11 рет өткізілген экономикалық форум Қазақстанға не берді - сарапшы пікірі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осымен елордада 12-ші мәрте өткізілгелі отырған халықаралық экономикалық форумды Қазақстан қалай пайдасына жаратуда? Бұл сұраққа «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Талдау және әлемдік экономика орталығының директоры Айбол Арғынғазинов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Мұндай іс-шаралардың нәтижесін қысқа мерзімге қарап бағалау өте күрделі. Бұл іс-шаралар ұзақ мерзімді. Елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, экономикалық даму стратегиясын айқындауға бағытталғандықтан, бұр шаралардан бір күнде әсер келеді немесе ауқымды өзгерістер болады деп күту, меніңше, негізсіз. Алдағы ұзақ мерзімді перспективада ол елдің экономикасына сөз жоқ әсерін тигізеді», - дейді Айбол Арғынғазинов.

Орталық директорының айтуына қарағанда, осы 12 жылдың ішінде форумның негізінде жаһандық сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан өзінің біршама экономикалық реформаларын іске асырған.

«Мен бірнеше мысал келтірейін: ең біріншіден, қазіргі кезде бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша Қазақстан әлемдегі озық отыз елдің қатарына кіреді. Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингі бойынша, 2018 жылы Қазақстан 28-ші орыннан көрінді. Бұл Еуропаның және әлемдегі дамыған елдердің ішінде озық көрсеткіш болып саналады. Сонымен қатар, соңғы жылдары бизнестің ашықтығы, бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша 5-тен аса топтамалар жүргізілді. Әлеуметтік-экономикалық реформалар бойынша әлеуметтік жүйе бойынша 3-ке жуық топтама енгізіліп, соның нәтижесінде әлеуметтік реформаларды өздеріңіз көріп жатырсыздар. Ал Қазақстанның экономикалық өсуі, басқа да негізгі түбегейлі макроэкономикалық көрсеткіштеріне келер болсақ, оның бәрі де әлемдік экономиканың үдерістерін ескере отырып, қалыпқа сай келді деп есептейміз», - деген пікірін білдірді орталық директоры.

Айбол Арғынғазинов атап өткендей, ҚХР-да, Ресейде, еліміздің басқа да сауда серіктестерінде экономикалық дамудың қарқыны Қазақстанға қарағанда төмендеу.

«Бұл форумнан кейін де бірнеше ұсыныстар топтамасы әзірленіп, уәкілетті органдарға жолданатын болады. Сол себепті, біз форумның өткізілуін орынды, мақсатқа сай деп есептейміз», - дейді ол.

Еске сала кетсек, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлік Қаражан 16-17 мамырда «Ынталандырушы өсім: Адамдар. Қалалар. Экономикалар» тақырыбында өтетін ХІІ Астана экономикалық форумына қандай әйгілі меймандар келетінін жариялаған болатын.

Өз кезегінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Руслан Жемков елордада өтетін Халықаралық экономикалық форумға кететін қаражаттың орынды жұмсалатынын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар