11 жылда Қазақстанның ұлттық қорына 11,8 триллион теңге түсті

Сорос-Қазақстан қорының Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Наргис Қасенованың айтуынша, Ұлттық қор қазіргі және келешек буынның әл-ауқаты үшін қажетті даму құралы емес, қиын-қыстау күнде арқа сүйейтін жинақ болып отыр. Соңғы жылдары оның айқындығы артқанымен, есептілік деңгейі мәселесі әлі ашық күйінде қалып отыр. Бұл өз кезегінде мына екі мәселеде көрініс табуда. Біріншісі, ел тұрғындары өздерінің Ұлттық қорға қатысын айқын сезіне алмауда. Екіншісі, қоғамдық талқылаудың болмауы оның орнықты даму институтына айналуын айтарлықтай қиындатып отыр.
Ұлттық қор ҚР Президентінің Жарлығымен 2000 жылдың тамызында құрылған болатын. 10 жылдан астам уақытан бері ол Қазақстанның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, дағдарыс кезінде елдің экономикалық қауіпсіздігінде "жастық" қызметін атқаруда. Ұлттық қорға 11 жылда 11,8 триллион түсіп, оның 4,6 триллион теңгесі қолданылды. Бұл ағымдағы жылғы республикалық бюджеттің көлемімен бірдей болып отыр. Ал Ұлттық қордағы қазан айының басында шоғырландырылған қаржы көлемі 2012 жылғы бюджеттік шығыстардың көлемінен асып түсті.