11-сынып оқушысы «Е-gov»-тың осал тұстарын анықтауды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жас инноватор Иван Крепак Электрондық үкімет порталының осал тұстарын анықтауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Білуімше, қазіргі кезде «Қазақстанның киберқалқаны» атты бағдарлама әзірленіп жатыр. Осындай бастамаларға жастарды тартайық. Мәселен, Электрондық үкіметтің осал тұстарын анықтауға арналған конкурс өткізуге болады. Конкурс кезінде e-gov-тың осал тұстарын тауып қана қоймай, оны шешу жолдарын ұсынған жігіттерге қолдау қажет. Компьютерлік қауіпсіздік саласындағы компаниялар құрылсын. Себебі дәл осы саланың болашағы зор», - деді Иван Крепак «Жас Отан» жастар қанатының IV съезінде.

Айта кетейік, Иван Крепак физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. «Нұринтех» және тағы басқа байқауларда жүлдегер болған. Осы уақытқа дейін ол бірнеше жобаны іске асырды. Соның бірі - смартфонды қашықтан басқару жүйесі. Бұдан бөлек, «Жарыс» атты мобильдік қосымшаны жасап шықты. Аталған қосымша арқылы мектеп оқушылары мен студенттер сан алуан олимпиадалар туралы ақпаратты таба алады.

«Мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тағы бір мобильдік қосымша жасап шығардым. Оның атауы - «Voice-көмек». Аталған қосымша арқылы құлағы естімейтін адамдармен тілдесуге болады. Қосымша арқылы адамның дауысы мәтінге, ал мәтінді дауысқа айналдыруға мүмкіндік бар. Мен оны қазақ тіліне де бейімдедім», - дейді И.Крепак.

 

Соңғы жаңалықтар