11 сәуір. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 11 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Бүкіләлемдік паркинсон дертімен күрес күні
Бұл күн Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен 1997 жылдан бері аталып өтеді. Ауруға оны клиникалық тұрғыда анықтаған дәрігер Джеймос Паркинсонның есімі берілген. Паркинсон дерті - орталық жүйке жүйесінің ауруы. Қазақстанда бұл ауруды емдеу 2013 жылы жүйелі түрде қолға алынған. Астанадағы Нейрохирургия орталығы мен Президенттік ауруханада науқастың миына электрод орнату арқылы операция жасалады. Паркинсон ауруымен әдетте 60 жастан асқан адамдар ауырады. Алайда, соңғы жылдары сырқаттанған жастар да анықтала бастады. Адам миына орнатылатын құрылғыны әр 5 жыл сайын ауыстырып отыруды қажет етеді.
Халықаралық фашистік концлагерь тұтқындарын босату күні
1945 жылғы 11 сәуірде Бухенвальд концлагерінің астыртын комитеті қарулы көтеріліс ұйымдастырып, тұтқындар босатылды. Сол кезден бастап барлық елде фашистік концлагерьлердегі тұтқындарды босатудың халықаралық күні аталып өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1937 жылы Балқаш қаласының негізі қаланды. Қарағанды облысындағы қала. 1937 жылдың 11 сәуірінде Қазақ КСР ОАК-нің шешімімен Прибалхашстрой кенті Балқаш қаласы болып өзгертілді.
2011 жылы Қазақстан - Ресей қарым-қатынастарын дамытуға қосқан үлесі және қазақ мәдениетін Ресейде насихаттаудағы белсенді жұмысы үшін қазақ диаспорасының өкілдері Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы төсбелгісімен және алғыс хаттармен марапатталды. Қазіргі кезде Ресейде 30-дан астам қазақ ұлттық мәдени қоғамдары қызмет етеді.
2013 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары арасында Халықаралық университеттер ректорлары қауымдастығының International Association of University Presidents (IAUP) құрамына енген бірден-бір жоғары оқу орны болды.
Бұл тұрақты даму, ғылым және инновация, адам капиталы және т.б. саласындағы қауымдастықтың қолдауымен өткізілетін іс-шаралардың толыққанды қатысушысы және бастамашысы болуға мүмкіндік береді.
2014 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтын Астана қаласына көшіру туралы шешімі қабылданды.
2016 жылы БҰҰ ғарыш зерттеушілерінің келешек ұрпаққа арналған жолдау-альбомын жариялады. Оның ішінде қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің қолымен «Шекарасыз әлем!» деп жазылған қысқа жазба да бар.
2017 жылы Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдул-Әзиз әл-Сауд Қазақстанға Қағба тасына жабатын дәстүрлі жібек матаның бөлшегін тапсырды. Қағбаны жабуға арналған мата қара жібектен жасалып, алтын түсті жіптермен өрнектеледі. Ол Қағба қабырғаларын жауып тұрады, ұзындығы – 41 метр. Қазіргі таңда ол жылына бір рет ауыстырылады.
2017 жылы қарағандылық жас акробат спортшылар Никита Амоскин мен Анастасия Долганюк Пуурс қаласында (Бельгия) өткен спорттық акробатикадан халықаралық турнирде аралас жұптар жарысында алтын медаль жеңіп алды. Жарысқа Англия, Бельгия, Беларусь, Германия, Италия, Израиль, Испания, Қазақстан, КХДР, Нидерланд, Польша, Португалия, Ресей, АҚШ, Украина, Швейцария сияқты 16 елдің спортшылары қатысты.
2019 жылы жасөспірімдер мен қыздар арасында ауыр атлетикадан өткен Қазақстан чемпионатында Қарағанды облыстық кешенді спорт мектебінің өкілі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Артем Антропов 96 кг салмақ дәрежесіндегі жасөспірімдер арасында жұлқи көтеруде - 155 кг, оқыс серпуде - 205 кг және қоссайыс бойынша - 360 кг көтеріп, жеті мәрте Қазақстан рекордын жасады.
2019 жылы Бейжіңде ашылған «Жібек жолы бойындағы мемлекеттік музейлердің игілігі» көрмесіне «Алтын адам» мен Қазақстан ұлттық музейінің басқа да жәдігерлері қойылды. Жәдігерлер ҚХР-дағы ең ірі және әлемде адамдар ең жиі баратын музей – Қытай ұлттық музейінде ұсынылды.
2021 жылы Түркістан қаласында Орталық Азияда теңдесі жоқ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірдегі туристер мен инвестиция тартудың негізгі орталығына айналуға арналған «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің ашылу салтанаты өтті. Нысан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет-Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 гектар аумақта орналасқан.
2024 жылы Алматыда 100 домбырашы ерекше флешмоб өткізді. Олар ашық аспан астында күй орындап, өз шығармашылықтары арқылы жерлестеріне жанашырлық танытып, қолдау көрсетіп, зардап шеккендерге көмек көрсеткен жандарға алғыстарын білдірді.
2024 жылы Грузия Парламентінің Төрағасы Шалва Папуашвили Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келді. Шалва Папуашвили Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановпен кездесті. Мәжіліс спикері конституциялық реформаның қорытындылары, президенттік және парламенттік сайлау, Конституциялық соттың қызметі туралы баяндап берді. Спикер сондай-ақ грузиялық әріптесін жаңартылған палатаның заң шығару қызметімен таныстырды.