11 рет қатарынан жеңіске жеткен Рыбакина: Алдағы матч та оңайға түспейді
Төртінші айналымда әлемнің 39-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенсті 6:4, 6:3 есебімен ұтқан қазақстандық теннисші қатарынан 11 рет жеңіске жетті.
Сөйтіп ол өзінің жеке рекордтық көрсеткішін қайта жаңартты. Бұдан бұрын Елена спорттық мансабында екі рет қатарынан жеті ойында қарсыластарының меселін қайтарған еді.
Сонымен қатар Елена Рыбакина алғаш рет Майами мастерс турнирінің ширек финалына шықты. Осыған дейін ол екі рет үшінші айналымға дейін жеткен еді. 2021 жылы испаниялық Сара Соррибес-Тормоға 1:6, 6:3, 2:6 есебімен жол берсе, өткен жылы америкалық Джессика Пегуладан аса алмады – 3:6, 4:6. Биыл Е.Рыбакина әлемнің 3-ракеткасы Д.Пегуламен кездесіп қалуы әбден мүмкін. Егер екеуі де жартылай финалға шықса, жолдары тоқайласады.
Қазақстандық спортшы Э.Мертенспен өткен ойынның өте ауыр тигендігін айтты.
«Тағы да сәтсіз бастадым, дегенмен екі сетпен біткеніне қуаныштымын. Әрине, физикалық тұрғыда мен жақсы бабымда емеспін, әйтсе де сол қиындықтан өтіп, өз жолымды тапқаныма бақыттымын. Ширек финалға шығу – үлкен жетістік, ертең одан да жақсы ойнаймын деп үміттенемін», деді Е.Рыбакина.
Рыбакина сондай-ақ әлемнің 24-ракеткасы, италиялық Мартина Тревизанмен өтетін алдағы матчтың да оңайға түспейтінін жеткізді.
«Қарсыласым солақай. Сондықтан оған бейімделуге тура келеді, тағы бір қиындығы, біз осыған дейін бір-бірімізбен ойнаған емеспіз. Мен тезірек қалпыма келіп, тыңаюға тырысамын», деді қазақстандық спортшы.
Е.Рыбакинаның ширек финалдық матчы 29 наурызға қараған түні болады, нақты уақыты кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами мастерс турнирінің төртінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ әлемнің экс-екінші ракеткасын жеңген Рыбакина матчтың өте ауыр болғанын айтты.
Қазақстан жасөспірімдері теннистен әлем чемпионатына іріктеу сатысын сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші Францияда негізгі турнирге жолдама алды.