана қаласы ПД Сарыарқа ауданы полиция басқармасының бастығы, 2019-2022 жылдары Нұр-Сұлтан қ. (Астана) ПД бастығының орынбасары, 2022-2023 жылдары ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы, 2023-2024 жылдары ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, 2024-2026 жылдары Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментінің бастығы лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметін 2026 жылдың қаңтар айынан бастап атқарып келеді.
50 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі Мұрат Әбуғалиұлы НҰРТІЛЕУ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.1998 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолы: 1998-1999 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік протокол қызметінің референті, атташесі, 1999-2003 жылдары Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігінің атташесі, 2003-2004 жылдары ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы, 2004-2006 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, 2007 жылы ҚР Сыртқы істер министрі хатшылығының басшысы, 2007 жылы ҚР Парламенті Сенатының Аппараты басшысының орынбасары, 2007-2011 жылдары ҚР Парламентінің Сенаты Аппаратының басшысы, 2011 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, 2011 жылы ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің директоры, 2011-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Женевадағы (Швейцария Конфедерациясы) Тұрақты өкілдігінде кеңесші-уәкіл, 2014-2016 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары, 2016-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Эстониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы, 2019-2021 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі, 2021-2022 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, 2022 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 2022-2023 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, 2023-2025 жылдары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметін 2025 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.
41 жыл бұрын (1985) «Бәсекелестіктің дамуын талдамалық зерттеу орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Жанар Асылханқызы АДИКОВА дүниеге келді.

Қарағанды «Болашақ» өзекті білім беру институтын «экономика» және «құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
2008-2013 жылдары ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде бас маман болып жұмыс істеді. 2013-2020 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің құрылымдарында түрлі лауазымдарды атқарды, оның ішінде Қостанай облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті департаментінің директоры болды. 2020-2021 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қаржы нарықтары және өзге де салалар департаментінің директоры, 2021-2026 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссиясының Бәсекелестік саясаты және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаментін басқарды.
Қазіргі қызметін 2026 жылғы ақпаннан бастап атқарып келеді.