Өрт болған хостелдегі бір орын құны 2000 теңгеден басталған
Өрт шығып, 13 адам қаза болған Алматыдағы хостел қала орталығындағы Алмалы ауданы, Әди Шәріпов көшесі, 86 мекенжайында орналасқан, деп хабарлайды Кazinform.

«Almaty Hostel» деп аталатын жатақхана терезелері жоқ жертөледе жасақталған. 2Gis электронды анықтамалық сервисіне орналастырылған мәліметке сүйенсек, хостелде тұру бір орынға 2000 теңгеден басталады, орындар саны — 100-ге дейін.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың сөзінше, хостел 1,5 ай бұрын ашылған. Мұнда көбіне Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан елдерінің азаматтары тұрған. Арасында қазақстандықтар да болған.
Мерт болған 13 адамның дені медицина университетінде оқитын шетелдік студенттер болғаны туралы ақпаратты агенттік тілшісі нақтылап жатыр.
Еске салайық, бүгін таңертең Алматыда болған өрт салдарынан 13 адам көз жұмды, екеуі ауруханаға жеткізілді. 59 адам шұғыл эвакуацияланды. 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды. Мұндағы тұрғындардың дені — шет мемлекеттердің азаматтары.

