12 наурыз. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 12 наурызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

күнтізбе
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік киберцензураға қарсылық күні

Алғаш рет 2008 жылы атап өтілген, содан бері дәстүрлі түрде жалғасып келеді. «Шекарасыз тілшілер» және «Халықаралық рақымшылық» үкіметтік емес ұйымдарының бастамасымен бекітілген.

Күн-Жер күні

Күн-Жер күні деген мереке бар екенін дүйім жұрт біле бермейді. Ол 2000 жылдан бастап атап өтіледі. Бұл мерекені АҚШ-тың Ұлттық әуеде ұшу және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) мен Еуропа ғарыш агенттігі (ESA) бекітті. Ол адамдарға ғарышта болып жатқан оқиғалар жайлы көбірек ақпарат беру мақсатында күнтізбеге енгізілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет Алматы-Шарджа (БАӘ) бағытында авиарейс ұшырылды. Бортта 90 адам болды, Төрт жарым сағаттан кейін ұшақ Шарджаға келіп қонды.

1999 жылы Каирде (Египет) Қазақстан елшілігі орналасқан көшесіне Абай есімі берілді.

2002 жылы Қазақстан журналистерінің І конгресі өтті. Ұйымдастырушылар — Қазақстан Журналистер одағы мен Телерадиотарату қауымдастығы.

2010 жылы Будапештте өткен министрлер форумы мәжілісі барысында Қазақстан Болон процесіне қосылды. Қазақстанның қосылуы туралы шешімді Болон декларациясына қол қойған 46 елдің өкілдері бірауыздан қолдады.

Болон үдерісіне қосылу қазақстандық жоғары оқу орындарына отандық білім беру бағдарламаларын еуропалық стандарттарға сәйкестендіру, қазақстандық біліктіліктер мен академиялық сатыларды тану, студенттер мен оқытушылардың академиялық икемділігін қамтамасыз ету, қазақстандық дипломдардың Еуропада танылуы және түлектердің шетелде жұмысқа тұру мүмкіндіктерін кеңейту сияқты бірқатар басымдықтар береді.

2010 жылы Дрезден қаласында Қазақстан Республикасының құрметті консулдығының ашылу рәсімі өтті. Консулдықтың қызметі Германияның Саксония және Саксония-Анхальт федеральдық жерлеріне таралатын болады.

2013 жылы Түркияның Анкара қаласында Мұқан Төлебаев жылының салтанатты ашылуы өтті. 2013 жылды Мұқан Төлебаев жылы деп жариялау туралы шешім Уфада өткен ТҮРКІСОЙ мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесінде қабылданды.

2016 жылы Қазақстанда алғаш рет еліміздегі бірегей және жалғыз ISAC жабдығының көмегімен аллергодиагностиканың инновациялық және нақты әдістерінің бірін енгізу мүмкін болды. Мұндай аппарат Алматы қаласындағы «№ 33 Қалалық клиникалық аурухана» ШЖҚ МҚК «Аллергология орталығы» ЖШС-да орнатылған.

2017 жылы Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) белбеуінде Геннадий Головкин мен Қазақстан туы бейнеленді.

Белбеуде бокс тарихына есімдерін алтын әріппен жазып қалдырған ұлы чемпиондар: Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Леннокс Льюис, Рэй Леонард, Роберто Дюран, Хулио Сезар Чавес, Ларри Холмс, Виталий Кличко, Марвин Хаглер, Томми Хернс, Оскар де Ла Хойя мен Флойд Мэйвезер бар.

2017 жылы қазақстандық дзюдошы Ислам Бозбаев Бакудегі Үлкен дулыға турнирінде алтын еншіледі. Ол 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын.

2019 жылы қазақстандық ЖОО тарихында алғаш рет IT халықаралық университеті ASIIN халықаралық аккредитациясын алды.

2021 жылы Түркістан облысының құрамындағы Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтерін Кентау қаласынан бөліп, әкімшілік орталығы Шорнақ ауылында Сауран ауданы құрылды.

2021 жылы Қазақстанда алғаш рет «Балапан» телеарнасы жанынан ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған әлеуметтік анимация мектебі іске қосылды.

Мектеп балаларға олардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал ететін жаңа дағдылар алуға мүмкіндік береді.

Мұндай жоба Орталық Азияда алғаш рет жүзеге асырылуда, онда мектеп қатысушыларын Қазақстан, Жапония және Оңтүстік Кореяның үздік аниматорлары дайындайды.

2023 жылы Димаш Құдайбергеннің қазақ тіліндегі «Zhalyn» композициясы алғаш рет танымал Channel R Radio Сиэтл радиосында шырқалды.

Соңғы жаңалықтар