12 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 12 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

12 шілде, БЕЙСЕНБІ

Петропавл қаласының күні. Қала Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы болып табылады.

Сан-Томе және Принсипи Демократиялық Респуликасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1975). Сан-Томе және Принсипи - Гвинея шығанағындағы осы аттас аралдарда және Африканың батыс жағалауындағы басқа да ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы - Сан-Томе қаласы. Ресми тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - добра. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ұлттық халықтық жиналыс. Экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы. Экспортқа какао, кофе, пальма, банан шығарады. Негізгі сауда серіктесері Португалия мен АҚШ.

Кирибати Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1979). Кирибати - Тынық мұхиттың батыс бөлігіндегі аралдар мен атоллдарда орналасқан мемлекет. Кирибати құрамына Гилберта, Лайн, Феникс, Банаба аралдары кіреді. Астанасы - Байрики қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар барлық халқы тунгаруан (кирибати) тілінде де сөйлейді. Ақша бірлігі - австралия доллары. Британ достастығы құрамына кіргенімен мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ассамблея палатасы.

Ресейде Балықшылар күні - балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі

Адамдар күнкөріс үшін балық аулаумен мезолит дәуірінің соңынан бастап айналыса бастаған. Ал неолит дәуірінде теңіз, өзен, көл жағалауларын мекендеген тұрғындар үшін балық аулау нақты кәсіпке айналған. Бастапқыда балық ұстау үшін үшкір таяқ (сүңгі), тас құралдары пайдаланылса, кейінгі кезеңдерде найза, садақ сияқты аңшылық құралдарымен қатар сүзекі, сүйектен жасалған қармақ, қаза (қамыстан тоқылған құрал) пайдаланған. Орта ғасырдан бастап аталмыш кәсіп өркендеп, 19-20 ғасырларда балық аулайтын ірі көлемдегі және жетілдірілген құрал-жабдықтар, арнайы қайықтар мен кемелер жасалған. Қазақстанда 19 ғасырдың ортасынан бастап Каспий, Арал, Балқаш, Жайық, Сырдария сияқты ірі теңіздер мен өзендердің жағалауында балықшылар мекені, балық өңдейтін цехтар пайда болған.

Бүгінгі таңда дүниежүзілік балық шаруашылығының жалпы өндірісі 130 млн. тоннаға жетеді. Оның 90 млн. тоннадан астамы ауланса, қалған 40 млн. тоннаға жуығы аквамәдениеттің көмегімен алынады. Соңғы жылдары тұщы су жүйесінде де, сонымен қатар теңіз ортасында да аквамәдениеттің жедел дамуы қарқын алуда. Дүниежүзінде жалпы аквамәдениетті өндірудің көшбасшысы - Қытай және жылсайын ішкі және дүниежүзілік нарыққа 325 мың тоннаға дейін лосос өсіретін және жеткізетін Норвегия болып табылады. Дүниежүзілік балық өндірісінің 38 пайызға жуығы экспортталады. Дамып келе жатқан елдердің экспорты 50 пайыздан астам, ал импорттың 80 пайыздан астамын дамыған елдерге (Жапония, АҚШ, Еуропа) тиесілі.

100 млн. тоннаға жуық балық өнімдері тамаққа пайдаланылады, ал қалғандары, негізінен балық ұнына қайта өңделеді.

Фотосуреттердің қорғаушысы - Ұлы Вероника күні (Фотографтар күні).

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

333 жыл бұрын (1679) ағылшын Королі Карл ІІ (Charles II) азаматтардың соттағы құқықтарына кепілдік беретін актіге қол қойды.

206 жыл бұрын (1806) Наполеон Германия мемлекеттерінің Рейн одағын құрды.

81 жыл бұрын (1931) Францияда мушкетер Д'Артаньянға ескерткіш ашылды.

24 жыл бұрын (1988) Таулы Қарабақ облыстық кеңесі облыстың Әзірбайжанның құрамынан шығатындығын мәлімдеді.

9 жыл бұрын (2003) Канада марихуананы заңдастырды.

6 жыл бұрын (2006) «Хизбалла»-ның қаруланған содырларының акциясы израиль-ливан қақтығысының басталуына алып келді.  

174 жыл бұрын (1838) Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған көтерілісшілер қолы Ақбұлақ пен Қиыл аралығындағы шайқаста Гекке әскерінен жеңіліске ұшырады. Осы шайқаста Исатай қаза тапты.

88 жыл бұрын (1924) Орта Азияда ұлттық шекара бөлісі аяқталды. Қазақ АКСР-інің астанасы Орынбордан Ақмешітке (кейін Қызылорда аталды) көшірілді.

87 жыл бұрын (1925) Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Оның алғашқы басшылары - С.Сейфуллин, Б.Майлин. одақ құрамында проза, поэзия, драматургия, сын, көркем аударма, очерк, сатира, фантастика, балалар әдебиеті,  орыс, неміс, корей, ұйғыр әдебиеті жөніндегі шығармашылық кеңестер жұмыс істейді. 1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағының он шақты ғана мүшесі болса, қазіргі уақытта 900-ге жуық мүшесі бар. Қазақстанның 11 облысы мен Астана қаласында бөлімшелері бар.

153 жыл бұрын (1859) Уильям Гудейл өзі жасаған сөмке тігетін машинаға патент алды.

87 жыл бұрын (1925) А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағы баспадан шықты.

16 жыл бұрын (1996) Омбы облысында жазушы Кошке Кемеңгеровтің туғанына 100 жыл толуы аталып өтті.

5 жыл бұрын (2007) Ереванда Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Елшілігі ресми түрде ашылды. Бұл шараға Арменияның министрліктері мен ведомстволарының, дипломатиялық корпустың, іскер топтардың өкілдері, Еревандағы қазақ диаспорасы қатысты.

5 жыл бұрын (2007) Маңғыстау облысындағы «Қарақұдықмұнай» кенішінде мұнай құятын теміржол эстакадасы пайдалануға берді.

«Қарақұдықмұнай» кеніші Ақтаудан 360 шақырым жерде орналасқан. Жаңа теміржол эстакадасы мұнайды балама жолмен жөнелтуді қамтамасыз етеді. Эстакада қазiргi заманғы жабдықтармен, газды ортаны бақылайтын автоматика және телемеханика жүйелерiмен, өрт қауіпсіздігі және жарылыс стандарттарына сәйкес келетін өрт сөндіру кешенімен толығымен жабдықталған. Эстакадада Атырау мен Няганидің (Ресей) мұнай құятын эстакадаларынан оқып келген жиырма адам қызмет атқарады. Сұйықтықты құю құрылғысы арнайы автоматтандырылған бақылау құрылғысымен жабдықталған. Жабық түрінде құятын экологиялық таза технология атмосфераға газ бен бу шығаруды азайтады. Темiржолдар мен эстакада бір уақытта 60 цистерна жүк тиеу үшін ойластырып құрастырылған. Енді мұнай құюдың қуаттылығы жылына 1 млн. тонна өнімді құрайды.

Жаңа эстакада қарақұдық мұнайын жыл бойы темір жол цистерналарына құйып, оны темір жолмен Ақтау портына дейін жеткізеді, сосын ол әр түрлі бағытта экспортқа жіберіледі.

5 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ғимаратына генерал-майор Балғабай Байжігітовті еске алуға арналған мемориалды тақта орнатылды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері болған Балғабай Байжігітов Ұлы Отан соғысына қатысқан, қатардағы жауынгерден генерал-майор шеніне дейін көтерілген, қатардағы қызметкерден Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық органдарының басшысы қызметіне дейін өскен. Ол Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасын 1970-1985 жылдары басқарған.

1 дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз орденімен, «За боевые заслуги» медалімен, екі рет «Мемлекет қауіпсіздігінің құрметті қызметкері» төс белгісімен марапатталған.

2 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Caspian Publishing House баспасы дайындаған «Қазақстан-ЕҚЫҰ-2010» мемлекеттік кітабы жарық көрді. Кітап қазақ, орыс, ағылшын тілінде басылып шықты. Кітаптың негізгі бөлімдерінің бірі еліміздің Тұңғыш Президентінің еуразиялық және ғаламдық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан айтарлық үлесіне, сондай-ақ Вашингтонда өткен Ғаламдық ядролық саммитте әлемдік қауымдастық тарапынан тиесілі мойындау тапқан еліміздің ядролық қарудан бас тартумен шектелмей, бейбіт сүйгіш саясатымызды одан әрі жалғастыра білген Елбасы шешімдерінің тарихи маңызына арналған.

ЕСІМДЕР

118 жыл бұрын (1894-1977) режиссер, актер, КСРО-ның және Қазақстанның халық әртісі, профессор, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Лениндік сыйлықтың лауреаты ЗАВАДСКИЙ Юрий Александрович дүниеге келді.

Ресейдің Мәскеу қаласында туған. Мәскеу университетін бітірген. Ұлы отан соғысы жылдарында Моссовет атындағы театр құрамымен бірге Шымкентте, Алматыда тұрған. Қазақстан театрының сахналарында К.Гольдонидің «Қонақ үйдің қожасы», У.Шекспирдің «Отеллосы» мен «Асауға тұсауын», «Виндзор сайқымазақтарын», М.Лермонтовтың «Маскарадын», тағы басқаларды қойды.    

112 жыл бұрын (1900-1937) қоғам қайраткері ТҮРКЕБАЕВ Айтжан дүниеге келді.

Алматы облысы Райымбек ауданында туған. 1913-1914 жылдары Қарақол қаласындағы орыс-түзем мектебінде, 1915-1917 жылдары қапалдағы ауыл шаруашылық мектебінде оқыған.

1918 жылы - Жаркентте Кеңес өкіметі жағына шығып, ақ гвардияшыларға қарсы күрестің, жұмысшы батырақтар одағының бастығы. 1920-1922 жылдары - Жаркент уездік партия комитетінің хатшысы, Қызыл армия қатарында, Жетісу солтүстік майданында 2-Түркістан полкінің саяси қызметкері. 1923-1924 жылдары БК(б)П Талдықорған уездік комитетінің хатшысы болды. 1924-1925 жылдары уездік хатшылардың Мәскеудегі курсын бітірген. 1925-1927 жылдары БК(б)П Алматы уездік комитетінің хатшысы, Жетісу губерниялық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1927-1930 жылдары шаруашылық қызметте болып, 1930-1931 жылдары БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған. 1931-1934 жылдары Свердлов атындағы Мәскеу ауылшаруашылық университетінде оқыған. 1934-1936 жылдары Мұғалжар ет-сүт кеңшарының саяси бөлімінің басшысы, 1936-1937 жылдары Қазақ КСР-і жер шаруашылығы халық комиссарының оқу орындары жөніндегі басқармасының бастығы қызметін атқарды.

Алматы, Жаркент қалаларындағы көшелерге, Алматы облысы Райымбек ауданының Құрмет ауылындағы орта мектепке Айтжан Түркебаевтің есімі берілген.

82 жыл бұрын (1930-1989) инженер-металлург, техника ғылымының докторы ҚАЗОВ Мөңке Нұрманұлы дүниеге келді.

Қостанай облысы Қостанай ауданында туған. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген.

Қазақ КСР Ғылым Академиясы Химия-металлургия институтының кіші ғылыми қызметкері, КСРО Қара металлургия ғылыми-зерттеу институты Қазақ филиалының кіші ғылыми қызметкері, Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институтының ғылыми хатшысы, зертхананың бас инженері, кіші және аға ғылыми қызметкері, зертхана жетекшісі, Химия ғылымдары институтының ғылыми қызметкері, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері фосфорлы шикізатты қышқылсыз әдіспен өңдеуді зерттеуге арналған.

«Автоклавный щелочной способ переработки фосфорсодержащего сырья», «Физико-химические основы переработки феррофосфора» (бірлесіп шығарған) атты ғылыми еңбектердің авторы.

62 жыл бұрын (1950) Қарағанды облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы ИБАДИЛДИН Жұмамәди дүниеге келді.

Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. Қарағанды политехникалық институтын (Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) бітірген.

1973-1980 жылдары - Жезқазған облыстық атқару комитеті облыстық ауылшаруашылығы басқармасының инженері, бас инженері, Жезқазған қалалық Халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің күрделі құрылыс бөлімінің бастығы. 1980-1985 жылдары - Жезқазған қалалық Халық депутаттары кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, жоспарлау комиссиясының төрағасы, Жезқазған облыстық Халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету басқармасы бастығының орынбасары. 1985-1991 жылдары - Жезқазған қалалық Халық депутаттары кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Жезқазған облыстық Халық депутаттары кеңесі атқару комитеті Жезқазған қалалық Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету басқармасының бастығы, Жезқазған облыстық Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету өндірістік бірлестігінің бастығы. 1991-1995 жылдары - Жезқазған облыстық Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мекемелері одағының төрағасы, «Ұлытау» қазақ-қытай біріккен мекемесінің бас директоры. 1995-1999 жылдары - Жезқазған қалалық әкімшілігінің басшысы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары. 1999-2005 жылдары - Қарағанды облысы Жезқазған қаласының әкімі. 2005-2008 жылдары - Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі, Қарағанды облысы жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың сәуірінен.

Қазақстан Республикасының мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

86 жыл бұрын (1926-1980) музыка зерттеушісі, педагог, домбырашы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Композиторлар одағының мүшесі ТАСТАНОВ Хабидолла дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында туған. Қазақ ұлттық консерваториясын бітіріп, ұзақ жылдар бойына халық аспаптар кафедрасында ұстаздық еткен. 1959-1961 жылдары - КСРО Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Ұланбатырда (Монғолия) монғол өнері он күндігін ұйымдастыру және өткізу жұмысына басшылық жасап, Баян-Өлгей музыкалық-драма театры жанында қазақтың тұңғыш халық аспаптары оркестрін ұйымдастырған. Осы еңбектері үшін 1960 жылы Монғол Халық Республикасының «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталған.

Оның «Алатау аясында», «Тыңға аттану», «Толғау», «Қазақ биі», «Қуанамын», «Романс», т.б. аспаптық және вокалдық шығармалары, «Домбыра оркестрі», «Домбыра үйрену мектебі», «Дирижерлік етудің негіздері» (Латиф Хамидимен бірге) атты кітаптары бар.

51 жыл бұрын (1961) «СеймарАльянс қаржы корпорациясы» Акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, «Альянс Банк» Акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің мүшесі, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, Алматы технологиялық университетінің құрметті профессоры СЕЙФУЛЛИН Сәкен Орынбекұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын, Executive MBA бағдарламасын бітірген. 1995-2005 жылдары «Фудмастер» Акционерлік қоғамы басшылығының құрамында болды. 2005-2007 жылдары - «Альянс Полис» Сақтандыру компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы. 2007 жылдың мамырынан қараша айына дейін - «СеймарАльянс қаржы корпорациясы» Акционерлік қоғамының басқарма төрағасы төрағасы қызметтерін атқарды. 2008 жылдың қазан айынан - қазіргі қызметінде істейді.

Алматы қаласы әкімдігі жанындағы эксперттік кеңестің мүшесі, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне медициналық көмек көрсету мақсатында құрылған «Жеңіс» қайырымдылық қорының ұйымдастырушысы әрі құрушысы, «Қазақстан сүт одағын» ұйымдастырушылардың бірі және тең төрағасы, Қазақстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасы үйлестіру кеңесінің мүшесі. Қазақстан Республикасы Шахмат федерациясының құрметті президенті.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстанның Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған, «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы».

50 жыл бұрын (1962) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ШАЕКИН Рауан Михаилұлы дүниеге келді.
1962 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында туған.

КСРО ІІМ Қарағанды жоғарғы мектебін, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дипломатиялық қызмет академиясын бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. 1979 - 1987 жылдар аралығында ішкі істер органдарында қызмет атқарды.
1989 - 1994 жылдар аралығында адвокаттық қызметпен айналысты. 1994 - 1999 жылдар аралығында бірқатар коммерциялық құрылымдарды басқарды. 1999 - 2004 жылдар екінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. 2004 - 2007 жылдар үшінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 2007 - 2011 жылдар төртінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.
 
2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. «Нұр Отан» ХДП жанындағы Мемлекеттік қызметтердің және рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімділігін бақылау және мониторинг жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы.

«Құрмет», «Содружество» ордендерімен, «Шапағат», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

31 жыл бұрын (1981) «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ «Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның басқарушы директоры - Басқарма мүшесі КӘРІБЖАНОВ Марат Хайратұлы дүниеге келді.

Марат Кәрібжанов Жылжымайтын мүлік қорында басқарушы директор - Басқарма мүшесі ретінде 2010 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істейді.

Еңбек жолын 2002 жылы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде бастады. 2004 жылдан 2006 жылға дейін Ұлыбританияда консалтингілік компанияда бизнесті дамыту жөніндегі кеңесші және жобалар басқарушысы болып істеді. 2006 жылдан бастап «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ кірігу, құрылымдық қаржыландыру және қазынашылық саласында әртүрлі қызметтер атқарды. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ тағайындалғанға дейін, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Қазынашылық департаментінің директоры болып істеді, онда Қазынашылықтың инвестициялық қоржынын басқаруға, Банктің валюталық бағыты, сыртқы және ішкі қаржы нарықтарын және халықаралық қаржы құралдарын талдауға жауапты болды.
Қазақ мемлекеттік заң университетінің «Кәсіпкерлік құқық» факультетінің түлегі. Лондон университетінің (University College of London) Мемлекеттік басқару саласындағы магистрі.

Жетекшілік бағыты: Жылжымайтын мүлік қорының корпоративтік басқару, стратегиялық жоспарлау тиімділігін арттыруға қатысты жұмысын қамтамасыз етеді, сондай-ақ қаржы саясатын қалыптастыруға және жүзеге асыруға жауапты болып табылады.

29 жыл бұрын (1983) ҚР ТЖМ Мемлекеттік материалдық резерв комитеті «Резерв» РМК бас директорының орынбасары ӨСКЕНБАЕВ Алмаз дүниеге келді.

52 жыл бұрын (1960) «Сәлем» радиосының бас продюсері ШАЯХМЕТОВ Ноэль дүниеге келді.

58 жыл
бұрын (1954) Қазақстан Ушу федерациясының бас хатшысы АХМЕТОВ Бахыт дүниеге келді. 

Соңғы жаңалықтар