12 желтоқсан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 12 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
65 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Мұхтар Абрарұлы ҚҰЛ-МҰХАММЕД дүниеге келді.

ҚХР, Шәуешек қаласында туған. 1982 жылы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі ҚазҰУ) бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты (1995), заң ғылымдарының докторы (1999), профессор (2001). Нью-Йорк Ғылыми академиясының толық мүшесі (1997), ҚР Әлеуметітк ғылымдар академиясының академигі (2001).
1982–1992 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясының ғылыми редакторы, аға ғылыми редакторы, философия, құқық және социология редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшы – бас редактордың орынбасары, 1992–1999 «Атамұра» корпорациясының президенті болып жұмыс істеген. Бұған қосымша 1994-1995 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті, профессор міндетін атқарушы болды. 1995 жылы «Қазақстанның ХVІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың басындағы саяси-әлеуметтік тарихының проблемалары» (революцияға дейінгі орыс энциклопедиялары бойынша) деген тақырыпта кандидаттық диссератция қорғады. 1999 жылы «Жақып Ақбаев және Алаш қайраткерлері саяси құқықтық көзқарастарының эволюциясы (ХІХ ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басы)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
1999–2001 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Заң шығарушылық және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитет хатшысы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы болды. 2001 жылғы 31 мамырда Жоғарғы аттестациялық комитеттің шешімімен құқықтану мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді. 2001-2003 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, 2003-2006 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі, Баспасөз хатшысы, 2006-2007 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің Баспасөз хатшысы, 2007-2008 жылдары Қызылорда облысының әкімі. Бұған қосымша 2008 жылдың наурызында ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды. 2008-2010 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, 2010-2012 жылдары ҚР Мәдениет министрі, 2012-2013 жылдары ҚР Мемлекеттік хатшысы, 2013-2014 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, 2014-2015 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі лауазымын атқарған. 2015 жылғы Президент сайлауында Н.Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың (РҚШ) жетекшісі болды. 2015-2016 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі,
2016-2018 жылдары «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары, 2019-2023 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996), «Құрмет» ордені (2004), «Парасат» ордені (2010), 6 мерейтойлық медальмен марапатталған, Астана қаласының құрметті азаматы, Абай ауданының құрметті азаматы.
50 жыл бұрын (1975) «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының стратегия жөніндегі орынбасары Әнуар Мұратұлы АХМЕТЖАНОВ дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. 1996 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, Халықаралық экономикалық қатынастар жөніндегі экономист, 2000 жылы Джонс Хопкинс университетін «Болашақ» президенттік бағдарламасы бойынша тәмамдаған, халықаралық қаржы және халықаралық қатынастар магистрі.
Еңбек жолы: 1996-2000 жылдары Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Халықаралық экономикалық қатынастар» кафедрасының оқытушысы, 2000-2003 жылдары «Қазақойл» ҰМК» ЖАҚ Стратегиялық жоспарлау департаментінің бас талдаушысы, сыртқы-экономикалық байланыстар департаментінің бас менеджері, Солтүстік-Каспий жобасы бойынша департаментінің менеджері, 2003-2004 жылдары «ҚазМұнайТеңіз «ТМК» АҚ директорының орынбасары, жобалық талдау департаментінің директоры, 2004-2006 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ теңіз жобаларын дайындау департаменті директорының орынбасары, 2006-2007 жылдары «Самұрық-Қазына «холдингі» АҚ-да мұнай-газ активтерін басқару жөніндегі топтың бас сарапшысы болып еңбек етті.
2007-2010 жылдары «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ мұнайды барлау және өндіру жобалары жөніндегі атқарушы директоры, бас менеджері, 2010-2012 жылдары «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары, 2012-2016 жылдары Қарағанды облысы әкімінің өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, индустрияландыру және инвестициялар мәселелері жөніндегі орынбасары, 2016-2019 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. 2019-2020 жылдары ҚР цифрлық даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауапты хатшысы, 2020-2021 жылдары ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі болды. 2021-2022 жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Трансформация және цифрландыру жөніндегі басқарма төрағасының бірінші орынбасары, 2022 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2022 жылғы ақпаннан атқарып келеді.
50 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы ІІМ Алдын алу қызметін үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Амангелдіұлы САДАНОВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Төгіскен ауылында туған. 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін аяқтаған.
Еңбек жолы: Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ҚР ҒА МН Микробиология және вирусология институты микробтық құралдар зертханасының аға зертханашысы болып жұмыс істеген. 1996-2017 жылдары ҚР ұлттық қауіпсіздік органдарында әртүрлі басшылық қызмет атқарған. 2017-2019 жылдары ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет істеген. 2019-2023 жылдары ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы, 2023-2025 жылдары ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы болып жұмыс атқарған.
Қазіргі қызметін 2025 жылғы қарашадан бері атқарып келеді.
ІІ дәрежелі мемлекеттік «Айбын» орденімен, ІІІ дәрежелі «Қазақстан ҰҚК-КНБ», ІІ және ІІІ дәрежелі «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны», «ФҚҚ-нің Қазақстандағы ресми өкілдігі», «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгілерімен, «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық Бірлік», «ІІМ-дегі мінсіз қызметі үшін», «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медальдарымен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» «ҚР ҰҚК Академиясына 20 жыл», «Астана қаласына 20 жыл» және т.б. мерейтой медальдарымен марапатталған.
39 жыл бұрын (1986) «Урал Ойл энд Газ» ЖШС бас директоры Болат Махамбетұлы ДОСМҰХАМБЕТОВ дүниеге келді.

Гурьев қаласында (Атырау) туған. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде (2008) «мұнай және газ геологиясы, тау-кен инженері» мамандығы бойынша білім алған. L'Institut National Polytechnique de Lorraine (2009), геология ғылымдарының магистрі, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін (2013), ҚазМЗУ бизнес мектебін тәмамдаған, University of Business and International Studies (UBIS) (2016), Іскерлік әкімшілендірудің басқарушы магистрі.
Еңбек жолы: 2009-2010 жылдары Weatherford техник-геофизигі, 2010-2011 жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас маманы, 2011-2013 жылдары «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ менеджер, бас менеджері, 2013-2014 жылдары ҚМГ Қашаған Б.В. бас менеджері болып еңбек етті. 2014-2016 жылдары ҚМГ Қашаған Б.В.-дан Тотал (Франция) серіктес компаниясына іссапарға жіберілді. 2016-2017 жылдары ҚМГ Қашаған Б.В. жобаларды игеру, өндіру және жайластыру департаментінің директоры, 2017-2018 жылдары «Каспиан Меруерт Оперейтинг Компани Б.В.» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары, 2019-2022 жылдары «Исатай Оперейтинг Компани» ЖШС бас директоры, 2022-2025 жылдары «Исатай Оперейтинг Компани» ЖШС бас директорының орынбасары, басқарма мүшесі болды.
2025 жылғы маусымнан бері қазіргі қызметін атқарып келеді.
98 жыл бұрын (1927-2006) жазушы, әдебиет зерттеушісі, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Зейнолла ҚАБДОЛОВ дүниеге келген.

Атырау облысы Мақат ауданының Доссор кентінде туған. 1945 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1950 жылы үздік дипломмен бітірген. Осы білім ордасында елу жылдан астам үздіксіз білім және ғылым жұмыстарын қатар жүргізген. Ширек ғасыр бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің әдебиет кафедрасын басқарып, бірнеше жыл «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы міндеттерін негізгі қызметімен қоса атқарған.
«Ұшқын» және «Жалын» романдарының, «Адам», «Сыр» атты жинақтарына енген әңгіме-очерктері мен Қазақтың М. Әуезов атындағы академиялық және бірнеше облыстық театрдың сахналарында қойылған «Сөнбейтін от» драмасының авторы. «Менің Әуезовім» романы үшін 1998 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдары докторы дәрежесін тағайындау жөніндегі тұрақты диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін атқарған. Тұңғыш көлемді шығармасы «Өмір ұшқыны» 1956 жылы қазақ, 1958 жылы «Искра жизни» повесі орыс тілінде жарық көрген. 1964 жылы «Адам» атты әңгімелер мен очерктер жинағы шыққан. 1967 жылы республикалық байқауда «Сөнбейтін от» пьесасы сыйлық алған. «Мұхтар аға» документалды кинофильмінің сценарийін жазған. Мұнайшылар өмірінен жазылған «Жалын» романы 1970-1971 жылдары қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген. Бұл роман жұмысшылар табы туралы ең үздік туындылар жөнінде КСРО Жазушылар одағы жариялаған бүкілодақтық байқауда арнаулы сыйлық алған.
1964-2002 жылдары әдебиеттану ғылымы мен теориясын зерттеу, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазу ісінде де жемісті еңбек еткен. Оның «Арна» зерттеу-сын-эссесі, «Жанр сыры», «Сөз өнері» монографиялары, «Жебе» әдеби толғаныстар мен талдаулары, «Көзқарас» талдаулар мен толғаныстары, «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбектері студенттер мен мұғалімдердің және жазушы-журналистердің қажет кітаптарына айналды. Басқа да көптеген еңбектері: екі томдық шығармалары, «Елеусіз қалған есіл ер» пьесалар жинағы, «Менің Әуезовім», «Ұшқын», «Жалын» романдары, таңдамалы шығармалар, бес томдық алғашқы кітаптары «Жазушы», «Санат» баспаларынан әр жылдары басылып шыққан. Аударма жұмысымен де айналысып, А. Пушкиннің «Балықшы мен балық» ертегісін, Н.Гогольдің мақалалары мен хаттарын, В.Добровольскийдің «Сұр шинельді үш жігіт», В.Закруткиннің «Судағы станица» романдарын, А.Островскийдің «Ұшынған ақша», М.Горкийдің «Күн перзенттері», Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесаларын қазақ тіліне аударған. «Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальмен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлығының лауреаты. Көркем шығармалары бірнеше шетел тіліне аударылған. Алматы қаласындағы мекен-тұрағы болған Желтоқсан көшесіндегі 132-үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылып, қаладағы көшелердің біріне жазушының есімі берілген.
97 жыл бұрын (1928-2008) қырғыз жазушысы, Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, Қырғыз Республикасы Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының лауреаты Шыңғыс Төреқұлұлы АЙТМАТОВ дүниеге келген.

Қырғыз Республикасының Талас облысында туған. Жамбыл зооветеринарлық техникумын, Қырғыз ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Қазіргі әлем әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бірі саналатын Шыңғыс Айтматов проза жанрында және киносценарий, драматургия, әдебиет сыны, аударма салаларында еңбек етті.
«Литературный Киргизстан» журналының редакторы, «Правда» газетінің Қырғызстандағы меншікті тілшісі, Қырғызстан кинематографистер одағының төрағасы, Қырғызстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, «Иностранная литература» журналының бас редакторы, КСРО-ның Люксембургтегі елшісі, Қырғызстанның Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарды.
Қаламгердің 1952 жылы «Әшім» атты тұңғыш әңгімесі жарияланды. «Аспалы көпір», «Бетпе-бет», т.б. әңгімелері жарық көрген. Жазушыны алғаш әлемге танытқан таңдаулы туындысы әйгілі «Жәмила» повесі болды.
Шығармалары шет елдерге де кеңінен танылды. Айтматов туындылары түгелдей дерлік қазақ тілінде жарық көрді. Сонымен бірге француз, неміс, жапон, араб, түрік, парсы, тағы басқа да дүниежүзінің көптеген халықтарының тілдеріне аударылды.
1963 жылы Ш.Айтматов «Тау мен дала хикаясы» атты шығармалар жинағы үшін Ленин сыйлығын алды. Бірқатар шығармасының желісімен жасалған драмалық туындылары, қазақ драматургі Қ.Мұхамеджановпен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» пьесасы Қазақстанның республикалық, облыстық театрлары сахнасынан берік орын алды.
1997 жылы қазақ ақыны М.Шахановпен бірігіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы жарық көрді. Екеуі бірігіп жазған «Сократты еске алу түні немесе миғұла терісі үстіндегі сәт» атты пьесасы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында қойылды.
Ш.Айтматов Еуропаның бірнеше елі академияларының құрметті академигі, бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесіне, Қырғызстан Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған.