1200 музыкант алаңда №8 симфонияны орындайды

Бұл - бұрын-соңды болмаған бірегей жоба. Көрнекті австриялық композитор Густав Малердің әйгілі №8 симфониясын ашық аспан астындағы алаңда орындауға 1200 музыкант қатысады. Бұл қойылымның қазақстандық тұсаукесері ЭКСПО-2017-нің мәдени бағдарламасының аясында 22 шілде күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайының алдындағы алаңда өтеді.
Густав Малер адам рухының сұлулығын паш ететін керемет ода болып табылатын №8 ми-бемоль мажор симфониясын ойлап шығарған. Бұл шығарма австриялық классиктің шығармашылығының шыңы ғана емес, сондай-ақ әлемдік репертуардағы ең ауқымды симфониялық шығарманың бірегейі болып табылады. Бірінші бөлімнің желісі ретінде «Жаратқан Ием, қуат бер!» деп аталатын IX ғасырдағы латын мәтіні алынған. Шығарманың екінші бөлімі ұлы неміс ақыны И. В. Фон Гетенің «Фауст» трагедиясының соңғы сахнасының сөздеріне жазылған. Оны орындауға музыканттардың аса үлкен тобы қажет: құрамы барынша кеңейтілген оркестр, бірнеше хор, балалар хоры және сегіз солист.
Осынау бірегей жобаның қоюшы-дирижері - әлемдегі жоғары сұранысқа ие маэстролардың бірі, «Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаев. Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың наурыз айында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі, хоры және солистерінен тұратын ұжымымен бірлесе отырып, Густав Малердің «Арылу симфониясының» №2 симфониясының тұсаукесерін зор табыспен көрермендерге ұсынған болады.
«Бұл шығарманы ешбір адам аяғы баспаған, елсіз аралға өзіммен бірге ала кетер едім. Сол жерде осынау таңғажайып музыканы үздіксіз тыңдаудан жалықпас едім. Қызықты бір жайт: №8 симфонияның тұсаукесері 1910 жылдың қыркүйегінде болған. Еуропада тура осы кезде ЭКСПО көрмесі өтіп жатқан. Дәл сол кезеңде орындаушыларының санына қарап, «Мың адам қатысатын симфония» деген атау алғаш рет қолданылды. Мұндай аса ірі жобаны іске асыру - кез-келген ұжым үшін күрделі сын. Мен өте көп дайындық жасаймын. Үлкен хор мен оркестрді біріктіру үшін алдымен бір ұжымнан екінші ұжымға көшіп жүрдім. Әркезде де өзекті болып саналатын бірлік, бауырластық, ортақ махаббат идеялары осы керемет шығарманың қозғаушы күшіне айналды. Симфонияның негізгі айтатын ойы - біз өмір сүретін ғаламшар махаббаттан жаралған деген тұжырымға саяды. Менің ойымша, бұл тұсаукесер щынымен де әлемдегі теңдесі жоқ бірегей оқиға болары сөзсіз»,- деді Алан Бөрібаев.
Ұйымдастырушылар хабарлағандай, «Астана Опера» симфониялық оркестрі, хоры және балалар хорымен бірге Густав Малердің ғаламат айбынды туындысын атақты итальяндық Карло Феличе (Генуя қаласы) театрының, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының оркестрі мен хоры, сонымен қатар Қазақстан Республикасы мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі мен «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрі орындайтын болады.
Концертке «Астана Опера» театрының жетекші солистері Салтанат Ахметова, Жұпар Ғабдуллина, Айгүл Ниязова, Нұрлан Бекмұхамбетов, Татьяна Вицинская, сонымен қатар Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры жетекші солистері Оксана Давыденко, Олег Татамиров, Таир Тәжіғұловтар қатысады.