13 аймақта ұн қымбаттады – министрлік себебін түсіндірді

13 аймақта ұн қымбаттап барады – министрлік себебін түсіндірді
Фото: Мухтор Холдорбеков/ҚазАқпарат ХАА

Қазір кейбір өңірлерде кәсіпкерлер бидайды қымбат бағамен сата бастады. Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Қазір кейбір өңірлерде кәсіпкерлер бидайды қымбат сата бастады. Өздеріңіз естігендей, 2-3 рет жаңбыр жауып, бидай кеппей жатыр. Тиісінше бидай қайта көктеп кетті. Ол енді азық-түлік ретінде пайдалануға болатын сұрыпқа жатпайды. Одан дұрыс ұн шықпайды. Оның үстіне қазір 13 аймақта ұн бағасы өсіп жатыр. Бұған ажиотаждық сұраныс себеп, яғни «ойбай бізде бидай жетпей қалады» деген дүрбелең. Ауыл шаруашылығы министрлігі бидай қоры жеткілікті екенін баяндайды. Дегенмен кейбір аймақтарда 50 пайызға дейін ұн қымбаттады. Оны біз көріп отырымыз.», - деп тоқталды Айдар Әбілдабеков.

Оның айтуынша, азық-түлік корпорацияларының қоймасында 95 мың тонна бидай сақтаулы тұр.

«Жергілікті уәкілетті органдарға осы бидайды диірмендерге жеткізу бойынша тапсырма берілді. Ол үшін корпорация мен диірмен арасында меморандум жасалуы тиіс. Бір апта бұрын берілген тапсырмаға сай, қазір бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Енді оператор (диірмен - автор түсіндірмесі) ақшасын төлеген соң, ҚТЖ оларға бидайды жеткізеді», - деді Айдар Әбілдабеков БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Ол атап өткендей, қандай да бір тауар тапшығы байқалса, кәсіпкерлер бірден бағаны көтеріп жібереді.

«Біз бүгін таңертең Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне хабарласып, ұсыныс енгіздік. Олар нарықтағы ірі «ойыншыларға» сұраныс жіберіп, тергеуді бастаймыз деп жоспарлап отыр», - деп түйіндеді Айдар Әбілдабеков.

Соңғы жаңалықтар