12 ақпан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 12 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
73 жыл бұрын (1951) Халықаралық жыршы, термеші және айтыс ақындары одағының төрағасы, ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Молдашұлы ЕРМАН дүниеге келді.
Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1980 жылға дейін Жезді ауданы «Октябрь туы» газетінің әдеби қызметкері, 1971-1978 жылдары Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің аға редакторы, 1978-1980 жылдары Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің бас редакторы. 1982-1992 жылдары Қазақ республикалық теледидарының бас редакторы, 1992-1996 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Қазақ мемлекеті» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан қанаты» - «Крылья Казахстана» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. 1997-2003 жылға дейін шығармашылық жұмыста болды. 2003-2006 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, 2006-2007 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары - Қазақ радиосының бас директоры. 2007-2009 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған. 2009 жылдан бастап - «Алматықұрылыс» Ұлттық холдинг компаниясы акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі. Тұңғыш өлеңдер жинағы - «Жанартау» 1983 жылы жарық көрді. «Арайлы күн армысың», «Ұлытауға бардың ба?..», «Құдіретке жүгіну» , «Екі тізгін, бір шылбыр» атты кітаптардың авторы. Өлеңдері мен поэма, балладалары адам, оның жан дүниесі, рухани құдылықтарын өзек етеді. Жүрсін Ерманов қазақтың атамұра өнері - ақындар айтысын қайта жаңғырту, оны теледидар мен радиода насихаттау ісінде айтарлықтай жұмыстар атқарды. Ақындарды 1984 жылдан үлкен сахнаға шығарып, халық өнерін, ұлттық рухты көтеруге үлес қосты. Ақындар айтысын жинақтап жариялау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Қазіргі айтыстар» (2005, Астана, 2 том) жинағын құрастырды. Бірнеше бейне, аудиокассета, дискілері жарыққа шыққан. Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығының екі мәрте иегері. Халықаралық қазақ тілі қоғамының мүшесі. Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.

61 жыл бұрын (1963) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Асқар АЛТАЙ дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Алматы мемлекеттік университетін бітірген. Алматы облысы Күрті аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі, С.Мұқанов мұражай-үйінің кіші ғылыми қызметкері, Қазақ теледидары «Алатау» бағдарламасының жауапты редакторы, «Жұлдыз» журналы әдеби сын бөлімінің редакторы, бөлім меңгерушісі, «Ер-Дәулет» ақпарат агенттігі бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Қаржы-қаражат» журналы бас редакторының орынбасары, бас редакторы, «Білім» баспасының жетекші редакторы болған. Жазушының «Қыр мен қала хикаялары» атты повестер мен әңгімелер жинағы, «Алтай новелласы» атты прозалық жинағы жарық көрген. «Қызыл бөлтірік» кітабы Халықаралық Сорос қорының бас жүлдесін алған.

59 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР Қарулы күштері Бас штабының басшысы Сұлтан Бүркітбайұлы КАМАЛЕТДИНОВ дүниеге келген.
Астрахан облысында (РФ) туған. Ташкент жоғары танк училищесін бітірген; Танкіге қарсы әскерлер әскери академиясының тыңдаушысы; Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясының тыңдаушысы.
Еңбек жолы: 1986-2005 жылдары Германиядағы кеңес әскерлері тобының танк дивизиясының гвардиялық танк полкінің танк взводы командирі; танк батальоны командирінің орынбасары – штаб бастығы, танк батальоны командирі, танк полкінің командирі, механикаландырылған дивизия командирінің орынбасары – штаб бастығы, механикаландырылған бригада командирі, 2006-2008 жылдары «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскер қолбасшысы басқармасының штабы бастығының орынбасары, «Оңтүстік» ӨҚ әскер қолбасшысының әскери дайындық жөніндегі орынбасары, 2010-2012 жылдары «Оңтүстік» ӨҚ әскер қолбасшысы басқармасы штабының бастығы – қолбасшының бірінші орынбасары, 2012-2013 жылдары «Астана» ӨҚ әскер қолбасшысы басқармасы штабының бастығы – қолбасшының бірінші орынбасары, 2013-2016 жылдары «Астана» ӨҚ әскер қолбасшысы, 2016-2019 жылдары ҚР Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштерінің Құрлықтағы әскерлер бас қолбасшысының бірінші орынбасары, 2019-2021 жылдары ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің басшысы қызметін атқарды.
2024 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

52 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Жоғары есеп палатасының мүшесі Тілеген Төлегенұлы КАСКИН дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданында туды.
1994 жылы Қорған мемлекеттік ауыл шаруашылық академиясының экономист-ұйымдастырушы мамандығы бойынша бітірді. 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік қызмет Академиясының мемлекеттік қызмет менеджері мамандығы бойынша бітірді.
2015 жылы Сібір ауыл шаруашылығы экономикасының ғылыми-зерттеу институтының диссертациялық кеңестің шешімімен оған экономика ғылымы кандидатының ғылыми дәрежесі берілді. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау бойынша Комитетінің шешімімен PhD экономика докторы дәрежесі берілді.
Еңбек жолын 1987 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Соколовка селосында аудандық азық-түлік комбинатының слесары болып бастады.
1994-1995 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының Соколовка селосында «ИГІЛІКБАНК» КАБ Соколовка филиалының аға маманыны болып қызмет атқарды. 1995-1998 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы әкімі аппаратының кіші және орта бизнес комитетін басқарды, 1998-2000 жылдары ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет Академиясының тыңдаушысы, 2000-2001 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының бас инспекторы қызметін атқарды. 2001-2003 жылары ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқарма бастығының орынбасары болды. 2003-2004 жылдары ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасын басқарды. 2004-2006 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының әкімі болып қызмет істеді. 2006-2008 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы, 2008-2013 жылдары ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқарма бастығы — Тәртіптік Кеңестің төрағасы болды. 2013-2014 жылдары ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің Тәртіптік Кеңестің төрағасы болды. 2014-2016 жылдары ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары — департаменттің Тәртіптік Кеңесінің төрағасы болды. 2016 жылдан 2018 жылдың шілдесін қоса Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы, Әдеп бойынша Кеңестің төрағасы қызметін атқарды. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы.
Қазіргі қызметінде 2022 жылдың қарашасынан бастап.

47 жыл бұрын (1977) ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Асанханұлы ӘБУБӘКІРОВ дүниеге келген.
Түркістан облысында туған. ҚР Қарулы Күштері Әскери академиясын, Ұлттық қорғаныс, әскери және мемлекеттік басқару университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1998-1999 жылдары №32363 әскери бөлімінің десант-шабуылдау батальоны барлау ротасының барлау тобының командирі, 1999-2001 жылдары №32363 әскери бөлімінің ауыр зеңбіректер ротасының командирі, 2001-2006 жылдары №32363 әскери бөлімінің десант-шабуылдау батальоны командирінің орынбасары, №61993 әскери бөлімі командирінің орынбасары – штаб бастығы, 2006-2009 жылдары №22750 әскери бөлімінің командирі, 2009-2012 жылдары №25744 әскери бөлімінің командирі, 2012-2015 жылдары №61993 әскери бөлімінің командирі, 2015-2016 жылдары ҚР Қарулы Күштері Аэромобильді әскер қолбасшысы басқармасының әскери дайындық басқармасының бастығы - Аэромобильді әскер қолбасшысының әскери дайындық жөніндегі орынбасары, 2016-2017 жылдары ҚР Қарулы Күштері Құрлықтағы әскерлер десант-шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, 2017-2019 жылдары «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, 2019-2021 жылдары ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен; «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1979) танымал қазақстандық журналист, жүздеген деректі фильмнің авторы және продюсері Майя БЕКБАЕВА дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында туған. Әль-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
Еңбек жолы: Телевидениеге 2000 жылы келген, алдымен Алматының «Шахар» телеарнасында журналист, кейіннен жаңалықтар қызметінің жүргізушісі қызметін атқарады. 2005 жылы Алматыда қалалық «Таң» телеарнасының журналисті, кейіннен шеф-редактор қызметіне ауысады. 2009 жылы «Қазақстан» телекорпорациясының шақыртуымен Астана қаласына көшіп, «Қазақстан» телекорпорациясында 2011 жылдың маусым айына дейін қызмет етеді. 2012 жылдан бастап «Жетінші арнада» жаңалықтар және «Другими словами» бағдарламасы, сонымен қатар әлеуметтік тақырыптағы «ЖОЛЫ бар!» ток-шоуының жүргізушісі ретінде қызмет етті. 2016-2019 жылдары «Хабар» агенттігінде бірқатар бағдарламаларды жүргізді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары (2020-2022). 2019-2022 жылдары «Qazaq TV» телеарнасының директоры. Jibek Joly телеарнасындағы «Наша история» жобасының авторы.

76 жыл бұрын (1948-2007) ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Олег Вадимович КВЯТКОВСКИЙ дүниеге келді.
Ресейде туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
«Советская Чукотка», «Ленинская смена», «Казахстанская правда» газеттерінің тілшісі, «Строительной газеты» газетінің Қиыр Шығыс бойынша, меншікті тілшісі, «Труд» газетінің Түрікменстан бойынша, Қазақстан бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. 1993-1996 жылдары «Караван-Эдвертайзинг» жарнама агенттігінің бас директоры. 1999-2001 жылдары «Караван» газетінің бас редакторы, «Труд-Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. 2001-2002 жылдары «31 канал» телерадио компаниясының атқарушы директоры. 2002-2005 жылдары «Столичная жизнь» газетінің бас редакторы. 2005-2007 жылдары «Казахстанская правда» Республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті қызметін атқарған. «Құрмет» орденімен (2006), «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен; I, II дәрежелі «КСРО КСРО шекара әскерлерінің үздігі» белгісімен, БЛКЖО ОК Құрмет белгісімен марапатталған.