120 млн теңгелік өрт сөндіргіш дрон әлі сынақтан өтіп болған жоқ — ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM — ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев биік ғимараттардағы өртті сөндіруге арналған 120 млн теңгелік дрондар сатып алу процесі неге тоқтап тұрғанын айтты.

өрт сөндіретін дрон
Фото: Видеодан скрин

Былтыр қараша айындағы Үкімет отырысында министр Шыңғыс Әрінов әр данасының құны 120 млн теңге болатын өрт сөндіргіш дрондар сатып алатындарын айтқан еді.

— Оның қандай ерекшелігі бар? 150 метрге дейінгі биікке көтеріліп, өрт сөндіре алады. Бізде бар өрт сөндіретін көліктің кез келгенінен жалғанып, қанша уақыт қажет болса, сонша мерзім бойы өрт сөндіру жұмыстарын атқара алады, — деген еді министр.

Астанада өткен баспасөз мәслихатында Өртке қарсы қызмет комитетінің өкілдері осы жоба қазір қандай сатыда екенін айтты.

— Ол дрон қазір Астана қаласында сынақтан өтіп жатыр. Яғни, әзірге бір данасын ғана алдық. Мысалы, кеше ғана Abu Dhabi Plaza кешенінде оқу-жаттығу жиынын өткізгенде осы дронды пайдаландық. Ол аппарат зәулім ғимараттардың қасбетіндегі және балкондардағы өртті сөндіруде айтарлықтай тиімді екенін көрсетті деуге болады. Бұл тәжірибені әлі де пысықтап, бақылаймыз. Шынымен тиімді екенін көрсетсе, жаппай сатып алу туралы шешім қабылдаймыз, — деді Қанат Доспаев.

Ал Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Елдос Зияда министрлік өз жұмысында пилотсыз ұшатын аппараттарды жиі қолданатынын айтады.

— Қазіргі таңда министрлік балансында 160-тан астам дрон бар. Ол дрондар көбінесе өртті ерте анықтауға пайдаланылады. Әуеден мониторинг жасауға да жиі қолданамыз. Маманданған орталықта арнайы дрондар бар. Ол өзі түсірген бейнені онлайн режимде орталыққа жіберіп отырады. Әрбір орман алқаптарының қасында Төтенше жағдайлар министрлігінің қосымша күштері жұмылдырылған. Әрбір өрт сөндіргіш көліктің қасында бір дрон бар. Олар өртті ерте анықтап қана қоймай, жалынның беталысын анықтап дәл бақылауға да қолайлы, — дейді Елдос Зияда.

Айта кету керек, Шыңғыс Әрінов бұл дрондар Астанада сынақтан өткеннен кейін Алматыға да сатып алынатынын мәлім еткен.

Соңғы жаңалықтар