12 бала ауруханада: Министрлік олимпиадаға қатысушылардың улану жағдайына түсінік берді
Осы күндері Шымкент қаласында жаратылыстану-математика пәндері бойынша республикалық олимпиада өтіп жатыр.
Балалардың астан уланып қалғаны жөнінде әлеуметтік желілерде жазылуда. Шағымдарға «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы да, Оқу-ағарту министрлігі де жауап берді.
«21 наурыз күні олимпиаданың 904 қатысушысының 12-сінде дене қызуының көтерілуі, асқазан-ішек жолдары қызметінің бұзылуы түрінде сырқат белгілері пайда болды. Шақырылған жедел жәрдемнің медицина мамандары қарап шыққаннан кейін балаларды Шымкент қаласының инфекциялық ауруханасына жеткізу шешімі қабылданды.
Қазіргі уақытта балалардың жағдайы тұрақталды. Шымкент қаласының санитариялық-бақылау қызметі болған оқиғаның себебін анықтау шараларын жүргізіп жатыр. Балалар медицина мамандарының бақылауында. Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті аталған қатысушыларға психологиялық көмек көрсетуде», - делінген «Дарын» орталығының ресми мәліметінде.
Атап өтілгендей, олимпиаданың екінші кезеңі белгіленген уақытта басталған. Ауруханада жатқан 12 оқушы оған қатыса алмады.
«Дегенмен де, оқушылардың олимпаданың қорытынды кезеңіне жолдама алуы таңдаған пәні бойынша олардың жоғары дайындығын көрсетіп отыр. Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті жеңіске деген жігері үшін балаларға алғыс айтады және олимпиада нәтижесі бойынша олар ынтыландырылатын болады», - деді орталықтан.
Ал министрліктің мәліметіне сүйенсек, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Шымкентке вице-министр бастаған делегация аттанып кетті.
«Оқу-ағарту министрінің тапсырмасымен вице-министр Шолпан Каринова, Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары, Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы бастаған жұмыс тобы сол жерге аттанып кетті (...) Жұмыс тобы әрбір мәселені мұқият тексеретін болады. Жағдай Оқу-ағарту министрлігінің жеке бақылауында», - делінген министрдің баспасөз хатшысы Мереке Нұрмұханованың Facebook-пайдаланушысына берген жауабында.