13 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 13 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

13 қараша. БЕЙСЕНБІ

Дүниежүзілік мейірімділік күні

Бұл күнді атап өтуге бастамашысы - 2000 жылы Сингапурде ұйымдастырылған Дүниежүзілік мейірімділік қозғалысы (World Kindness Movement)

Дүниежүзілік сапа күні

Жыл сайын қарашаның екінші бейсенбісінде атап өтіледі. Бұл мерекені енгізу ұсынысын Еуропалық сапа ұйымы енгізді, бұл идеяны Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдады. Мереке 1990 жылы бекітілді.

Зағиптардың халықаралық күні. 1784 жылы Парижде соқырларға арналған әлемдегі тұңғыш интернатты ашушы, ағартушы, тифлопедагогиканың негізін қалаушы француздық Валентина Гаюидің (1745-1822) туған күніне орай атап өтіледі.

Ресейде радиациялық, химиялық және биологиялық қатерлерден қорғау әскерлері күні. Республиканың Революциялық Әскери Кеңесінің №220 бұйрығымен іс-қимыл үстіндегі армияда алғашқы химиялық қорғау органдары мен бөлімшелері құрылған 1918 жылдың 13 қарашасы - Радиациялық, химиялық және биологиялық қатерлерден қорғау әскерлерінің ресми құрылған күні болып есептеледі. 1992 жылдың тамызынан бастап химиялық әскерлер қазіргі атауларына ие болды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

44 жыл бұрын (1970) «Қыз Жібек» көркем фильмі прокатқа шықты.

Сұлтан Қожықов түсірген фильм ҚазСРО Мемлекеттік сыйлығын алды, сондай-ақ сценарий авторы Ғабит Мүсірепов, басты рөлдерді сомдаған Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова үздік акерлар ретінде дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.

21 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы жарық көрді.

17 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мұражайының ресми ашылу салтанаты өтті. Шараға ҚР Президенті Н.Назарбаев қатысып, мұражайдың «Құрметті қонақтар кітабына» естелік жазба қалдырды.

Ұлттық банк мұражайы қорында 5 мыңнан астам экспонат қойылған. Олардың қатарында Николай ІІ патша бейнеленген құны 5 және 10 рубльдік монеталар, 1898-1899 жылдардағы Ұлы Петр, Екатерина ІІ, Николай ІІ, Александр ІІІ бейнеленген патшалық Ресей шақалары, Австрия-Венгрия, орыс-поляк, Қытайдан, Польшадан, Мексикадан әкелінген монеталар, неміс рейхсмаркалары, Кеңес өкіметінің құрылуы кезеңінде 1918 жылы шығарылған «апиын ақшалары» және 1920 жылы шығарылған «жібек ақшалар» деп аталатын банкноттар мен шақалар, алыс және таяу шет елдердің ақша белгілері, Қазақстан теңге сарайының бұйымдары, т.б. сақталған.

8 жыл бұрын (2006) Оралда «Батыс Қазақстан облысындағы білім беру жүйесінің тарихы» электрондық ақпараттық анықтамалық жарық көрді. Басылымда БҚО-ның мұрағаттары мен мұражайларынан алынған нақты статистикалық мәліметтер келтірілген. Анықтамалықтан құжаттамалық мәліметтерді, соның ішінде XIX ғасырдан бастап қазіргі күндерге дейінгі кезеңді қамтитын суреттер де бар, осы аумақтағы алғашқы педагогикалық басылымдар жайлы, балалар ұйымдары, оқушылар саны, т.б. туралы білуге болады.

8 жыл бұрын (2006) Павлодар облысының Екібастұз қаласында алғашқы «сөйлейтін» бағдаршамдар қойылды. Олардың бірі соқырларға арналған кітапханаға барар жолдағы көшеге орнатылса, екіншісі әлеуметтік қорғау бөлімі орналасқан ғимаратқа қарсы орнатылып, зағип қалалықтарға үлкен көмек көрсетуде. Бағдаршам күшті естілетін және айқын дауыспен жүргіншілерге жасыл шам жанғанын хабардар етеді. Бұл көшелерден өту нашар көретіндер үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, сөйлейтін бағдаршам көздері көретіндерді де тәртіпке келтіргені даусыз.

8 жыл бұрын (2006) Қызылордада терме жанрындағы мақамдар жинағынан тұратын белгілі күйші Ерболат Мұстафаевтың кітабы жарияланды. Бұл кітап «Мәдени мұра» және «Өнер жылы» аумағында шығарылып отыр. Аталған жанрда халық аңыздары және ауыз әдебиеті шығармалары өлең түрінде домбыраның сүймелдеуімен орындалады. Автор - республикалық және халықаралық өнер сайыстарының бірнеше мәрте жеңімпазы, орындаушыларға және музыка сүйетіндерге танымал немесе онша танымал емес 35 жырды зерттеп, нотаға түсірген, сөйтіп оларды осы жинаққа ендіріп отыр.

7 жыл бұрын (2007) Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы тұсынан Сыр өзені арқылы өтетін жаңа көпір іске қосылды.

Енді бұл көпір арқылы дарияның арғы бетіндегі ондаған ауылдың мыңдаған тұрғыны еркін қарым-қатынас жасайды, бұрын осы жерден халық паром мен қалқымалы көпір арқылы өтетін.

7 жыл бұрын (2007) Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Фолиант» баспасынан шыққан «Бабалар сөзі» қазақ фольклоры көп томдығының алғашқы кітаптары таныстырылды.

100 томдық жинақтың алғашқы 35 кітабында халқымыздың батырлар жырлары мен тарихи жырлары, хикаялар, ғашықтық және діни дастандары топтастырылған. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарыққа шығып отырған «Бабалар сөзі» шығармалар жинағының алғашқы 35 томы Қазақстанның және шетелдің мұрағаттарынан алынған тарихи қолжазбалардың негізінде үш жыл бойы басылып келген. Сондай-ақ іс-шара барысында «Аударма», «Раритет» және «Балалар әдебиеті» баспаларынан шыққан жаңа кітаптардың таныстырылымы болды.

2 жыл бұрын (2012) 20 штат Ақ үй сайтында президент Барак Обаманы қайта сайлағаннан кейін АҚШ құрамынан шығу туралы петиция берді. 100 мыңнан астам тұрғын «жақтап» дауыс берді.

2 жыл бұрын (2012) Қазақстан, Ресей, Беларусте темір жол жүк және интермодальдық тасымалдау саласындағы кешенді көліктік және логистикалық қызметтердің толық спектрін көрсететін Бірыңғай экономикалық кеңістіктің Бірлескен көлік-логистикалық компаниясын құру жұмысына кірісті.

Бір жыл бұрын (2013) поляк королі Сигизмунд аты аңызға айналған палуан Қажымұқан Мұңайтпасовқа сыйға тартқан чемпиондық белдік Астанада көрсетілді. Белдік «Қазақ күресі: история, современность и перспектива» атты шағын көрменің бөлігі болды.

Бір жыл бұрын (2013) Астанада Қазақстанның III дінтанушылар форумы барысында жастарға бағдарланған «E-islam» интернет-порталы таныстырылды.

Бір жыл бұрын (2013) швейцариялық Женева қаласындағы бәссаудада 35,5 млн долларға сирек кездесетін ашық-қызғылт сары түсті гауһар тас сатылды.

Бір жыл бұрын (2013) WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин «Астана» президенттік кәсіби спорттық клубқа кірді.

Бір жыл бұрын (2013) ҚР Тұңғыш Президенті Мұражайында қазақстандық ұлттық валютаның енгізілгеніне 20-жыл толуына арналған «Теңге - Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны» атты қор көрмесінің ашылуы болды.

101 жыл бұрын (1913) Грек-түрік бейбіт шарты жасалды. Гректер Тинидос, Имбрдос және Додеканес аралдарынан басқа Крит пен Эгей теңізіндегі аралды алады.

34 жыл бұрын (1980) америкалық «Вояджер-1» ғарыш аппараты Жерге Сатрунның алғашқы фотосуретін жіберді.

29 жыл бұрын (1985) Колумбияда Невадо-дель-Руис жанартауы атылды, салдарынан жиырма мыңдаған адам қаза тапты.

ЕСІМДЕР

269 жыл бұрын (1745-1822) Валентин ГАЮИ дүниеге келді - француз педагогы, зағип жандарға арналған әліпбидің авторы.

74 жыл бұрын (1940) әнші, композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Д.А.Қонаев атындағы Халықаралық қор басқармасының мүшесі, Орталық Азия Халық академиясының академигі, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры ХАСАНҒАЛИЕВ Ескендір Өтегенұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.

1965-1968 жылдары - Қазақ радиосының музыка редакциясының редакторы. 1968-1970 жылдары - Қазақ қыздар педагогикалық институтында оқытушы әрі «Айгүл» вокалдық квартетінің жетекшісі болды. 1970 жылдан - Қазақстан Телевизия және радиохабар жөніндегі комитетінің әншісі.

Оның алғашқы әні 1961 жылы «Анаға сәлем» деген атпен елге танылып, одан кейін «Асыл арман», «Атамекен», «Бозторғай», «Әдемі-ау» т.б. жұртшылық сүйіп айтар әндер жазды. Сонымен қатар «Тақыр», «Нан мен тұз» фильмдеріне «Студенттер» спектакліне музыка жазды. Композитордың 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармалары бар. Әндері бірнеше рет үнтаспаға және компак-дискіге басылып шыққан.

«Құрмет» орденімен марапатталған. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақстан Комсомолы сыйлығының иегері.

60 жыл бұрын (1954) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі БАЗАРБАЕВ Асқар Ермырзаұлы дүниеге келді.

Талдықорған қаласында туған. Еңбек жолын 1971 жылы Алматы кен емес материалдар комбинатында жұмысшы болып бастады. 1977 жылы Қазақ политехникалық институтын бітірді. Институтты бітіргеннен кейін Қарағанды облысында жұмыс істеді. 1977-1980 ж.ж. - Қарметкомбинаттың автоматтандыру және механикаландыру зертханасында инженер, бас инженер. 1980-1982 ж.ж. - Қарметкомбинат партия комитетінің нұсқаушысы. 1982-1983 ж.ж. - Қазақстан Компартиясы Теміртау қалалық комитеті өнеркәсiп-көлiк бөлiмiнiң нұсқаушысы. 1983-1988 ж.ж. - Қазақстан компартиясы Қарағанды облыстық комитеті өнеркәсiп бөлiмінің нұсқаушысы, меңгерушiсiнің орынбасары. 1988-1991 ж.ж. - Қазақстан компартиясы Теміртау қалалық комитетінің екiншi, содан кейін бiрiншi хатшысы. 1991-1996 ж.ж. - «Текстиль» Қазақстан - Швейцария бiрлескен кәсiпорны өкiлдiгінің директоры, Қарметкомбинаттың Алматы қаласындағы өкiлдiгі бас директорының орынбасары. 1996-1999 ж.ж. - «ХлебЛТД» ЖШС директорының орынбасары, «Базарстан» ЖШС президенті. 1999-2002 ж.ж. - Қарағанды облысы әкімінің көмекшісі. 2002-2007 ж.ж. - Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы. 2007-2009 ж.ж. - Қарағанды облысы әкімінің орынбасары. 2009-2012 ж.ж. - «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. 2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және мерекелік медальдарымен марапатталған.

5 9 жыл бұрын (1955-2002) Халықаралық дәрежедегі хоккейден спорт шебері, Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы АЛЕКСАНДРОВ Борис Викторович дүниеге келді.

Өскемен қаласында туған. Өскемен педагогикалық институтын бітірген. Ол Өскемен хоккей мектебінің ең жақсы хоккейшісі болды.

«Торпеда» (Өскемен) жасөспірімдер құрама командасында ойнаған. Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ю.Тарховтың шәкіртті. ЦСКА командасының құрамында КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы.

1980-1983 жылдары - «С» командасында (Мәскеу). 1983-1989 жылдары - «Торпеда» командасында. 1989-1991 жылдары - Италияның, 1991-1992 жылдары - Венгрияның жоғары лигасының клубында өнер көрсеткен. 1993-1994 жылдары - «Торпеда» командасында. 1994 жылдан - «Торпеда» командасының аға жаттықтырушысы. 1997 жылдан - Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы қызметін атқарған.

Өскемен қаласындағы Спорт сарайына Александровтың есімі берілген.

52 жыл бұрын (1962) «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президентінің кеңесшісі ДОСАЕВ Асан Ералхан ұлы дүниеге келді.

Целиноград қ. туылған. Мәскеу энергетикалық институтын бітірген, инженер-теплофизик.

Еңбек өтілі: Целиноград медициналық институты есептеу орталығының бастығы (1989-1990); Ақмола облыстық атқарушы комитетінің ІІБ, Астана қ. ІІБ жедел-техникалық қызметінің бастығы (1990-1999) т.б басшылық лауазымдарда қызмет еткен.

19 3 жыл бұрын (1821) орыс ренволюционері ПЕТРАШЕВСКИЙ Михаил дүниеге келді.

5 9 жыл бұрын (1955) американдық театр және кино әртісі, тележүргізуші Вупи ГОЛДБЕРГ дүниеге келді.

16 4 жыл бұрын (1850) шотланд жазушысы және ақын, «Қазына аралы» кітабының авторы Роберт Льюис СТИВЕНСОН дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар