119 млн теңге залал келтірген қылмыскерлер Қазақстанға экстрадицияланып, сотталды

Олардың арасында Қуанышбай Хамраев бар. Оған алаяқтық жасады деген күдікке ілінуіне байланысты халықаралық іздеу салынып, 8 айдан кейін Өзбекстаннан қайтарылды.
Хамраев таныстары арасында жоғары шенді шенеуніктермен байланыста екенін айтып, оларға сот дауы бойынша мәселелерді шешу үшін ықпал етуге уәде еткен. Ол алаяқтық жолмен азаматтардың 40 млн теңге көлемінде қаржысын иемденген.
Ал Қайрат Оразбеков бір жылдан астам уақыт бойы халықаралық іздеуде болған. Ол адамдар тобымен бірге алдын ала сөз байласып, ұрлық жасаған. Оның келтірген залалы 23 млн теңгені құрайды.
Күдікті ауыр қылмыс жасағаннан кейін құқық қорғау органдарынан қашып, Украинаға кеткен. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.
119 млн теңге залал келтірген қылмыскерлер қазіргі таңда Астана сотының үкімімен ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Зардап шегушілердің талаптары қанағаттандырылды.