12 ақпан. Жылнама

ҚазАқпарат күнтізбесі
Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 12 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік неке күні

Жыл сайын ақпанның екінші жексенбісінде тойланады. Негізін қалаған – ерлі-зайыптыларға некелерін жақсартуға көмектесуге арналған сенімге негізделген бағдарлама ұсынған Worldwide Marriage Encounter ұйымы. Дүниежүзілік неке күнінің басты мақсаты - қоғамның негізгі бірлігі ретінде ерлі-зайыптылардан тұратын отбасының маңыздылығын атап өту.

Халықаралық Ғылым және гуманизм күні (Дарвин күні)

Ағылшынның белгілі натуралист ғалымы Чарльз Дарвиннің туған күніне орай жыл сайын атап өтіледі. Ғалымның табиғи сұрыпталу теориясы, эволюциялық теориясы көзі тірісінде-ақ ғылыми төңкеріс жасады деп бағаланды.

Қызыл қол таңбалары күні

Атаулы күн саяси қайраткерлер мен жұртшылық назарын соғыс балаларына аудару мақсатында аталып өтеді. 2002 жылдың 12 ақпанында Балалар құқықтары туралы конвенцияға қосымша түрде қабылданған қарулы қақтығыстарға тартылған балаларға қатысты Факультативтік хаттама күшіне енді. 2008 жылы әлемде балалар мен жасөспірімдер қызыл қол таңбаларын жинау науқанын бастады. 250 мыңнан астам бала қолының таңбасы жиналып, БҰҰ Бас хатшысы Пак Ги Мунға 2009 жылдың 12 ақпанында тапсырылды. Оны Колумбия мен Кот-д'Ивуарда соғыстарға қатысқан әскери балалар мен Германияның жас белсенділері тапсырып, әскер ретінде балаларды пайдалануды тоқтатуға үндеді.

Аутизм жексенбісі

Дүниежүзінде ақпанның екінші жексенбісінде аутизммен ауыратын адамдардың мәселелеріне қоғамның назарын аудару мақсатында арнайы іс-шаралар өткізіледі. Бұл күн аутизм жексенбісі немесе аутизм және Аспергер синдромы үшін халықаралық дұға күні ретінде белгілі.

Аутизм - бұл әлеуметтік өзара әрекеттесу мен қарым-қатынаста айқын кемшіліктермен, сондай-ақ шектеулі қызығушылықтармен және қайталанатын әрекеттермен сипатталатын ауру. Аутизм - бұл жүйке жүйесінің дамуының бұзылуы және әдетте бұл диагноз балалық шақта диагноз қойылады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1955 жылы Қызылорда облысында Байқоңыр ғарыш айлағын салу туралы шешім қабылданды. 6717 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Осы ғарыш айлағынан алғашқы жасанды спутник және тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин ұшырылды.

1992 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

1994 жылы Норвегияның Лилехаммер қаласында өткен ХVII қысқы ойындарға тәуелсіз Қазақстан құрамасы алғаш рет қатысты.

2001 жылы Павлодарда ХХ ғасырдың басында алғашқы жарықпен сурет салу салонын ашқан Дмитрий Багаевтың Музей-үйі ашылды. Ол түсірген суреттер арқылы қазіргі ұрпақ өткен ғасырдың бас кезіндегі қазақ тұрмысы туралы құнды деректерге ие болып отыр.

2007 жылы Ұлттық банктің Орталық филиалына номиналы 500 теңгелік екі коллекциялық күміс шақа келіп түсті. Шақалардың дайындалу сапасы - «proof», тиражы - 4 мың дана. Бірінші шақада - баласын бесікке бөлеп жатқан ана бейнеленсе, екіншісінде - Алматыдағы орталық мешіт бейнеленген. Коллекциялық шақаның салмағы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм. Әрқайсысының құны 5 мың теңге. Шақалар 925-сынамалы күмістен жасалған.

2014 жылы Қызылқұм шөлейтінде шымкенттік археологтар XVIII ғасыр батырларының сауытын тапты. Кездейсоқ жәдігер жайлы археологтарға жергілікті тұрғындар айтқан. Тарихшылар алғаш рет үш ғасыр бұрын қазақтар жоңғарлармен қалай айқасқаны туралы деректі дәлел тапты. Дулыға, сауыт, жамылғылар ұқыпты шешіліп, арнайы сақтау үшін қойғандай етіп орналастырылған.

2015 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ серіктік навигациялық аппаратураның сәйкестікті бағалау зертханасын (СБЗ) құру бойынша жұмыстарды аяқтады, оның көмегімен СНА метрологиялық сипаттамасы жүргізіледі. Навигациялық және жиілік-уақытша параметрлердің кемшіліктерін өлшейді. Теңізде, құрылықта, авиацияда, ғарышта, геодезияда және басқа да арнайы қолдану саласында СНА техникалық мүмкіндіктерін айқындайды.

2015 жылы Toshiba International (Жапония) қоры әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасына теңдессіз беземе жиынтығын берді. Құнды дүниені сыйлау ҚазҰУ шығыстану факультетінің Оңтүстік Азия және Қиыр Шығыс кафедрасының қормен серіктестігі аясында жүзеге асты. Сыйлық – Эдо дәуіріндегі танымал жапондық укиё-э жиынтығы (1600-1868), сонымен қатар оған укиё-э туралы ақпарат беретін видеоматериалдар мен кітаптар жиынтығы кіреді.

2016 жылы Баку қаласында Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Елшілігінің жаңа ғимаратында еліміздің мемлекеттік туы салтанатты түрде көтерілді. Елшіліктің жаңа ғимараты Қазақстанның шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктерінің, сондай-ақ Әзербайжанда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық кеңселердің арасындағы ең сұлу ғимараттардың бірі. Елшілік ғимараты Баку қаласының Хатаин ауданында орналасқан. Жалпы 0,5 гектар аумақты алып жатыр, ғимарат пен елшілік қызметкерлеріне арнап салынған тұрғын кешенінің жалпы ауданы 7 000 шаршы метрден асады.

2016 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ шығарған режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Жаңғақ ағашы» фильмі Францияның Везуль қаласында өткен ХХІІ Халықаралық Азия киносы фестивалінің негізгі конкурс бағдарламасында көрсетіліп, бірден екі жүлдені: халықаралық қазылар алқасының және Киносыншылардың арнайы сыйлықтарын жеңіп алды. «Жаңғақ ағашына» Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Филиппин және Түркия елдерінен ұсынылған 8 фильм бәсекелес болды. Жалпы, фестиваль аясында әртүрлі бағдарламалар бойынша 90-нан астам фильм көрсетілді.

2020 жылы «Ольга Рыпакова» жеңіл атлетика орталығында жеңіл атлетикадан 16 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы Қазақстан рекорды жаңарды. Шығыс Қазақстан жеңіл атлетика мектебінің тәрбиеленушісі Арина Гладышева Қазақстан чемпионатында ең жоғары көрсеткіш көрсетіп, жаңа рекорд орнатты. 1500 метрге жүгіруде жас спортшы 4:34.04 нәтижесін көрсетті. Бұған дейінгі жоғары көрсеткіш1987 жылдан бері жаңартылмаған.

2020 жылы Анкарада қазақтың ұлы ақыны, ағартушының туғанына 175 жыл толуына орай ТҮРКСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымы жариялаған «Абай жылының» ашылуы өтті.

2020 жылы Швейцарияда қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына және түркі философы Əбу Насыр əл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркалары шығарылды. Швейцарияда халықаралық филателиялық көрмелер бірнеше рет өткен болатын. Аталған мемлекеттің поштасы мен пошта маркалары елдің басты брендтері саналады. SwissPost маркалары коллекционерлер мен туристер арасында өте танымал. Ал бұл компанияның хат айналымы жылына 2 млрд хатқа дейін жетеді.

2021 жылы елордада Халықаралық Түркі академиясы «Тұлғалар тағылымы» жобасы аясында түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Зәки Уәлиди Тоғанның өмірі мен шығармашылығына арналған «Зәки Уәлиди Тоған: ғалым, саясаткер, тұлға» атты шара өткізді.

Алқалы жиынға түркі елдерінің танымал ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар