70-тен 120 теңгеге дейін: Қазақстан қалаларындағы автобус жолақысы

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазақстан аймақтарында қоғамдық көліктің жолақысы әртүрлі. Бұл көбіне жергілікті әкімдік пен тасымалдаушылар арасындағы келісім арқылы жүргізіледі. Ал тасымалдау ҚР «Автомобиль көлігі туралы» заң аясында атқарылады.

жолақы
Коллаж: Canva

Жолаушы құқықтары мен міндеттері

«Автомобиль көлігі туралы» заңның 20-бабында жолаушылардың құқықтары мен міндеттері анық жазулы. Кез келген адам діттеген жетіне жету үшін автобус, троллейбус және такси қызметін пайдалана алады. Қызметті пайдаланған жолаушы билет құнын төлейді. Талап бойынша 7 жастан 15 жасқа дейiнгi балаларға жол жүру құжатының (билетiнiң) толық құнының 50% төлеп, жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сатып ала алады. Сонымен бірге заңда «Әлеуметтік маңызы бар қатынастарда, сондай-ақ жолаушылар мен багажды қалалық (ауылдық), қала маңындағы қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдауларда „Алтын алқа“, „Күміс алқа“ алқаларымен наградталған немесе бұрын „Батыр ана“ атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі „Ана даңқы“ ордендерімен наградталған көпбалалы аналардың, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың тегін жол жүруге, ал 15 жастан 18 жасқа дейінгі адамдардың жол жүру құжатының (билетінің) толық құнының елу пайызын төлей отырып, жол жүру құжатын (билетін) сатып алуға құқығы бар», — деп анық жазулы тұр.

Тасымалдаушының құқықтары мен мiндеттерi

«Автомобиль көлігі туралы» заңның 22-бабында тасымалдаушының құқықтары мен мiндеттерi көрсетілген. Ондағы құқықтары:

— Қоғамдық көлікте жол жүргені үшін ақы төлеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ ақы төлеу фактілерін тексеру үшін көліктік бақылау қызметін құруға;

— жолаушылардың қоғамдық тәртiптi және жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидасын сақтауын талап етуге құқықы.

Тасымалдаушы өз мiндеттерiн де толық білуі тиіс. Заң бойынша таңнан бастап шығатын автобус техникалық жарамды болуы керек. Сонымен бірге техникалық, экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен өрт қауiпсiздiгi ережесі сақталуы тиіс. Ал жүргізушілері рейс алдында медициналық тексеруден өтеді. Сонымен бірге олардың еңбек және тынығу режимі қатаң сақталуы қажет. Тасымалдаушы «Автомобиль көлігі туралы» заңы аясында азаматтардың жекелеген санаттарын ақысыз тасымалдайды және жеңілдік береді.

а
Фото: Kazinform

Тарифтерді бекіту және аймақтардағы тариф

«Автомобиль көлігі туралы» заңның 19-бабында тарифтің жергілікті атқарушы органның шешімімен бекітілетіні көрсетілген. Сонымен бірге жергiлiктi атқарушы органдар ҚР заңнамасына сәйкес тасымалдаушылардың залалын субсидиялайды.

Қазір еліміздің көпшілігінде дәл осы жеңілдік қарастырылған. Нәтижесінде кейбірінде балалар, енді бірінде зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Қазақстанның барлық аймағын саралай келе еліміздегі ең төмен жолақы Ақтау, Түркістан, Шымкент қалаларында екені белгілі болды. Үш қалада қоғамдық көлікте жүру құны ересектерге — 70 теңге.

Ақтауда билет құнын қолма-қол төлесеңіз жолақы 150 теңге болып екі еселенеді. Ал Түркістан қаласында 100 теңге төлеу қажет болады. Қазақстандағы Қонаев, Ақтөбе, Атырау, Семей, Талдықорған, Жезқазған қалаларында жолақы ересектерге — 80 теңге.

Бұл — тек QR код және жолаушылар тасымалдауға арналған арнайы қосымша арқылы төлеген адамдарға аналған тариф. Мұнда да арнайы карта болмаса тариф күрт өседі. Мәселен Талдықорғанда қолма-қол есеп айырысу үшін 120 теңге төлеу қажет болады. Есесіне оқушылар, көпбалалалы аналар мен зейнеткерлер тегін жүреді. Олар үшін жеңілдік қарастырылған. Атырау мен Ақтөбе тұрғындары үшін қолма-қол жолақы 150 теңге деп бекітілген.

Бір ерекшелігі Ақтөбеде І, ІІ топ мүгедектері, зейнеткерлер тегін жүреді. Ал оқушылар 40 теңге төлейді. Олар үшін арнайы қосымша картасы шығарылған. Атырау қаласында да жеңілдіктер бар. І, ІІ топ мүгедектеріне жолақы тегін, ІІІ топ мүгедегіне 50 пайыздық жеңілдік бар.

Студенттер қоғамдық көлікке екі рет тегін мінеді, содан соң жолақы төлеуі тиіс. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері де автобуста тегін қатынайды. Зейнеткерлер жолақының 50% төлейді. Оқушылар сабақ кезінде қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Қонаев қаласындағы бір ерекшелік, жолақысы 80 теңге болғанымен, қолма-қол төлесеңіз бірден 200 теңге төлеу қажет.

Жезқазған қаласында да І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, жасы келіп зейнетке шыққан қариялар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бала жасынан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелейтін аналар, үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлер, 18 жасқа толмаған балалар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар адамдар қоғамдық көлікте ақысыз жүре алады.

Ал Қызылорда мен Тараз қаласында жолақы — ересектерге 85 теңге. Қолма-қол есеп айырысу екі қалада да 130 теңге деп бекітілген. Таразда оқушылар картамен төлесе 40 теңге шегеріледі.

Өскемен қаласында жолақы 90 теңге деп бекітілген.

Қазақстан бойынша 6 қалада жолақы — 100 теңге. Олар — Петропавл, Павлодар, Орал, Қарағанды, Қостанай және Көкшетау. Бұл қалаларда да қолма-қол төлеу кезінде жолақы құны өзгереді. Мәселен Көкшетауда 180, Қостанайда 170, Оралда 200 теңге болады.

Ал Астана қаласында жолақы қазіргі кезде 110 теңге.

Еліміз бойынша ең қымбат қалаішілік тасымал — Алматы қаласында. Мұнда қосымша арқылы 120 теңге төлеу керек. Қолма-қол ақша қабылданбайды.

Соңғы жаңалықтар