12 мамыр. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 12 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Экологиялық білім күні
Бұл мереке 1991 жылы құрылған, оның мақсаты экологиялық білімді жаңарту. Бұл күні әр түрлі экологиялық науқандар мен танымдық және практикалық сипаттағы іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Сондай-ақ табиғатты қорғау шаралары — саябақтарды тазарту, су қоймаларының жағалауларын тазарту, аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Халықаралық медбикелер күні
1971 жылдан бастап Халықаралық медбикелер кеңесі бірінші ағылшын медбикесі Флоренс Найтингейлдің туған күні, 12 мамырды Халықаралық медбикелер күні деп ресми түрде бекітті. Медбикелер Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі ең үлкен кәсіби топтардың бірін құрайды. Бүгінде еліміздің медициналық ұйымдарында 190 мыңнан астам, ауылдық жерлерде — 54 мыңнан астам, ал бастапқы буын деңгейінде — 65 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істеп жатыр.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1995 жылы Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға байланысты Сеулде Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылды.
2003 жылы Шымкент әскери аэродромының аумағында 230 км радиуста 12 000 метрге дейінгі биіктікте ұшақтарды қадағалауға мүмкіндік беретін жаңа Амур радиолокациялық қондырғысы пайдалануға берілді.
2005 жылы Минскіде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ жауынгерлеріне арналған ескерткіш ашылды. Шара М.Әуезов атындағы мектептің ауласында, аттас көше бойында өтті. Кеңес Одағының Батыры атағын алған 500 қазақстандықтың 70-і Белоруссияны фашистік басқыншылардан азат еткені үшін алды, Беларусь жерінде 14 мың қазақстандық жауынгер қаза тапты.
2007 жылы Түркіменбашы қаласында үшжақты саммит аясында Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Түркіменстан президенттері Орталық Азиядағы газ тасымалдау қуаттарын дамыту туралы бірлескен декларация қабылдады.
2010 жылы Үндістан Республикасының Сыртқы істер министрі Соманахалли Маллайя Кришнаның Қазақстан Республикасына сапары барысында келіссөздер жүргізіліп, оның барысында саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Үндістан ынтымақтастығы мәселелері талқыланды. Келіссөздердің нәтижесі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы мәдениет, өнер, БАҚ және спорт саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою болды.
2014 жылы Қазақстанда Ұлттық студенттік футбол лигасы құрылды. Жоба аясындағы сәйкес ынтымақтастық туралы меморандумға ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан футбол федерациясы қол қойды.
Жасалған меморандумға сәйкес тараптар Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары арасында облыстық және республикалық турнирлерді бірлесіп өткізеді. Сондай-ақ құжат осы спорт түріне оқушылар мен студенттерді тарту арқылы Қазақстан Республикасында бұқаралық футболды дамытуды көздейді.
2017 жылы Маңғыстау облысында Айрақты-Шоманай таулы алқабында тұңғыш рет геоглифтер галереясы құрылды. Оларды маңғыстаулық археолог және тарихшы Андрей Астафьев жасаған. Олардың барлығы әртүрлі өлшемде, ең үлкені 350-ден 270 м-ге дейін.
Назар аударатын геоглифтер этноауылға, Адай атаның тарихи-мәдени орталығына және Отпантау шыңына келушілер санын көбейтуде.
2017 жылы Өскеменде Литва Республикасының консулдығы ашылды, бұл екі ел арасындағы экономикалық, мәдени және саяси байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Қабанбай батыр көшесі, 91 мекенжайы бойынша орналасқан бұл консулдық консультативтік және ақпараттық көмек көрсетеді, соның ішінде виза мәселелері бойынша.
2017 жылы алғаш рет қазақстандық студент Әдина Хамитова беделді Swedish Global Swede Award 2017 сыйлығының лауреаты атағын иеленді. Сыйлықты Еуропалық Одақ істері және сауда министрі Энн Линде өзі табыс етті.
Отандасымызды бұл марапатқа Швециядағы ең ірі және Еуропадағы ең ірі медициналық университеттердің бірі — Каролинска институты ұсынды. Ол академиялық жетістіктері және инновациялар мен халықаралық қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін институттың шетелдік студенттерінің үздіктері деп танылды.
2021 жылы Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Дүйсенбеков Әнуар мен Нұрланов Фархат Кореяда өткен VII халықаралық «Жас ғалым» ғылыми байқауында бірінші орынды иеленді.
Олар қазылар алқасының назарына «Балауыз бен графит негізіндегі композициялық сенсор арқылы баскетбол добын сынау» ғылыми жобасын ұсынды. Жоба ағылшын тілінде қорғалды.
Зияткерлік сайысқа қатысушылардың зерттеу жұмыстарын АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Ресей және басқа елдердің университеттерінің оқытушылары бағалады.
2021 жылы «Farab» кітапханасының ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде АҚШ Конгресс кітапханасының мұрағаттарынан «Turkestan» музыкалық туындысы табылды. Әр түрлі мұрағат көздеріне сәйкес, жазба 1906 немесе 1919 жылдары жазылған болуы мүмкін.
2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың CCTV телеарнасына сұхбат берді. Тоқаев 2019 жылы Қытайда мемлекеттік сапармен болғанын және Төраға Си Цзиньпинмен маңызды келіссөздер жүргізгенін еске салды. Мемлекет басшысы Қытайдың Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
2024 жылы құрамында Анар Бурашева мен Мақсұт Жұмаев бар қазақстандық «Kazakh Everest Team» командасы әлемдегі ең нүкте — Эверест шыңына (8848 метр) сәтті шықты. Команда шыңға 12 мамырда Непал уақытымен таңғы сағат 07:25–те жетті. 8000 метрден жоғары биіктікте дауыл мен бұрқасын түріндегі ең күрделі ауа райы жағдайына байланысты шыңға шабуылға қатысқан экспедициялардың көпшілігі бағыттан кері бұрылып, Эверестке бес елдің альпинисті ғана сәтті көтеріле алды. Олардың қатарында әлемдегі ең биік шыңды бағындырған тарихта тұңғыш қазақ әйелі атанған Анар Бурашева мен қазақтың көрнекті альпинисті Мақсұт Жұмаев та бар еді, ол үшін бұл Эверест шыңына үшінші көтерілу болды. Команданың шыңға көтерілуі бес күнге созылды, олар 7 мамырда базалық лагерьден (5 350 метр) аттанды. Анар Бурашева мен Мақсұт Жұмаев Эверест шыңына Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын тікті.