12 қыркүйек. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 12 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Жергілікті әскери басқару органдары құрылған күн
Бұл күн еліміз үшін 1991 жылдан бастап, әскери комиссариатқа Республикалық орган мәртебесін беру және оған республиканың барлық әскери комиссариаттарын бағындыру туралы Қазақ КСР Президентінің Жарлығы күшіне енген кезден бастап атаулы күн болды.
Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар мен бөлімдер Қарулы күштердің ажырамас бөлігі бола отырып, еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету жүйесінде маңызды рөл атқарады. Жергілікті әскери басқару органдарының мекемелерінде әскерлер мен әскери оқу орындарын жасақтау бойынша жұмыстар үзілмейді, әскери оқытылған резервті есепке алу және даярлауды ұйымдастыру жүргізіледі, офицерлер өскелең ұрпақ ортасында әскери-патриоттық жұмыспен айналысады.
Жергілікті әскери басқару органдары халықпен үнемі байланыста. Азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою үшін әлеуметтік желілерде олардың бірінші басшыларының ресми аккаунттары құрылды. Еліміздің барлық өңірлеріндегі қорғаныс істері жөніндегі мекемелер Қарулы күштердің келбетіне айналды десе болады. Өйткені дәл осы жерде азаматтардың әскер қатарына кіру жолы басталады.
Қазақ киносының күні
«Амангелді» фильмі қазақтың алғашқы киносы саналады. «Ленфильм» студиясында түсірілген картина ұлт батыры Амангелді Иманов туралы. Режиссері — Марк Левин, ал Амангелдінің рөлін актер Елубай Өмірзақов ойнады. Осылайша, қазақтар туралы түсірілген алғашқы фильм дүниеге келді.
1941 жылдың 12 қыркүйегінде Алматы қаласында фильм түсіру жұмыстарымен Көркем және деректі фильмдер студиясы айналыса бастады. Кейіннен ол «Қазақфильм» болып өзгертілді.
Қазақстан кинематографистері одағының басшысы Бауыржан Нөгербеков 2005 жылы бұл күнді (12 қыркүйек) «Қазақ киносының күні» деп атауды ұсынды. Содан бастап бұл дата жыл сайын атап өтіліп келеді.
Дүниежүзілік тырналар күні
Тырналардың шамамен 15 түрі бар. Кейбір түрлері Қызыл кітапқа енгізілген. Тырналар күні алғаш рет 2002 жылы Америка Құрама Штаттарында атап өтілді. Жойылып бара жатқан тырна түрін сақтап қалуды насихаттайтын эколог ғалымдар оның жұмыртқаларын қауіпсіз жерге ұя салатын басқа түрдегі тырналардың ұясына орналастырды. Құтқарылған құстардың тұтас бір тобы ұяға кеткен күн жаңа экологиялық мереке болып жарияланды, ал тырна табиғатты қорғау ұйымдарының символына айналды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1931 жылы Павлодар облысының ең көне мерзімді басылымдарының бірі — Шарбақты ауданының «Мінбер» («Трибуна») газеті жарық көрді. Газет беттерінде аудан орталығындағы жаңалықтар жарияланды. Ауыл шаруашылығы өндірісінің озаттары мен жаңашылдары, үздік дәрігерлер мен мұғалімдер, егіншілер мен орманшылар әрдайым тілшілердің назарында болды.
1941 жылы Қазақ КСР-нің Халық комиссарлары кеңесінің № 762 қаулысына сәйкес Алматы (көркем фильмдер) киностудиясы құрылып, 1960 жылы атауы «Қазақфильм» болып ауыстырылды. 1984 жылы «Қазақфильм» киностудиясына ұлттық кинематографияның көрнекті қайраткері Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың аты берілді (Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы).
1998 жылы Алматы қаласында ақын, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіш-бюсті мен мұражай үйінің ашылу салтанаты өтті.
2006 жылы Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-Түркі» атты еңбегінің орыс тіліндегі алғашқы басылымы жарық көрді. Аталмыш еңбек түркі тілдерінің ең көне сөздігі және Орталық Азиядағы өркениет тарихы туралы маңызды білім көздерінің бірі болып табылады.
Шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ әдебиеті классигінің немересі Зифа-Алуа Әуезова үш жылдан астам уақытын ежелгі түріктердің қайталанбас мәдени ескерткішін аударуға арнады.
Басылым ХІ ғасырда Махмұд Кашқари құрастырған «Диуани Лұғат ат-түрік» лексикографиясының тұңғыш сөздігінің араб тіліндегі түпнұсынан толықтай аударылған.
2009 жылы Алматыда қазақ және орыс тілдерінде «Алматы тарихы» атты кітаптың 1,2-томдары, «Алматы энциклопедиясы», «Жетісудың ортағасырлық астаналары», «Алматы — мың жылдық тарих» атты шығармалардың таныстырылымы өтті.
Кітаптарды Ұлттық Ғылым Академиясының Әлкей Марғұлан атындағы Археология, Сүлейменов атындағы Шығыстану, Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институттарының мамандары бірлесіп дайындаған.
Туындыларда түрлі дерек көздері негізге алына отырып, қаланың ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі түйінді сәттері жаңа көзқараста тұжырымдалып жазылған.
2012 жылы Астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ашық аспан астындағы «Құмай» археологиялық-этнографиялық кешені ғылыми орталығы мен ландшафт мұражайын құру жобасының тұсауы кесілді.
Кешенде жалпы тарихы 4 мың жылдан асатын қола дәуірінің, ерте темір дәуірінің (сақ кезеңі), ғұн және түркі дәуірлерінің ежелгі және ортағасырлық ескерткіштері жиналған. Шара аясында Астанадан 120 км шығыста Құмай өзенінің жағасындағы «Бұйратау» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан кешеннің аумағына саяхат ұйымдастырылды.
2015 жылы Астана әуежайында Халықаралық ғарыш стансасынан оралған «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің халықаралық экипажын құттықтады.
Ғарыштан Жерге оралғандардың ішінде қазақстандық космонавт Айдын Айымбетов те бар, ол 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі арасында 2-бортинженер ретінде ғарышқа сапарлады.
«Біз баршамыз сіздердің аман-есен оралғандарыңызды тіледік. Әрине, барлық Қазақстан халқы біздің үшінші ғарышкеріміз Айдынның (Айымбетов — ред.) сәтті оралуын күтті. Байқоңыр ғарыш айлағының мерейтойлы жылында бұл өте айрықша мәні бар оқиға», — деді Президент.
2017 жылы Қазанда өткен ХІІІ Қазан халықаралық мұсылман киносы фестивалінің қорытындылары бойынша актер Дулыға Ақмолда «Оралман» фильміндегі еңбегі үшін үздік актер атанды.
2018 жылы ҚР Ұлттық банкі номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған және номиналы 100 теңгелік мельхиор қоспасынан жасалған «Сүйінші» коллекциялық монеталарын айналымға шығарды. Аталмыш монеталар «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» сериясына кіреді.
Сүйінші — қуанышты жаңалық. Қуанышты хабар жеткізген адамға «қалағаныңды ал» деп, сыйлық береді. «Сүйінші» деген сөзді айтқанда кез келген адам жақсы хабар жеткізілетінін біледі. Монеталар 925 сынамалы күмістен жасалған, массасы — 24 грамм, диаметрі — 37 мм, дайындау сапасы — «proof», таралымы — 2 мың дана.
Ал екінші түрі мельхиор қоспасынан жасалған, диаметрі — 31 мм, массасы — 11,17 грамм, дайындау сапасы — «brilliant uncirculated», таралымы — 30 мың дана.
2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімдігінде «бір терезе»қағидаты бойынша қызмет көрсететін «Open әкімдік» ашылды. Елордалықтар жаңа қызмет көрсету орталығында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Тұрғын үй қоры, Жұмыспен қамту орталығы, Қазпошта және аудан әкімдігінің қызметтерін электронды кезекке тұру арқылы қолдана алады.
2021 жылы танымал археолог Андрей Астафьев 200 жыл бұрын Каспий теңізінде болған кеменің бекіту бұрандалары мен шегелерін тапты. Тарихи жәдігер Түпқараған ауданындағы «Түлкілі сай»деген жерде теңіз жағасында болған.
2021 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» опера труппасының директоры Азамат Жылтыркөзов еліміздің вокалдық классикалық өнері тарихында алғаш рет әлемдік деңгейдегі бірегей жобаға — Винченцо Беллинидің «Пуритандар» операсының CD-дискісіне аудиожазба жасауға қатысты.
Онымен бірге операны бельканто — тенор жұлдыздары Лоуренс Браунли, сопрано Сара Кобурн (АҚШ) орындады.
2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада отандық кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Онда ол мемлекет пен бизнес арасындағы әлеуметтік келісімшарттың жаңа шарттарын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай кездесулерді өткізу игі дәстүрге айналғанын атап өтті. Себебі, кәсіпкерлік саласы — ұлттық экономиканың негізінің бірі. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
2023 жылы сұлулық шоуының ақтық кезеңінде қазылар алқасының шешімімен және көрермендердің дауыс беруімен «Алматы аруы-2023» атағы Наталья Петриге берілді. Қазылар алқасының мүшесі, «Алматы аруы-2022» байқауының финалисті Томирис Заир Наталья Петриді салтанатты түрде құттықтап, өкілеттігін тапсырды. Көрермендер мен қазылар алқасының қошеметіне ие болған жеңімпазға тәж киіліп, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
2024 жылы Ұлттық музейде Димаш Құдайбергенге арналған көрме ашылды. «Димаш: әлемді бағындыру» көрмесінде халық әртісінің өміріне қатысты бұйымдар мен жанкүйерлер мен танымал тұлғалардың көптеген сыйлықтары қойылған. Көрме бірнеше залға бөлінген. Бірінші залда әншінің балалық және жастық шағынан суретшінің дамуын көрсететін бұйымдар қойылған. Екінші залда кәсіби білім дипломдары, республикалық және халықаралық байқаулардың марапаттары бар. Үшінші залда Димаштың жанкүйерлерінен алынған сыйлықтар тұр.
2024 жылы Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және онымен күресуге арналған «111» («Juz on bir») телехикаясының алдын ала көрсетілімі өтті. Сериал шынайы оқиғаларға негізделген. «111» Juz on bir» тележобасында елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін жетілдіру, мұндай жағдайларға жедел әрекет ету, негізсіз әрекеттерге жазаны күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар көрсетілген.
2024 жылы Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан көкпаршылары Қырғызстан құрамасымен тартысты ойында алтынға қол жеткізді. Командалар негізгі уақытты 4:4 есебімен аяқтағандықтан, команданың жеңісіне қосымша уақытта қол жеткізілді.