ШҚО-да жануарларды қорғау мекемесінен 11,3 млн теңгенің заңбұзушылығы анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында прокуратура «Ұлан-Вет» ШЖҚ КМК қызметін тексеру барысында бюджет және еңбек заңнамасының бұзылғанын анықтады.

224,7 млрд теңге бюджет қаражатын негізсіз пайдалануға жол берілмеді — Антикор
Фото: Мұхтар Холдорбеков/Kazinform

Облыстық прокуратураның мәліметінше, тексеру кезінде қызметкерлерге еңбекақыны заңсыз есептеу, негізсіз сыйақы беру, құжатпен расталмаған төлемдер жасау және жалған іссапар шығындарын рәсімдеу фактілері әшкереленген. Сонымен қатар жануарларды ұстау, стерилизациялау, вакцинациялау және кейін босату бағдарламасын іске асыру кезінде де заңбұзушылықтарға жол берілген.

Ведомствоның хабарлауынша, бұл заңбұзушылықтар салдарынан мемлекетке келген шығынның жалпы сомасы 11,3 млн теңге болған.

— Тексеру барысында мекеме қызметкерлерінің жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмегені анықталды. Бұдан бөлек, қауіпсіздік техникасы бойынша міндетті оқудан өтпеген адамдардың жұмысқа жіберілгені белгілі болды, — делінген хабарламада.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша бес лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа, ал екі басшы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Қазіргі уақытта мемлекет кірісіне 5,5 млн теңге өндірілді. Қалған соманы өндіріп алу және анықталған заңбұзушылықтарды толық жою жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін СҚО-да құрылыс кезінде 380 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталғанын жазғанбыз.