Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуына байланысты Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 13 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері бойынша шұғыл отырысы өтеді. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров әлеуметтік желіде жазды.

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді
Фото: Ақорда

Жиын барысында Президент «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталуына байланысты мемлекеттің позициясын жеткізеді. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтау, ұлттық компания басшыларының жеке жауапкершілігі және еліміздегі стратегиялық маңызды кәсіпорындардың қызметіндегі заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударады.

«Самұрық-Қазына» қорының жұмысын реформалау, ұлттық компаниялардағы басқару құрылымын оңтайландыру, мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету және ҚТЖ-ның тариф саясатын өзгерту мәселелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі қызметінде бірнеше жылдан бері тұрақты көтеріліп келеді. Мемлекет басшысы әр жылдары түрлі жиындарда бұл құрылымдардың жұмысына қатысты нақты талап қойып, бірқатар міндет жүктеді. Президенттің мәлімдемелеріне хронологиялық шолу жасадық.