12 қаңтар. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 12 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
63 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлы ӘБДІРОВ дүниеге келген.
Қарағанды облысында туған. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Заң ғылымдарының докторы, профессор.
Еңбек жолы: 1982-1984 жылдары КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің оқытушысы, 1984-1987 жылдары КСРО ІІМ Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының адъюнкті, 1987-1997 жылдары ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің оқытушысы, аға оқытушысы, доцент, қылмыстық құқық және криминология кафедрасы бастығының орынбасары, 1997-2000 жылдары Есірткіні бақылау жөніндегі ҚР Мемлекеттік комиссиясының хатшысы, 2000-2001 жылдары ҚР Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары, 2001-2002 жылдары ҚР Әділет министрлігі Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2002-2005 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының сектор меңгерушісі, мемлекеттік инспектор, Қоғамдық және экологиялық қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, 2005-2009 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары – ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының меңгерушісі, 2009-2011 жылдары төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2012-2016 жылдары бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2016-2020 жылдары алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама жөне сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, 2020-2022 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Парламенті Сенат төрағасының орынбасары болды.
Қазіргі қызметін 2022 жылғы қаңтар айынан атқарып келеді. «Құрмет» және «Парасат» орденімен, «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен наградталған.
63 жыл бұрын (1961) журналист, медиаменеджер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Алтын тұғыр» Ұлттық сыйлығының лауреаты Нұржан Жалауқызы МҰХАМЕДЖАНОВАдүниеге келді.
Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін үздік тәмамдаған. Қазақ радиосының балалар мен жастар редакциясында редактор, бөлім бастығы, Бас редактор қызметтерін атқарған.
1991 жылы Қазақ радиосы «Шалқар» бағдарламасы ақпараттық-сараптамалық редакциясының Бас редакторы, Қазақ радиосы бағдарламалар Бас редакторы, 1992-1994 жылдары Қазақ радиосы Бас директорының бірінші орынбасары, Қазақ радиосының саяси шолушысы қызметін атқарды. 1997 жылы ҚР Президенті Баспасөз қызметінде, 1997-2006 жылдары «Интерньюс» Халықаралық Ұйымының Қазақстандағы Өкілдігі директорының орынбасары, атқарушы директоры, 2006 жылы «31 арна» ТРК Атқарушы директорының бірінші орынбасары, атқарушы директоры, 2008-2011 жылдары «31 арна» ТРК Бас директоры болды. 2008 жылдан Қазақстан Телерадиотаратушылар Ұлттық Ассоциациясының Президенті, 2011-2016 жылдары «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрайымы қызметін атқарды. 2016-2019 жылдары «Қазақстан» телерадиокорпорациясы төрағасының бірінші орынбасары, 2019 жылы «Қазақ радиолары» ЖШС-нің бас директоры, 2019-2022 жылдары «Алматы» телеарнасының бас директоры болды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
62 жыл бұрын (1962) қазақстандық кинотанушы, киносыншы Гүлнар Ойратқызы ӘБІКЕЕВА дүниеге келген.
Алматы қаласында туған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының сценарий-кинотану факультетін кинотанушы мамандығы бойынша (1984); Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының аспирантурасын (1992) бітірген.
Еңбек жолы: 1984-1987 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының сценарийлік-редакциялық алқасының аға редакторы, 1987-1992 жылдары Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының аспиранты (Мәскеу), 1992-1994 жылдары «Азия кино» журналының бас редакторы, 1994-1997 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының «Кино тарихы және теориясы» кафедрасының меңгерушісі, 1997-2001 жылдары «Сорос-Қазақстан» қорының «Мәдениет және өнер», «Бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау» бағдарламаларының үйлестірушісі қызметтерін атқарды. 2001-2002 жылдары Фулбрайт стипендиаты, АҚШ-тың Болдуин колледжінің, Пистбург университетінің зерттеушісі және оқытушысы, 2002-2003 жылдары «Сорос-Қазақстан» қорының «Шығыс Батыс» бағдарламасының үйлестірушісі, 2003-2004 жылдары «АСТВ» телеарнасының бас продюсері (Астана қаласы); 2004-2005 жылдары «Орталық Азия кинематография орталығы» қоғамдық қорының директоры (Алматы қаласы) болды. 2005-2006 жылдары «Еуразия» халықаралық кино байқауының арт-директоры, 2006-2008 жылдары «Евразия кино» журналының бас редакторы болды. 2009 жылдың қаңтар айынан бері - «Территория кино» журналының бас редакторы.
«Мегаполис» (2003-2005), «Начнем с понедельника» (2006-2008) газеттерінде кино туралы тұрақты айдарды жүргізген. 1998 жылдан – ҚР Кинематографистер одағының мүшесі; 2006 жылдан – «ФИПРЕССИ» Халықаралық кино сыншыларының федерациясының мүшесі; 2007 жылдан – НЕТПАК Азия кино сыншыларының қауымдастығының мүшесі.
2006 жылы «Қазақстан Парламентіне 10 жыл»; «Ерен Еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. 2016 жылы Францияның Әдебиет және өнер орденінің кавалері атанды.
61 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Ермекұлы ОМАРОВ дүниеге келген.
Өзбекстанда, Ферғана қаласында туған. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын бітірген (1985). Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінде еңбек өтілінен өткен (1992).
Еңбек жолы: 1989-1991 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, этнография және археология институтының ғылыми қызметкері; Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем аударма бойынша Бас редакциялық алқасында ағылшын тілінен аудармалардың бас редакторы, 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің екінші, бірінші хатшысы, Еуропа және Америка бөлімінің меңгерушісі, 1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басқарма бастығы, Еуропа департаменті директорының орынбасары, 1998-2004 жылдары Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің кеңесші-елшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі Елшісі, 2004 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы қызметтерін атқарды. 2004-2008 жылдары ҚР-ның Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2008-2009 жылдары ҚР-ның Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы, 2009-2013 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, 2013-2017 жылдары Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2017-2020 жылдары Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі, 2020-2021 жылдары Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдары жанындағы тұрақты өкілі болды.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың қазан айынан бері атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медальдарымен, «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен марапатталған.
45 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Амантайқызы ШАЙЫМОВА дүниеге келген.
Целиноград облысында туған. Л.Н. Гумилев атындағы университетін (1999); Қаржы полициясы академиясын (2004) бітірген.
Еңбек жолы: 2000-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы полициясы агенттігі Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық байланыс басқармасының кіші инспекторы, инспекторы, аға инспекторы, аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы, 2002-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы полициясы агенттігінің Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық басқармасы құқықтық сараптама бөлімінің бастығы, 2004-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық басқармасы бастығының орынбасары, 2005-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаменті бастығының орынбасары, 2011-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Төрағасының кеңесшісі, 2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі - Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры аппаратының Ақпараттық-талдау басқармасы Стратегиялық талдау орталығының басшысы қызметтерін атқарған. 2013-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі Ахуалдық орталығы меңгерушісінің орынбасары, 2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы, 2016 жылдың 11 қаңтарынан 28 қыркүйегіне дейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері вице-министрі, 2016-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, 2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі болды.
Қазіргі қызметін 2022 жылғы ақпан айынан атқарып келеді.
Бірнеше жыл бойы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық жұмыс топтарының тең төрағасы болды. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, мерекелік және ведомстволық медальдарымен наградталған.
42 жыл бұрын (1982) «Мемсараптама» РМК бас директорының орынбасары Жәнібек Зәкірұлы МАНҚАРАЕВ дүниеге келді.
Түркістан облысында туған.
1999 жылы М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. «Табиғи талшық өндірісін қамтамасыз ету технологиясы және жабдығы» мамандығы бойынша, 2012 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2003-2005 жылдары «Береке» ЖШС Техник, ӨТБ инженері, инженер-технолог, 2005-2009 жылдары ҚР Индустрия және сауда министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитетінің жетекші маманы, бас маманы, сарапшысы, 2009 жылғы наурыз-шілде аралығында ҚР Индустрия және сауда министрлігі ТКШ Техникалық саясат, құрылыс департаментінің бас сарапшысы, 2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінің бас сарапшысы, 2010-2013 жылдары ҚР Құрылыс және ТКШ істері агенттігінің Тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын іске асыру басқармасының басшысы, 2013-2014 жылдары ҚР Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитетінің Техникалық реттеу және нормалау басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2014 жылғы наурыз-қыркүйек аралығында «Қазақстандық Ипотекалық Компания ИҰ» АҚ еншілес ұйымы «Қазақстандық тұрғын үй-құрылыс корпорациясы» АҚ Сараптама және жобалық талдау департаментінің директоры - Басқарушы директор, 2014-2016 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» РМК материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы, 2016-2018 жылдары «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ техникалық мониторинг департаментінің директоры, 2018-2019 жылдары «Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС Бас директорының орынбасары, 2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Түркістан облысы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті Департаментінің басшысы - бас мемлекеттік инспекторы болды.
Қазіргі қызметін 2021 жылғы наурыз айынан атқарып келеді.
112 жыл бұрын (1912-1993) аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы ҚОНАЕВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. 1936 жылы Мәскеудің Түсті металл институтын бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алған. 1937-1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигінде бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры қызметтерін атқарады. 1939 жылдан «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарды. 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етті. 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды. 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1986 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, орнына Колбин тағайындалды. Бұған наразы болған қазақ жастарының көтерілісі Желтоқсан оқиғасына ұласты. Бірнеше мәрте КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік қайраткер, нағыз ұлт қайраткері екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылғы тамыздың 22-сінде, 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.