11 шілде. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 11 шілде күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСІМДЕР

59 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Марат Қалиұлы ӘДІЛБАЙ дүниеге келді.

Ақтоғай ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген (1992).

Еңбек жолы: ҚР Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының кіші ғылыми қызметкері (1992-1996); Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитеттермен жұмыс жөніндегі кеңесшісі, бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары (2002-2004).

2004 жылдың желтоқсан айынан бері қазіргі қызметінде.

57 жыл бұрын (1968) Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Торсанұлы НҰРМҰХАМБЕТОВ дүниеге келді.

Фото: Акимат Северо-Казахстанской области
Фото: Акимат Северо-Казахстанской области

Қостанай облысы Қарасу ауданының Майский кентінде туды. 1992 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «ғалым агроном» мамандығы бойынша, 2002 жылы Челябі мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша, 2008 жылы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін «экономика бакалавры» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1992 жылы Торғай облысының Октябрь ауданы Вильямс атындағы кеңшарының бас агрономдығынан бастады. 1994-1996 жылдары Қостанай облысының Қостанай ауданы «Московский» кеңшарының бас агрономы, 1996-1997 жылдары Қостанай облысының Комсомол ауданы «Боскөл» өндірістік кооперативінің директоры, 1997-2002 жылдары Қостанай облысы Таран ауданының әкімі, 2002-2008 жылдары Қостанай облысы Қарабалық ауданының әкімі, 2008-2009 жылдары Қостанай облысы Қостанай қаласының әкімі, 2009-2011 жылдары «Содружество» СӨК» ЖШС директорының орынбасары болып қызмет атқарды. 2011-2012 жылдары Қостанай облысы Әулиекөл ауданының әкімі, 2012-2014 жылдары Қостанай қаласының әкімі, 2014-2015 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2015-2023 жылдары Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.

2023 жылдың қыркүйеайынан бері қазіргі қызметінде.

«Парасат» орденімен (2011), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2004), «Астана» (1999), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Тыңға 50 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) мерекелік медальдарымен наградталған.

38 жыл бұрын (1987) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Мұрагер Амангелдіұлы САУРАНБАЕВ дүниеге келді.

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Жамбыл облысында туған.

Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын (ҚМЭБИ) «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша бітірген (2009); Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, «Саясаттану» мамандығы бойынша, Ұлттық мемлекеттік саясат мектебі (МҚММ) (2012); Париж Дипломатия Институты (Insitute Diplomatique de Paris), «Экономикалық дипломатия» мамандығы бойынша бітірген (2021).

Еңбек жолы: атташе, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің үшінші хатшысы (2010-2012); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің «Байланыс орталығы» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары (2012-2013); Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бөлім меңгерушісі (2013-2015); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ЭКСПО-2017 департаменті басқармасының басшысы (2015-2017); Қазақстан Республикасының Француз Республикасы мен Монако Князьдігіндегі Елшілігінің кеңесшісі (2017); Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігінің кеңесшісі, Халықаралық көрмелер бюросының вице-президенті (2017-2021).

2021 жылдан бері қазіргі қызметінде.

37 жыл бұрын (1988) «Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы» АҚ президенті Ернұр Нұрланұлы ДӘУЕНОВ дүниеге келді.

Фото:primeminister.kz
Фото:primeminister.kz

Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Жылыбұлақ ауылында туған.

Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Археология және этнология» мамандығы бойынша (2009); Қазтұтынуодағы Қарағанды ​​экономикалық университеті, «Экономика» мамандығы (2012); Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, «Биология» мамандығы бойынша бітірген (2015).

Еңбек жолы: Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ мектеп-интернатының тарих мұғалімі (2008-2011); Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қоғамдық-гуманитарлық білім беру зертханасының ғылыми қызметкері (2011); Астана қаласындағы «Зерде» дарынды балаларға арналған мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары; Павлодар қаласындағы «Ертіс дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының зертхана меңгерушісі (2012-2013); «Павлодар облысының білім басқармасы» ММ тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің бас маманы (2013-2014); Шарбақты ауданының білім бөлімі басшысының орынбасары (2014-2015); «Баянауыл ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы (2015-2016); «Павлодар облысы білім басқармасы» ММ басқарма басшысының орынбасары (2016-2017); «Павлодар облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы (2017); «Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының» басшысы (2017-2019); Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат істері басқармасының басшысы (2019-2020); Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары (2020-2022); Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Білім беру сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрағасы (2022-2025).

2025 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

166 жыл бұрын (1858-1931 ескі күнтізбе бойынша 23 шілде) қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихындағы ірі тұлғалардың бірі Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ дүниеге келді.

Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Ақын қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында туған.

Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абайдың қолында тәрбиеленген. Бұл жағдай Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына зор әсер еткен. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білген. Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстанған. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанған. Ақынның творчествосы сан-салалығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты. Шәкәрім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына, мазмұнының етене жақындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды. Абайдың кеңесі бойынша «Қалқаман - Мамыр» дастанын жазды. Сондай-ақ ақынның «Қодардың өлімі», «Крез патша» атты дастандары бар. 1905 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы қажылық сапар шегеді. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Ыстамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Осылай жинаған материалдары негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі» кітабын, ислам дінін қазақ мүддесіне үйлестіре түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» атты еңбегін жазған. Американ жазушысы Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың балағаны» романын, Л.Толстойдың «Асрхадон патша», «Үш сауал» т.б. әңгімелерін, А.Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударған. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын нәзира үлгісімен жырлаған. Идеялық мақсат-мұраттары жағынан Шәкерім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытта болған. Бұл орайда 20-шы ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болып, Алашорда қайраткерлерінің еңбегін бағалай білген.

Соңғы жаңалықтар