11 желтоқсан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 11 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

84 жыл бұрын (1940) Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Фарит Хабибрахманұлы ҒАЛЫМОВ дүниеге келді.

Петропавл қаласында туған. 1968 жылы С.М.Киров атындағы Орал политехникалық институтын бітірген. 1982 жылы КСРО Халық шаруашылығы академиясы Халық шаруашылығын басқару институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1959-1960 жылдары «Құрылысматериалдары» тресінің темір-бетон зауытында бетоншы, слесарь, 1960-1975 жылдары «Петропавлстрой» тресінде сырлаушы, бригадир, прораб, өндірістік-техникалық басқарма бастығы, бас инженер, құрылыс-монтаждау басқармасының бастығы болды. 1975-1990 жылдары «Көкчетавстрой» КММ бас инженері, бастығы, 1990 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитетінің төрағасы, 1991-1993 жылдары «Қазақстанқұрылыс» мемлекеттік акционерлік концернінің президенті, 1993-1996 жылдары ҚР Құрылыс, тұрғын үй және аумақтық даму министрінің бірінші орынбасары, 1996-1998 жылдары Жоғары және орталық органдарды Ақмола қаласына көшiру жөнiндегi мемлекеттiк комиссияның төрағасы – ҚР Министрi, 1998-2002 жылдары Ақмола (Астана) қаласы әкімінің бірінші орынбасары, 2002-2008 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің мүшесі, 2009 жылы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Президентінің кеңесшісі, 2002-2008 жылдары Астана қаласынан сайланған ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды.
«Құрмет», 2-дәрежелі «Барыс» ордендерімен, «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
69 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты директорының кеңесшісі Рамазан Құмарбекұлы САРПЕКОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысының Панфилов қаласында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1973-1974 жылдары Алматы облысындағы Панфилов ауданында құрылысшы болды. 1974-1976 жылдары Кеңес әскерінің қатарында Хабаров өлкесінде қызметте. 1976-1981 жылдары Алматы қ. «Электромонтаж» ҚБ, электромонтаждаушы, 1981-1982 жылдары Алматы қ. Әуезов ЖҚУ кадр бөлімінің инспекторы, 1982-1986 жылдары Торғай ауданы Жангелді ауданының прокуратурасы тергеушісі, 1986-1988 жылдары Торғай облысы прокуратурасының аса маңызды істер бойынша аға тергеуші, 1988-1989 Қостанай облысы Амангелді ауданы прокуратурасының тергеушісі (Торғай облысын таратуға байланысты), 1989-1994 жылдары Қостанай облысы Амангелді ауданының Халық сотының төрағасы, 1994-1995 жылдары Торғай облыстық соты Төрағасының орынбасары, 1995-1997 жылдары Торғай облыстық сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, 1997-1999 Арқалық қ. өңірлік сот құрамының төрағасы, Қостанай облыстық сотының судьясы (Торғай облысын таратуға байланысты), 1999-2004 жылдары II сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, 2005-2006 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 2006-2007 жылдары ҚР Бас прокуратурасының Аппарат басшысы және алқа мүшесі, 2007-2011 жылдары IV сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, 2012-2016 жылдары V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, ҚР Әділет министрінің кеңесшісі қызметін атқарған. 2017-2019 жылдары ҚР Әділет Министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК директоры, 2019-2024 жылдары ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметіне 2024 жылдың қыркүйегінде кірісті.
59 жыл бұрын (1965) Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы Сембіғали Төрешұлы ЗӘКЕНОВ дүниеге келді.

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Сарқамыс ауылында туған.
Еңбек жолын 1991 жылы Жоғары білім министрлігінің жолдамасымен Қазақ политехникалық институтының Ақтау филиалында мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану кафедрасының оқытушысы болып бастады. Осы оқу орнында ол қарапайым мұғалімнен университет профессорына дейін көтерілді.
1992 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Механика және қолданбалы математика институтының күндізгі бөлімінде аспирантураға түсіп, 1996 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. 1998 жылы ҚР Жоғары аттестациялық комитетінің шешімімен «Механика» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілді. 2009 жылы «Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғап, 2010 жылы «Пайдалы қазбаларды игеру» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағын алды.
Білім саласындағы елеулі еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы беріліп, «Қазақстан Республикасының ғылымына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
80-нен астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы.
1996-2007 жылдары Ш.Есенов атындағы университетте келесі лауазымдарда жұмыс істеді: 1996-1999 жылдары университеттің аға оқытушысы, доцент, 1999 жылы университет ректорының ғылыми хатшысы, көмекшісі, 2000-2001 жылдары Мұнай кен орындарын игеру басқармасының бастығы, 2001 жылы Әлеуметтік қорғау және коммерция жөніндегі проректор, 2001-2007 жылдары Мұнай және газ кен орындарын игеру факультетінің деканы, профессор, 2007-2008 жылдары «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2008-2013 жылдары Каспий мемлекеттік инженерлік-технологиялық университеті Теңіз технологиялары институтының директоры. 2013-2017 жылдары Каспий мемлекеттік инженерлік-технологиялық университетінің ғылыми жұмыстар және байланыс жөніндегі проректоры, 2017-2018 жылдары «Қазнипимұнайгаз» ЖШС бас директорының кеңесшісі, 2018 жылдың наурыз айынан бастап Каспий мемлекеттік инженерлік-технологиялық университетінің «Мұнай-газ инженериясы және геологиясы» кафедрасының профессоры.
2018 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.
48 жыл бұрын (1976) ҚР Парламенті Сенатының Жамбыл облысынан сайланған депутаты Сәкен Қаланұлы АРУБАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Кіші Қамқалы ауылында туған. 1998 жылы М. Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін жерге орналастыру инженері мамандығы бойынша, 2006 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Экономика бакалавры» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы:1998-1999 жылдары Жамбыл облыстық ғылыми-өндірістік жерге орналастыру орталығының инженер-жерге орналастырушысы, 1999-2003 жылдары Жамбыл облыстық жер инспекциясының бас маманы, 2003-2004 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратының агроөнеркәсіп кешені және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бас маманы, 2004-2007 жылдары Жамбыл облысы әкімінің көмекшісі, Тараз қаласы, 2007-2008 жылдары Жамбыл облысы, Тараз қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2008-2009 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы, Тараз қаласы, 2009-2011 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, Тараз қаласы, 2013-2019 жылдары Мойынқұм ауданының әкімі, 2013-2019 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары, 2019-2022 жылдары Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылының әкімі, 2022-2023 жылдары Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылының әкімі қызметін атқарды.
2023 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалі, «Құрмет» орденімен марапатталған.
46 жыл бұрын (1978) ҚР Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор, белгілі журналист Нұрлан ОҚАҰЛЫ дүниеге келді.

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туған. 1992 жылы ата-анасымен бірге тарихи отаны – Қазақстанға қоныс аударған. 1992-1996 жылдары Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатта білім алған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің Журналистика факультетін бітірген.
Еңбек жолын университеттің 2-курсында оқып жүрген кезінде бастаған. 1997-1998 жылдары республикалық «Хабар радиосында» жүргізуші, 2000-2001 жылдары КТК телеарнасында жаңалықтар қызметінің тілшісі, 2001-2002 жылдары «Қазақстан» ұлттық телеарнасында редактор - коментатор, 2002-2004 жылдары «Астана» телеарнасында редактор, продюсер, 2004-2012 жылдары «Хабар» агенттігінде корреспондент болып қызмет атқарды.
2006-2012 жылдары президенттік пул құрамында Президент жұмысын халыққа көрсетуге тікелей атсалысты. 2012-2013 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі, 2013-2015 жылдары ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2015-2018 жылдары Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2018-2019 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары, 2019-2020 жылдары Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.
2020 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.
2008 жылы республикалық «Шабыт» байқауының «Журналистика» номинациясы бойынша бас жүлде иегері. 2011 жылы Президенттің алғыс хатына ие болып, «Нұр Сұңқар» республикалық байқауының арнайы жүлдесін жеңіп алды. Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы медалдарымен, 2016 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен және 2017 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
160 жыл бұрын (1864-1919) қазақтың атақты халық әнші-композиторы, айтыскер ақын, ат үсті ойынының түрлі тәсілдерін меңгерген ерекше өнерпаз, күш өнерін көрсеткен спортшы, жауырыны жерге тимеген балуан Нұрмағамбет БАЙМЫРЗАҰЛЫ (Балуан Шолақ) дүниеге келген.

1864 жылы Мойынқұмның Хан тауының маңында туған. Ақмола облысындағы Тасты өзенінің бойында жерленген. Балуан Шолақтың жас кезінде әкесі Көкшетауға көшіп келген. Осында өсіп, өнер қуып, Арқаның ардагер серісі атанған оның әндері, өлеңдері көптеген жинақтарға енген, жеке кітап болып та басылып шыққан. Он төрт жасында күреске түскен Балуан Шолақ салдық құрып, төңірегіне өнерлі жастарды жинаған. Жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты халық «Балуан Шолақ» деп атап кеткен.
Көкшетау қаласында өткен бір үлкен жиында 51 пұт (830 кг тарта) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таңғалдырған. 1899 жылы 35 жасында орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырған. 1913 жылы ата-бабасының туып өскен, кіндік қаны тамған Шу өңіріне келген. Осы сапарында Қордай даласында қой бағып жүрген Кенен Әзірбаев оның көптеген әндерін үйренген.
Балуан Шолақ Шу өңірінде болған сапарында көтерген салмағы 1050 келі тартатын тас бүгінде аудандық тарихи өлкетану мұражайының алдына қойылған. Сондай-ақ, Далақайнар өңіріндегі өзі аршыған тұнба әлі күнге дейін «Балуан Шолақ бұлағы» аталып келеді. Еліміздегі көптеген қалалардағы спорт сарайлары Балуан Шолақ атымен аталады.