12 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 2023 жылғы 12 мамырға арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.
None

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық медбикелер күні

Қырым соғысы кезінде (1853-1856) санитарлар жасақтарын ұйымдастырып, оларға басшылық еткен ағылшын медбикесі - Флоренс Найтингейлдің туған күні құрметіне орай атап өтіледі. Әр екі жыл сайын Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысы ең үздік 50 медбикеге Флоренс Найтингейл атындағы медальдарды тапсырады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Корея Республикасында Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.

2003 жылы Шымкенттегі әскери әуежайда «Амур» жаңа радиолокациялық құрылғысының таныстырылымы өтті. Оның іске қосылуымен «Казаэронавигация» РММ ОҚО әуесін бақылау мүмкіндігіне ие болды. Оған дейін облыстың әуе кеңістігін Ташкент әуежайы бақылап отыратын. Құрылғы 230 км радиуста 12000 метр биіктікке дейінгі кеңістікті бақылауға мүмкіндік береді.

2005 жылы Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлерге ескерткіш ашылды. Осы іс-шара М.Әуезов атындағы орта мектептің ауласында өтті. Соғыс жылдары Кеңес Одағының Батыры атанған 500 қазақстандықтың 70-і Беларусьті фашистік басқыншылардан азат ету барысында атақ алған, сондай-ақ осы елде 14 000 қазақстандық жауынгер қаза тапқан.

2007 жылы Түрікменбашы қаласында өткен үшжақты саммитте Қазақстан, Ресей және Түрікменстан Президенттері - Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин және Гурбангулы Бердымұхамедов Каспий газ құбырын салу туралы бірлескен декларацияны қабылдады. Газ құбыры Каспий жағалауын бойлай, Қазақстан мен Ресей арқылы Түрікменстан аумағы арқылы өтетін болып межеленді.

2010 жылы Үндістан Республикасының Сыртқы істер министрі Соманахалли Маллайах Кришнаның Қазақстан Республикасына сапары аясында келіссөздер жүргізіліп, саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Үндістан ынтымақтастығының мәселелері талқыланды. Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Үндістан Үкіметі арасындағы мәдениет, өнер, медиа және спорт саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

2014 жылы Қазақстанда футболдан Ұлттық студенттік лигасы құрылды. Жоба аясында ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға Қазақстан Білім министрлігі мен ҚР Футбол федерациясы қол қойды. Жасалған меморандумға сәйкес тараптар бірлесіп Қазақстандағы білім беру ұйымдарының арасында өңірлік және республикалық турнирлер өткізеді. Сондай-ақ құжат ҚР-да студенттер мен оқушыларды спорттың осы түріне тарту арқылы бұқаралық футболды дамытуды көздейді.

2017 жылы Маңғыстау облысында алғаш рет Айрақты-Шоманай аңғарында геоглифтер галереясы пайда болды. Оларды маңғыстаулық археолог Андрей Астафьев құрастырды. Олардың өлшемдері әртүрлі, ең үлкені 350 метрге 270 метр келеді. Ерекше назар аударатын геоглифтер этноауылға, Адай ата тарихи-мәдени орталығына, Отпантауға келетін туристер санын арттыруға септігін тигізеді.

2017 жылы Өскеменде Литва Республикасының консулдығы ашылды. Ол екі ел арасындағы экономикалық, мәдени және саяси байланысты нығайтуға жағдай жасайды. Қабанбай батыр көшесі, 91-үйде орналасқан консулдықта кеңес беру және ақпараттық көмек көрсетіледі.

2017 жылы қазақстандық студент Адина Хамитова Швецияның беделді «Global Swede Award 2017» сыйлығының лауреаты атанды. Сыйлықты Еуропалық Одақ және сауда істері министрі Анн Линде табыс етті.

2021 жылы Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Әнуар Дүйсенбеков пен Фархат Нұрланов Кореяда өткен «Жас Ғалым» VII Халықаралық ғылыми байқауында бірінші орын алды. Олар қазылар алқасына «Соққы сипаттамаларын анықтау үшін композиттік балауыз және графит сенсорымен баскетбол добын сынау» ғылыми жобасын ұсынды. Жоба ағылшын тілінде қорғалды. Зияткерлік жарыстарға қатысушылардың зерттеу жұмыстарын АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Ресей және басқа да елдердің университеттерінің профессорлық-оқытушылық құрамы бағалайды.

2021 жылы АҚШ Конгресс кітапханасының архивінен «Farab» кітапханасының ғылыми-зерттеу еңбегінің нәтижесінде «Turkestan» музыкалық туындысының пластинкасы табылды. Түрлі мұрағаттық деректер бойынша пластинка 1906 жылы немесе 1919 жылы жазылған болуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар