12 маусым. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 12 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік балалар еңбегін пайдалануға қарсы күрес күні
Халықаралық еңбек ұйымы бекітіп, жыл сайын 12 маусым күні аталып өтеді. Күнтізбеге жаңа датаны енгізу идеясы 1997 жылы Амстердам мен Ослода өткен балалар еңбегін пайдаланудың ең нашар түрлеріне қарсы күрес жөніндегі конференция мен балалар еңбегі мәселелері бойынша конференциядан кейін туындады. Бұл шаралар балалардың еңбегін қанауды жою жолында жаһандық күш-жігер жұмсалу қажеттігіне қоғамның назарын аудартты.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1924 жылы Орынборда тұңғыш рет қазақ білімпаздарының І съезі басталды. Маусымның 12-18-і аралығында өткен бұл жиында қазақ фольклорын жинау, зерттеу туралы қаулы қабылданды.
1924 жылы СССР Орталық атқару комитетінің Саяси Бюросы «Орта Азия республикаларын (Түркістанды, Бұқарды, Хорезмді) ұлттық межелеу туралы» қаулы қабылдады. Өлке халықтарының тілегін ескере келіп, Түрікмен мен Өзбек КСР-лері құрылды. Түркістанның қазақтары тұратын аудандарын Қырғыз (Қазақ) АКСР-мен біріктіру, РКФСР құрамында Қара Қырғыз (қырғыз) автономиялы облысын, Өзбек КСР-нің құрамында Тәжік автономиялы облысын құру қажет деп табылды.
1925 жылы РКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің секретариаты жас дарындарды біріктіретін және оларды қолдайтын Пролетарлық жазушылар қауымдастығын құру туралы шешім қабылдады. Ол 1934 жылы Қазақстанның советтік жазушылар одағы болып өзгертілді. Бұл ұйымды Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев, Дихан Әбілев, Әбділда Тәжібаев, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Қалдарбек Найманбай сынды марқасқалар басқарды. Бүгінде Жазушылар одағының құрамында қазақ, орыс, ұйғыр, немiс және кәрiс әдебиетінің шығармашылық секциялары бар. Қарағанды, Семей, Орал, Астана мен Шымкенттегі 5 облысаралық бөлiмше кіреді.
1934 жылы СССР жазушыларының І съезінің ашылуына дейін Қазақ Республикасы жергілікті жазушыларының І съезі болып өтті. Оның тұңғыш төрағасы болып Ілияс Жансүгіров сайланды.
1957 жылы Екібастұзкөмір жұмыс кентіне қала мәртебесі берілді.
2000 жылы Алматыда жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 100 жыл толуына орай ескерткіш ашылды.
2014 жылы Атырау облысы Махамбет ауданы Ақжайық ауылындағы сарматтардың қорғанын қазу кезінде алтын білезіктер мен сырғалар, киімге тағылған көптеген алтын бұйымдар, сондай-ақ темір қылыштар, қанжарлар, қола айна, керамикалық ыдыстардың қалдықтары, жебе ұштары сияқты ерекше заттар табылды. Көмілген уақыты шамамен б. з.д V және б.з V ғасырына сәйкес келеді.
2015 жылы Қазақстанның Вьетнамдағы Елшілігінің көмегімен «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі және Вьетнам жаңалықтар агенттігі (VietnamNewsAgency, VNA) ақпарат алмасу саласындағы байланыстарды орнату және дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
2015 жылы МАГАТЭ басқарушы кеңесі Қазақстанмен елдегі аз байытылған уран банкін құру және басқару бойынша келісімді мақұлдады.
2017 жылы ЭКСПО саябағы аумағында Қазақстан халқы Ассамблеясының Бейбітшілік және келісім аллеясы ашылды.
2017 жылы Атырауда Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткері, Ұлттық білім академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалымжан Нұрышевтің тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Ғалым бұл үйде 1995-2004 жылдары өмір сүрген.
2018 жылы қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында Ұлттық домбыра күні бекітілді. Бұл күнді қазақстандықтар шілденің бірінші жексенбісінде атап өтеді.
2019 жылы Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Ант беру рәсімінен кейін Мемлекеттік Әнұран орындалып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ҚР Президентінің куәлігі, төсбелгі, Президент штандарты және «Алтын Қыран» ордені табысталды.
2019 жылы Мемлекет басшысы ҚР Президенті жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Ұлттық кеңестің негізгі мақсаты — мемлекет саясатының өзекті мәселелерін жұртшылық, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқылап, ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау.
2021 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық және білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ ұлы Абайдың әдеби және музыкалық мұрасын насихаттау мақсатында Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығы Шанхай кітапханасымен бірлесіп, Қытайдың маңызды мәдени және экономикалық орталығында алғашқы «Абай оқуларын» өткізді. Абай оқулары Қытай тұрғындарын ұлы ақын, ойшыл және композитордың шығармаларымен жақынырақ таныстыруға мүмкіндік беріп, қатысқан қонақтардың жоғары бағасына ие болды.
2023 жылы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап «Семей орманы» орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы көтерілетінін хабарлады. Ведомство басшысының айтуынша, төрт жыл ішінде жалпы аудан бойынша қаржыландыруды арттыру жоспарда бар.
2024 жылы Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Елдер маңызды пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ басқа да ондаған келісімдер мен меморандумдарға — Қазақстанның бай ресурстарын Оңтүстік Кореяның инновациялық технологияларымен біріктіретін стратегиялық әріптестіктің жаңа перспективаларын ашатын келісімдерге қол қойды.
2024 жылы Астана қалалық мәслихатының отырысында ономастикалық комиссия мүшелері елорданың жаңа алтыншы ауданына атау ретінде төрт нұсқадан («Сарайшық», «Тұран», «Сауран» және «Жерұйық») «Сарайшық» нұсқасын таңдады.