11 тамыз. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 11 тамызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1995 жылы Жидебай қорығында салынған Абай мен Шәкәрім күмбездері мемориалының ашылу салтанаты болды.
2009 жылы БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «Ядролық қаруға жол жоқ» атты қазақ-жапон көрмесінің салтанатты ашылуы болды. Қазақстан мен Жапонияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдіктері көрмені ядролық қарусыздану жөніндегі шаралардың аясында және алдағы жылға жоспарланған Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қатысушы елдердің Шолу конференциясы қарсаңында өткізіп отыр. Семей сынақ алаңындағы ядролық сынақтарды тоқтатудың 20 жылдығы мен Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының құрылуына арналған көрме жұмысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы және Орталық мемлекеттік мұрағат мағлұматтары қолданылған. Көрмені ұйымдастыруға Семей, Хиросима және Нагасаки қалаларының әкімшіліктері, Сәулеге ұшырағандардың денсаулығы мәселелері жөніндегі Хиросима Халықаралық кеңесі, Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы мен Орталық мемлекеттік мұрағаты қатысты. Көрменің ашылу салтанатына БҰҰ-ға мүше елдердің, БҰҰ Хатшылығының, АҚШ-тың қоғамдық-саяси және іскер топтарының өкілдері, қазақстандық диаспора мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
2011 жылы 1931-1934 жылдар аралығында Тұрар Рысқұлов тұрған Мәскеу орталығындағы Покров саяжолы бойынша № 14 үйдің алдыңғы бетінде оның құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. Мемориалдық тақтаны орнату туралы келісімді ҚР Елшілігі және Мәскеу билігі 2010 жылы жасаған, кейін бұл идеяны Мәскеу қаласындағы көрнекті оқиғалар мен отандық тарих және мәдениет қайраткерлерінің есімін мәңгі есте қалдыру комиссиясы қолдады.
2012 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 20 жыл толуына орай ШҚ қызметкерлері Нұрсұлтан шыңына ҚР ҰҚК Шекара қызметінің туын тікті. Әрі болашақ ұрпаққа арнап елдің патриоты болуға шақырған хаты бар капсуланы сонда қалдырды.
Нұрсұлтан шыңы (4 376 м) Іле Алатауының Тұйықсу ауданында. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталады.
2016 жылы Астана қаласында Қошқарбаев көшесі мен Момышұлы даңғылы қиылысында Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың қола мүсіні орнатылды.
2016 жылы Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы кентінде жаңа инфрадыбысты станция іске қосылды. Ол әлемдегі полигондарда заңсыз жүргізіліп жатқан ядролық сынақтарды тіркеп отырады. Қазақстанда жаңа 9 элементті инфрадыбысты станцияның іске қосылуы жаһандық ғылымдағы зор жетістік болды. Станция дәлдігі аса жоғары, ең соңғы қондырғылармен, атап айтқанда, микробарометрлермен, дигитайзерлермен, радиомодемдік деректерді беру жүйелерімен жабдықталған.
2017 жылы Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында өткен «Technovation challenge» халықаралық байқауында өнертабыстарын халықаралық сарапшылар алдында қорғап шықты. Олар әзірлеген QamCare мобильдік қосымшасы байқаудың бас жүлдесіне ие болды. Байқау финалына Кения, Армения, Үндістан және Қазақстаннан алты команда шықты.
2017 жылы Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы Шыңғыстай ауылында 1907 жылы салынған мектеп қалпына келтірілді. ХХ ғасырдың басында бұл мектепте Әбдікерім болыстың арнайы шақыруымен Алаш ардақтысы, қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров, көрнекті жазушы Оралхан Бөкей сабақ бергені белгілі. Осындай тағылымды тарихы бар қара шаңырақ Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында қараусыз қалып, быт-шыты шығып, бұзылып, тек іргетасының орны ғана қалып еді. Катонқарағайлық азаматтар мектептің ашылғанына 100, мектепті өз қаржысына салғызған Әбдікерім Ережеповтің туғанына 150, Алаш Орда үкіметінің құрылуының 100 жылдығына орай тарихи ғимаратты қалпына келтіруді жөн деп ұйғарды. Бұдан тыс, 30-жылдары НКВД орналасқан ағаштан соғылған көне мектептің қабырғаларында атуға үкім етілгендердің аты-жөні күні бүгінге дейін сақтаулы.
2018 жылы Маңғыстау облысында Құрық порты салтанатты түрде ашылды. Құрық порты халықаралық көлік дәлізіне қосылды. Порт айдынына теміржол мен автожол магистральдары келіп кіреді. Теміржол паромы мен автокөлік кешені жылына 7 миллион тоннадан астам жүкті қабылдап, өткізеді. Порттың кедендік қызметі мен қызмет көрсету инфрақұрылымы көлік құралдарын 30-40 минутта өңдей алады. Құрық портындағы маңызды нысандар терминалдық-қоймалық инфрақұрылымды дамытады.
2018 жылы Астанада 5 дүркін әлем чемпионы, 4 дүркін Еуропа чемпионы атанған, аты аңызға айналған ауыр атлет Анатолий Храпатыйдың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды.
2018 жылы ТМД Туризм кеңесінің төрағалығы Қазақстан Республикасына ауысты. Бір жыл бойы Қазақстан төрағалық еткен Кеңес ТМД елдерінің туризм саласын дамыту үшін жақсы мүмкіндіктер есігін ашты.
2019 жылы Қазақстан астанасында «Мәміле» қазақ тілі клубы ашылды. Оның мақсаты — орыс тілді қазақтар мен басқа этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету. Астанадағы «Мәміле» бөлімшесінің басшысы — лингвист, полиглот Владислав Тен. Ол қазақ тілін екі жыл ішінде үйреніп шыққан.
2019 жылы Өскемен қаласында «Халифа Алтай» мешітінде Ислам мәдениеті музейі ашылды. Онда Қазақстандағы ислам дінінің дамуы мен пайда болу тарихы көрсетілген. Музейде 500-600 жылдық кітаптар бар.
2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, философ, ағартушы және қоғам қайраткері Абайдың 175 жылдығына орай, Болгарияның Свети Влас қаласындағы танымал тұлғалар аллеясында Абай барельефінің ресми ашылу рәсімі өтті.Шара Қазақстанның Болгариядағы елшілігінің бастамасымен және ұсынысымен, сондай-ақ «Память Болгарии — братьев Диневи» атты қорының қолдауымен өткізілді. Абай барельефі Васил Левски, Христо Ботев, адмиралдар Федор Ушаков және Горацио Нельсон, Ганс Христиан Андерсен, Джузеппе Гарибальди, Джанюариус Магкахан, Шандор Петефи, француз маршалы Филипп де Клерк, Фридрих Шилер сияқты басқа елдердің танымал тұлғалардың барельефтері арасында өзінің лайықты орнын тапқан.
2021 жылы Бейжіңде Қытайдың белгілі суретшісі және мүсіншісі, «Цзиньтай» өнер мұражайының директоры Юань Сикунь жасаған ақынның қоладан құйылған бюстін Шығыс Қазақстанның Абай ауданында орналасқан Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясына салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
2021 жылы Бельгияның Корольдік кітапханасының қорына ұлы қазақ ақыны, композитор, ағартушы, ойшыл Абайдың француз тіліндегі «Қара сөздері» жинағы берілді. Бельгия Корольдігінің кітапханасы 1837 жылы құрылған, елдегі ең үлкен кітапхана. 17 қабаттан тұратын кітапхананың коллекциясында 6 млн-нан астам том бар.
2021 жылы Семей қаласында Найманбаев көшесі 187, ескі үйге ескерткіш мәртебесі берілді. Бұл үй 1840 жылы салынған, әлі де пайдаға жарайтындай көп бүлінбеген.
2021 жылы Баку қаласындағы Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорында Абайдың 175 жылдығына орай Испанияда дайындалған пошта маркаларын қолданысқа енгізу салтанаты өтті.
2022 жылы Абай күніне орай Алматыдан келген суретші Әсел Сабыржанқызы (Ассоль) Абайдың портретін «Көзімнің қарасы» ән сөздерімен бейнеледі.
2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Солтүстік Македония Республикасының Сыртқы істер министрі Буяр Османиді қабылдады. Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде Буяр Османидің Астанаға сапарының маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы қарым-қатынастарды нығайту және Скопьеде елшілік ашу перспективаларына ерекше тоқталды.
2023 жылы Поти портындағы (Грузия) мультимодальды терминал аумағына капсула салынды. Салтанатты шараға Грузия Премьер-министрінің орынбасары, Экономикалық және тұрақты даму министрі Леван Давиташвили, Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, сондай-ақ екі елдің кәсіпкерлері қатысты. Леван Давиташвили атап өткендей, Грузия мен Қазақстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық дамудың жаңа кезеңіне өтуде. 2022 жылы елдер арасындағы жүк айналымы 3 миллион долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда үш есе өсті. Қарым-қатынас пен әлеуетті дұрыс дамыту үшін жүк логистикалық инфрақұрылымын дамыту қажет. Өз кезегінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Қазақстан қазір ҚХР-дан жүк тасымалдауда транзиттік хабқа айналу үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. ЕО елдеріне және кері. Салынып жатқан терминал Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТИТР) бойынша жүк тасымалы көлемін арттыруға көмектеседі.
2023 жылы Қостанайда ХІ азаматтық форум өтті. Негізгі тақырып үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының халықаралық тәжірибесін талқылау болды. Іс-шараға еліміздің барлық аймақтарынан түрлі мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ және Бельгия, Нидерланды, Ұлыбритания, Франция, Грузия, Украинадан халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылды.
2024 жылы елордада 4200 қатысушының басын қосқан жыл сайынғы «Жүрегімнің жеңімпазы» атты қайырымдылық жүгіру өтті. Қайырымдылық акциясы Қазақстандағы трансплантация мәселелерінің маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтіп, қоғам назарын органдарды трансплантациялаудың өзекті мәселелеріне аударды. Бұл шара донорлық органдарды күтіп жүргендерге қолдау көрсетудің маңыздылығын еске салып қана қоймай, сонымен қатар донорлықтың маңыздылығы туралы халықтың санасын қалыптастыруға шақырады.