Самұрық-Қазына мен ҚТЖ: Президент сыны және соңғы оқиғалар

АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын реформалау, ұлттық компаниялардағы басқару құрылымын оңтайландыру, мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету және ҚТЖ-ның тариф саясатын өзгерту мәселелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі қызметінде бірнеше жылдан бері тұрақты көтеріліп келеді. Мемлекет басшысы әр жылдары түрлі жиындарда бұл құрылымдардың жұмысына қатысты нақты талап қойып, бірқатар міндет жүктеді. Президенттің мәлімдемелеріне хронологиялық шолу жасадық.

Самрук и КТЖ
Коллаж: Kazinform

Алғашқы тапсырмалар: теміржол тасымалы мен транзитті дамыту

Мемлекет басшысы 2019 жылдың 1 мамырында «Қазақстан темір жолы» компаниясының сол кездегі басшысы Сауат Мыңбаевты қабылдады. Кездесуде теміржол саласын жаңғырту, көлік-логистика жүйесін дамыту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Президент тиісті тапсырмалар берді.

2020 жылғы 26 ақпанда өткен келесі кездесуде жүк тасымалы мен контейнерлік транзит көлемін ұлғайту, отандық тауарлардың тасымалдағы үлесін арттыру және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері көтерілді.

Алғашқы ашық сын

2022 жылдың 11 қаңтарындағы Мәжіліс отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорының тиімділігіне күмән келтірді. Қор ұлттық байлықты еселеу міндетін орындап отыр ма деген сұрақ қойып, оның басқару шығындары мен директорлар кеңесінің жұмысын сынады.

- Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма? – деді Президент.

Ол қорды реформалау мүмкін болмаса, мұндай құрылымның экономикада болмағаны жөн екенін мәлімдеді. Сонымен бірге ұлттық компаниялардың сатып алу тәртібін қайта қарауды, бір көзден сатып алу негіздерін қысқартуды тапсырды.

«Қорды түбегейлі реформалау міндетін жүктеймін»

2022 жылдың 21 қаңтарында Президент ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, қорға қатысты сын-пікірін нақтылай түсті.

- «Саяси маңызы бар адамдарды» тағайындау, сатып алулардың тиімсіздігі, еңбек қатынасындағы дау-дамай, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы және тиімсіздігі, компанияны ұстап тұру шығындары – бұлардың бәрі қоғамның наразылығын тудырып отырған мәселелер, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сол кездегі қор басшысы Алмасадам Сәтқалиевке құрылымды түбегейлі реформалауды тапсырды. Мемлекеттік сатып алудағы бәсекесіз тапсырыстар мен бағаны көтеру мәселелерін шешуге бір ай уақыт берді.

Инвестициялық жобаларға ашық конкурс талабы

2022 жылдың 22 ақпанында Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезектен тыс отырысында Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тәртібіне тоқталды. Сол кезде қордың инвестициялық жобалар портфелі шамамен 3,5 трлн теңге болған.

- Бұдан былай барлық жоба ашық әрі конкурс негізінде халықаралық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылады, – деді Президент.

Ол әкімшілік ресурсты пайдаланып тапсырыс алған компаниялар артықшылықтары мен келісімшарттарынан айырылатынын ескертті.

ҚТЖ-ны ұлттық көлік-логистика компаниясына айналдыру

2022 жылдың 7 шілдесінде көлік-транзит әлеуетін дамыту жөніндегі кеңесте Президент «Қазақстан темір жолын» трансформациялау қажеттігін айтты.

- Қазақстан теміржолын ұлттық көлік-логистика компаниясы ретінде трансформациялайтын уақыт келді деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл өзгеріс ҚТЖ-ның міндеттерін кеңейтіп, компанияға Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін дамыту жұмыстарын кешенді түрде жүргізуге мүмкіндік беретіні де айтылды. Президент теміржол паркін жаңартуды, жолдарға күрделі жөндеу жүргізуді және отандық машина жасау саласын дамытуды тапсырды.

Теміржол тарифін қайта қарау

2024 жыл, 2 қыркүйек. Қазақстан халқына Жолдауында Қ.Тоқаев теміржол саласындағы тариф жүйесін қайта қарауды талап етті. Президенттің айтуынша, жаңа тарифтер теміржол желісін қалыпты жағдайда ұстауға және оның тасымалдау қабілетін арттыруға мүмкіндік беруі керек.

- Теміржол саласында реформа жасау үшін тариф жүйесі қайта қаралуы керек. Бұл – айдан анық нәрсе, – деді Мемлекет басшысы.

Сол кезде Президент ҚТЖ жүзеге асырып жатқан жалпы ұзындығы 1000 шақырымнан асатын үш ірі инфрақұрылымдық жобаны мерзімінде әрі сапалы аяқтауды да тапсырды.

«Қосшыдан басшы көп»

2026 жылдың 10 ақпанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев ұлттық компаниялардағы басқару құрылымына қатысты наразылығын білдірді. Ол «Самұрық-Қазына» мен бірқатар ұлттық компания басшыларымен бұл мәселені талқылағанын айтты.

- «Самұрық-Қазына» қоры және бірқатар ұлттық компания басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Менің ойымша, қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды, – деді Президент.

Осы жиында ҚТЖ-ның транзиттік тасымалды 2026 жылы 55 млн тоннаға дейін арттыру жоспарына қатысты да мәселе көтерілді. Қ.Тоқаев компания басшысының бұл межеге күмән келтіргенін атап өтті. Сонымен қатар ұлттық компанияларға цифрлық трансформацияны аяқтауды, барлық жүк тасымалдаушыға тең жағдай жасауды және вагон беруді толық цифрландыруды тапсырды.

Президент теміржол тариф саясатының жаңа тұжырымдамасы бойынша 1 қыркүйекке дейін түпкілікті шешім қабылдауды міндеттеді.

4 қарашада Премьер-министр Олжас Бектеновтің «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, қор мен оның еншілес компаниялардың басшыларын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мерзімін бұзғаны үшін сынағаны хабарланды.

Үкіметтің ресми хабарламасында қордың 69 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқаны, олардың жалпы құны 43,8 трлн теңге екені айтылған.

Айта кету керек, 2026 жылғы 11 қарашада ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті және басқа да адамдарды сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстады. Бұл туралы ҰҚК 12 қарашада хабарлады.