Елена Рыбакина Майами мастерс турнирінің төртінші айналымына шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Майами WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық спортшы үшінші айналымда әлемнің бұрынғы 2-ракеткасы, қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингте 29-орында тұрған испаниялық Паула Бадосамен шеберлік байқасты.

Е.Рыбакина өзі жеңімпаз атанған Индиан-Уэллс мастерс жарысында П.Бадосаны 6:3, 7:5 есебімен ұтқан еді.

Бұл жолы бірінші партияда қарсыластар бастапқыда қос-қостан брейкпен алмасқан еді. Есеп 3:3 болған мезетте Бадоса тағы бір брейк жасап, алға шықты. Сосын сетті тағы бір брейкпен бітірді – 6:3.

Екінші сетте П.Бадоса брейкпен алға кетті – 4:2. Дегенмен Елена таразы басын теңестіре алды – 4:4. Есеп 5:4 болып, Рыбакина доп бергенде, испаниялық теннисші матчболын пайдалана алмады. Бұдан кейін Елена қатарынан үш геймді өз пайдасына жазды – 7:5.

Үшінші, шешуші партияда есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай алды. Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.

Екі сағат жарымнан астам уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Е.Рыбакина 12 эйс жасап, 15 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 5 брейкпен (15 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Елена қатарынан оныншы жеңісіне қол жеткізді.

Е.Рыбакина жүлде қоры 8,8 млн АҚШ долларына бағаланған мастерс додасының ширек финалына шығу үшін әлемнің 39-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенс немесе рейтингте 41-сатыдағы хорватиялық Петра Мартичтің біреуімен таласады.

Өткен жылы осы жарыста Е.Рыбакина үшінші айналымға дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами мастерс жарысының үшінші айналымына өткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдері іріктеу кезеңінде 4-орынға табан тіреді.


Соңғы жаңалықтар
telegram