11 наурыз. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 11 наурызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік мұсылман мәдениеті, бейбітшілік, диалогы және киносы күні

Жыл сайын осы күні атап өтіледі. 2010 жылы Калифорнияның жазушысы және продюсері Джаведо Мохаммед бастамашылығымен бекітілген. Мұсылман мәдениеті күнінің міндеті – ислам халықтары мәдениеті, олардың бірегейлігі мен көп мағыналылығы туралы ақпаратты тарату, сондай-ақ басқа дін өкілдерімен диалог және өзара түсіністік үшін мадениет арасында көпір құруға арналған өнердің түрлі нысандарын пайдалану.Қазақстан


Терроризм құрбандарын жалпыеуропалық еске алу күні

Еуропарламент 11 наурызды 2004 жылы 11 наурызда жасалған Мадридтегі лаңкестік салдарынан қаза тапқан 200 адамды, 2005 жылы Лондонда бомба жарылып, соның құрбанына айналған 50-ден астам адамды еске алу күні етіп таңдаған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1937 жылы КСРО Қызыл Жарты ай және Қызыл Крест қоғамдық одағының құрамындағы республикалық ұйым ретінде Қазақ КСР Қызыл Крест қоғамы құрылды. 2002 жылдың наурызында Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты ай қоғамы болып атауы өзгертілді.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында ғылымды мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шықты. Жарлыққа сәйкес, Ұлттық ғылым академиясы, Қазақ ауылшаруашылығы ғылымдарының академиясы және Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі – Ғылым министрлігі – Қазақстанның Ғылым академиясы орталық атқарушы органның құрамында біріктірілді. 2003 жылдың қазанынан бастап академия президенті Мұрат Жұрынұлы Жұрынов.

2011 жылы ОрталықАзиялық-қазақстандық ұсақ шоқылардың бірегей экологиялық жүйесін сақтау мақсатында «Бұйратау» Мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы құрылды. Саябақ Ақмола облысының Ерейментау ауданының аумағында 60 814 гектар және Қарағанды облысының Осакаров ауданында 28 154 гектар жерді алып жатыр.

2014 жылы ғарыш орбитасынан оралған ұшқыштар Олег Котов, Сергей Рязанский және америкалық Майкл Хопкинс Қарағанды қаласының 80 жылдығына орай қала елтаңбасына қол қойды. Бұл елтаңба облыстық өлкетану музейінде сақталады.

2014 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Сейшел Аралдарының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Мари-Луиза Поттер екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойды.Сейшел Аралдары Республикасы – Үнді мұхитының батыс бөлігіндегі гранит тектес 115 аралдан және Маржан атоллдарынан тұратын аралдық мемлекет. Алып жатқан жер аумағы 455 км2 шамасында. Астанасы – Виктория қаласы. Ресми тілдері – креол (сешелва), ағылшын, француз тілдері. Ақша бірлігі – Сейшел рупиясы. Мемлекет және үкімет басшысы – халық 5 жылға сайлайтын президент (қатарынан тағы 2 мерзімге қайта сайлау құқығымен). Президент сонымен қатар Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы қызметін атқарады.

2014 жылы Берлинде қазақстандық стенд әлемдегі ең ірі халықаралық туристік көрмеде (Internationale Tourismus-Börse Berlin 2014) үздік үштікке енді. Қазақстан Республикасы «Азия, Тынық мұхит аймағы және Австралия» санатында ITB-те үшінші орынды жеңіп алды. Бірінші орынды Оңтүстік Корея қанжығасына байлады, екінші орында – Малайзия.

2015 жылы Испанияның Фигерас қаласында өткен IV Халықаралық цирк өнері фестивалінде Қазақ мемлекеттік циркінің әуе гимнастары Андрей мен Әлия Канахиндер «Күміс піл» атағын жеңіп алды. Әртістер Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Дәулет Досбатыров қойған гимнастика жанрындағы «Сен және мен» номерімен өнер көрсетті.

2016 жылы Түркия Республикасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ҚР-ның Түркиядағы елшілігінің, Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) және Анкара қаласы Етимесгут ауданы әкімшілігінің жанынан 200 жылдық мерейтойына орай Тәттімбет атындағы саябақ ашылды.

2016 жылы Қапшағай қаласында қуаты 2 МВт күн электр станциясында EnergyCell инновациялық энергия жинақтаушы жүйесі іске қосылды. Инновациялық технология алғаш рет ТМД және Орталық Азия аумағында қолданылды.

2018 жылы Хельсинки қаласында бокстан GeeBee 37-халықаралық турнирінде қазақстандық спортшылар бес алтын және бір күміс медальға ие болды. Қайрат Ералиев, Абылайхан Жүсіпов, Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаев, Бек Нұрмағанбет – «алтын», Олжас Байниязов – «күміс» иеленді. Осылайша, қазақстандықтар турнирде жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді.

2018 жылы жас әнші Данэлия Төлешова «болашаққа көзқарас» номинациясы бойынша бірінші халықаралық «BraVo» кәсіби музыка сыйлығының иегері атанды. Данэлия сыйлығын француз әншісі Zaz қолынан алды. Екеуі бірлесіп «Je veux» хитін орындады.

2019 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Smart City» мамандарды даярлаудың қос дипломды инновациялық бағдарламасын ашты. Жетекші қазақстандық университет «Smart City» жоғары оқу орындарының халықаралық консорциумының мүшесі бола отырып, Еуропалық одақтың жоғары оқу орындарымен бірлесе «ERASMUS+» жобасы бойынша «Ақылды қалаға арналған ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша магистрлік бағдарламаны әзірлеуге кірісті.

2021 жылы Торонтода пайдалы қазбаларды барлау және өндіру бойынша PDAC әлемдік ірі көрме-конференциясы шеңберінде Kazakhstan Day (Қазақстан Күні) өтті, оның шеңберінде Қазақстанның мемлекеттік органдары мен ұлттық компанияларының өкілдері қазақстандық минералдық ресурстар нарығының перспективалары, инвесторлар мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер, заңнама жаңалықтары, сондай-ақ инвесторларды қолдау шаралары және қазақстандық нарықтағы жұмыс қағидалары туралы айтып берді.

2023 жылы 14 жастағы қазақстандық Ариана Гогулина ITF Juniors World Tennis Tour турнирінің жалғыз ғана емес, жұптық сайыста чемпионы атанды. Ариана елордалық ұлттық теннис орталығының шәкірті (жаттықтырушы Мұқам Ерматов). Үндістанның Гургаон қаласында 18 жасқа дейінгі ойыншылар арасында серияның халықаралық турнирі өтті. Жеке сында финалда Ариана бірінші сетті сенімді түрде жеңгені сонша (6:2), оның үндістандық қарсыласы екінші ойында кездесуді жалғастырудан бас тартты.

Соңғы жаңалықтар