11 шілде. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 11 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкілдүниежүзілік халықтың қоныстану күні

БҰҰ-ның бастамасымен 1987 жылдан бастап атап өтіледі. Сол жылы 11 шілдеде БҰҰ демографтарының есебі бойынша жердің бес миллиардыншы тұрғыны дүниеге келді. 2001 жылғы мәлімет бойынша жер тұрғындары 1,1 млрд адамға көбейген. БҰҰ сарапшыларының болжамдарына қарағанда, алдағы 45 жыл ішінде адам саны 9 миллиардқа дейін артуы мүмкін. Бірақ дамыған мемлекеттерде халық саны көбеймейді, бұл көрсеткіш 1,2 млрд деңгейінде сақталады. 2050 жылы Германия, Италия, Жапония, Украина және Ресей сынды 50 мемлекетте тұрғындар саны 2005 жылмен салыстырғанда төмен болады. БҰҰ баяндамасына қарағанда адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 1950-1955 жылдары 46 жас болса, 2000-2005 жылдары — 64 жас. Яғни, адамдардың өмір сүру жасы 18 жылға өскен. 2050 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы — 75, ал дамыған мемлекеттерде 82 жас болады деп күтілуде.

Дүниежүзілік шоколад күні

Жыл сайын 11 шілдеде тәтті сүйетіндер Дүниежүзілік шоколад күнін (World Chocolate Day) атап өтеді. Шоколад күнін алғаш рет француздар 1995 жылы ойлап тапты. Шоколадты тұңғыш рет ацтектер жасап үйренді деген байламдар бар.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1894 жылы Транссібір темір жолы арқылы Қызылжар қаласына алғашқы пойыз келіп жетті. Теміржол қатынасының қалыптасуы бұл өлкенің экономикалық дамуына жасалған негізгі қадам болатын.

1977 жылы Қазақ минералдық шикізат ғылыми-зерттеу институты құрылды.

1997 жылы Қазақстан Республикасының энергетика жүйесін басқаруды құрылымдық реформалау аясында «Қазақстанэнерго» ұлттық холдингі базасында «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» АҚ (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company — KEGOC) құрылды.

1997 жылы Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы қабылданды.

2007 жылы Ақтөбе облыстық мәслихатының шешімімен өңірдегі 11 ауыл және 2 ауылдық округтің атауы өзгертілді. Атап айтқанда, ауылдардың «орысша» атаулар орнына бұрынғы тарихи атауы қайтарылды немесе атақты ақтөбелік және қазақстандықтардың атын алды. Осылайша, Ақтөбенің іргесіндегі Новостепановка ауылы — Кеңес Нокин атындағы ауыл, Алға ауданының Березовка ауылы — Қайыңдысай ауылы, Қобда ауданының Вознесеновка, Пятигорка және Қызылту ауылдары — Қурайлы, Бестау және Егіндібұлақ ауылы деп аталатын болды. Атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың аты Қарғалы ауданының Александровка ауылына берілді. Осы ауданның тағы 2 ауылы — Эрзерум мен Бородиновка — Сарыбұлақ және Қайрақты деп өзгертілді. Сондай-ақ Мәртөк ауданының Новомихайловка ауылы енді Байнассай ауылы, Казанка ауылы — Қазан ауылы, Мұғалжар ауданының Юбилейный ауылы Алтынды ауылы деп аталатын болды. Алға ауданының Ключевой округі — Үшқұдық ауылдық округі, Қобда ауданының Белогорский ауылдық округы Бестау ауылдық округі деп өзгертілді.

2012 жылы Сарыарқаның дала оттарын ресейлік энциклопедист Николай Непомнящий әлем кереметтері тізіміне енгізді. Тылсымы мол сағым Нью-Йорктегі канализацияның аллигаторлары, Бермуд үштағаны, пирамидалармен бір тізімге енгізілді. «Торғайдың сиқырлы оттары» туралы зерттеуші «Ең таңғажайып құбылыстар» кітабында толық сипатама берді.

2013 жылы қазақстандық Мария Мудряк «Belvedere» опера әншілеріне арналған халықаралық конкурсында әлемнің үздік сопраноларының ондығына кірді.

2019 жылы ҚР Қорғаныс министрлігі әскері орталық спорт клубының спортшысы Сергей Цырульников Гиннес рекордын орнатты. Ол 1 минут 48 секундта бір қолының күшіменен 10 табаға шеге қадап шықты. Сергей Цырульников — Гиннес рекордтар кітабының және әлемнің 4 дүркін, Қазақстанның 5 дүркін рекордшысы, волейбол және пауэрлифтинг бойынша спорт шебері, гір спорты бойынша спорт шеберіне үміткер, бірқатар қауіпті, күрделі әдістер мен басқа да ойын-сауық нөмірлерін орындаушы, қазақ палуандары Қажымұқан мен Балуан Шолақтың дәстүрін жалғастырушы.

2020 жылы БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамытудың жаһандық рейтингінде ТМД елдері арасында Қазақстан алғашқы орында болды. Қазақстаннан кейін Ресей (36), Беларусь (40), Украина (69), Молдова (79), Өзбекстан (87)және т. б.елдер орналасқан. Электрондық үкіметті дамыту бойынша БҰҰ-ның жаһандық рейтингінде (EGDI) үш компонент негізге алынады: электрондық қызметтерді (OSI), адами капиталды (HCI), телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту (TII).

2021 жылы «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі әйгілі британдық әнші Фредди Меркьюридің дауысымен үндескен туындысын шығарды. Ән шығаруға қазақтың халық аспаптары: қобыз, жетіген, домбыра, шертер, сыбызғы, сазсырнай, прима-қобыз және басқа аспаптар қолданылды.

Бейнероликте Қазақстанның таңғаларлық табиғаты, атап айтқанда Көлсай көлдері, Бурабай мекені, сондай-ақ еліміздің өсімдіктер әлемі мен еліміздің сұлулығын бейнелейтін жерлер түсірілген.

2022 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК спортшы-нұсқаушысы Елена Андреевна Рыбакина Президент Жарлығымен спорттағы үздік жетістіктері мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

2023 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Президент Астана үшін өткен жылыту маусымы жылу қуатының тапшылығымен өткенін айтты. Қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту көбінесе коммуналдық кәсіпорындарды басқаратын шенеуніктердің кәсібилігіне байланысты. Мемлекет басшысы Үкіметке елордада ғана емес, өңірлерде де жылу беру маусымына дайындықты бақылауда ұстауды тапсырды.

2024 жылы Қазақстанда темір жол көлігін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Мақсаты: мемлекет пен қоғам үшін оңтайлы жүйе, Қазақстандағы темір жол көлігінің жұмыс істеу жүйесін қалыптастыру. Қазіргі уақытта жолаушылар тасымалымен 14 кәсіпорын айналысады, оның ішінде 1 республикалық және 13 жекеменшік. Тұжырымдама республикалық бюджет, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.

Соңғы жаңалықтар